10.08.2023, 10:00
Оқылды: 134

Ауласын жүзім баққа айналдырған!

Үйінің ауласын жүзім бағына айналдырған оралдық Ерболат Қоспаевтың шаңырағына барған адам оның еңбегіне еріксіз таңдай қағады. Кейіпкеріміз Тәуелсіздік көшесіндегі 17 сотық ауласының сегіз сотық бөлігіне  жүзімнің 40-қа жуық түрін еккен. Үйінің шарбағына кіргеннен-ақ дәмі тіл үйіретін жүзімдер шырматыла самсап тұр. Ерболат Ахметкерейұлы жүзім  отырғызуды осыдан 25 жыл бұрын «Бос уақытымда айналысатын іс болсын» деген ниетпен бастаған екен. Бүгінде зейнеткерлікке шыққан соң бағбандықтың қыр-сырын меңгеріп, ампелографқа (жүзімнің түрі мен сұрпын зерттейтін маман) айналған. Жүзім бақтағы күнделікті атқарылатын жұмысты жұбайы Сәлима екеуі өзара бөлісіп алған. 

juzim (2)

– Шынын айтайын, бұрын бала күнімде облыс аумағында жүзім өсіруге болатынын білмедім. Өйткені өңірімізге жүзім Өзбекстан мен Ираннан тасымалданушы еді. Ал жабайы жидектерді көріп жүрдік. Олардың іші толған шаттауық болатындықтан, сүйсініп жей алмайсың.  Бірде, 1993 жылы болуы керек, жұмыстан шығып келе жатып шаһардың орталығындағы бір дүкенге кірдім. Дүкенде орыс әжей жүзім сатып тұр екен. Жемістер көзіме жылы ұшырай көрінді. Өйткені елімізге өзге мемлекеттерден тасымалданатын жүзімдер ағаш қораптармен сатылымға шығатын, ал бұл жүзімдер әжейдің шеті сынған шылапшынына салынған. Содан әжейден «Бұл жүзімдерді өзіңіз ектіңіз бе?» деп сұрадым. Шарбағына еккен жүзімдері екен. Немерелерінен ауысқанын сатылымға шығарып жүрген кө-рінеді. Көшеттерін де сатуға шығарған. Сол мезетте оларды сатып алуға ақшам аз болды. Жалақы екі аптадан соң түседі. Әжейге жағдайымды түсіндіріп, еңбекақы алған соң міндетті түрде жүзімнің көшеттерін сатып алатынымды  ескерттім. Ұмытпасам, әжейдің мекені Нариманов көшесіндегі №19 үй еді. Еңбекақымды алған бойда сол мекенжайға барып, жүзімді де, көшеттерін де сатып алдым. Әжей маған шыбықтарды қалай отырғызу керектігін, суарудың, күтіп-баптаудың әдіс-тәсілдерін түсіндіріп жіберді. Ол кезде 17 сотық жерімізде үйдің іргетасы ғана құйылған-ды. Әлгі көшеттерімді шарбаққа ектім. Уақыт өте өнім беріп, отбасымызбен мәз-мейрам болып жедік. Жүзімнің әр түрлі сұрпын Украинаның Луганскі қаласынан алдырып жүрдік. Өйткені Орал мен Луганскі қаласының ауа райы ұқсас. Қазір аталмыш елдегі ахуалды өзіңіз білесіз, импорттауды доғардық, – деді Ерболат  Ахметкерейұлы.

juzim (4)

Жүзім өсірудің, баптаудың өзіндік ерекшеліктері бар. Кейіпкеріміз көшеттерді отырғызғанда арасы 2,5 метр болуы қажеттігін және олардың еркін тамырлауы үшін 70-80 сантиметрге дейінгі тереңдікте жерді қазудың маңыздылығын айтты. Көшеттерді отырғызған соң көң мен қара топырақты араластырып көмген абзал. Бір ерекшелігі, жүзімдер көкөністер секілді көп суды қажет етпейді. Кей бағбандар жүзім көшеттеріне қызанақ, қияр, картоп секілді күнарата су құйып, тамырын шірітіп алатын көрінеді. Бірнеше жылдық жүзімдерді маусымына төрт рет, яғни айына бір рет қандырып суару жеткілікті. Себебі олардың тамыры тереңге кеткендіктен, жерасты су көздері арқылы шөлін қандырады. Бағбанның айтуынша, жүзімнің де түрлі аурулары, зиянкестері болады. Оның басты емі – жүзім бұтағының және жапырағының күлі. Яғни кейіпкеріміз бұтақтың артық өскіндерін кескен соң кейбірін жағып, оған су араластырып, тұнба дайындап, бұтаққа шашады.

juzim (1)

Бұл әдіс жүзімнің «сырқатын» емдеп қана қоймай, зиянкестердің жоламауына септігін тигізеді. Жеміс пісіп, өнім жинардың алдында кемі 30 күн бұрын жүзімді дәрі-дәрмекпен улауға болмайды. Жүзім бақтың иесіне мұндағы 40-қа жуық сұрыптың ішінен дарья, роздлинг, байканур, ризомат секілді түрлері ерекше ұнайды екен. Бұдан бөлек, кишмиш велес, каталоне, рош фор, эталон, мускат блау, атос, перголаның дәмдері де ерекше.

juzim (3)

Бұл бақтағы бір ерекшелік – мұнда жүзімдерге су жерасты суару тәсілі арқылы жіберіледі. Яғни жемістің тамырларын тікелей суару үшін бағбан әр бұтақтың түбіне арнайы тұрба орнатқан. Суды, тыңайтқышты тұрбаға ғана құяды. Егер суды топыраққа құйса, ол тамырына жеткенше жан-жаққа жайылып, ысырап болар еді. Сондай-ақ әр көшеттің түбіне резервуар есебінде қапшықпен қиыршықтас салған. Қиыршықтастың көмегімен тамыр өзіне қажетті суды ғана сіңіреді. Жерасты суару әдісін Ерболат Ахметкерейұлы Youtube желісінен  үйренген.

– Жүзім өсіру су мен тынымсыз еңбекті ғана қажет етеді. Бау-бақша баптауға ниеті бар кез келген адам жүзім баптауды тез-ақ үйреніп алады. Біз тұрғындарға жүзім технологиясы бойынша Dachnik_vinograd инстаграм желісі арқылы тегін кеңес береміз. Тамырларын қалай көміп, бұталарын қалай қию қажеттігін, су құю кестесін үйретеміз.

Жүзімнің артық өскіндерін қиып тұру керек. Әйтпесе, өнім аз береді. Instagram әлеуметтік желісінде күнделікті атқарған жұмысымызды, кеңесімізді салып отырамыз. Оқырмандарымызға «Сұрақтарыңыз болса, жазыңыз» дейміз. Жуырда Украинаның Баккалинский ауданынан бір тұрғын «Аюта сұрпы сіздерде пісті ме? Біздерде әлі піспей жатыр» деп жазып жіберген. Жүзім бұтағының «ауырып» тұрғанын жапырағынан-ақ білеміз. Егер жапырағы қызарып тұрса, жидекке темір, марганец, магний жетіспейді деген сөз. Ал сарғайса, азот жетіспейтіндігін білдіреді. Бір шелек суға бір ас қасық азот араластырып, жапырағына шашып жібереміз. Жапырақ бойына тыңайтқышты сіңіріп алған соң жүзім тәтті болып піседі, –  деді кейіпкеріміздің жұбайы Сәлима апай.

Мұндағы жүзімдердің дені піскен. Жүзіммен қоса, жас өскіндері мен көшеттерін де сатылымға шығаруда. Отағасы саналы ғұмырын инженерлік салаға арнап, ұл-қызының жоғары білімді маман болуына жағдай жасап, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отыр. Сондай-ақ Ерболат ағай алдағы уақытта осы ісін әрі қарай өрістете түсетінін, жүзімнің біздің өңірде өсуі қиын түрлерін көбейтіп, оларды будандастырып көру арқылы жаңа сұрыптарға қол жеткізгісі келетінін де айта кетті. Еңбекқор жанның ауласына еккен алма ағашы да өз жемісін беріп, жайқалып тұр. Мұндай көзтартар жүзім бақтың бейнеті де аз емес екенін бағамдаймыз. Дегенмен «Баптай білсең, жер жомарт» деген мақалды берік ұстанған ерлі-зайыпты бағбандардың бау-бақшадағы қарбалас жұмысқа бар жан-тәнімен кірісіп кететіні көрініп-ақ тұр. Алақандай ауласынан кәсіп бастап, қосымша табыс тауып жүрген Қоспаевтар әулетінің игілікті ісі «екі қолға бір күрек таппай», отбасын асырай алмай жүрген жандарға үлгі болса екен. Еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер, еңбекқор  жандар!

Біле  жүріңіз!

Жүзімнің пайдасы

Жүзімнің құрамында мидың қалыпты дамуына қажет дәрумендер өте көп. Түстен кейін қос уыс жүзім немесе жүзімнің бір кесе таза сығынды шырынын ішу денеге де, ми жасушаларына да өте пайдалы. Калория тұрғысынан 1 келі жүзім 1,150 грамм сүт, 390 грамм ет, 300 грамм нан және 1,200 грамм картопқа тең деп саналады. Бұған қоса, жүзімнің құрамында емдік қасиеті бар амин қышқылы, А және В дәрумені (В1, В2), калий, магний, кальций, силиций, йод, цинк, күкірт және маргенец секілді микроэлементтер де кездеседі. Жүзім адам ағзасының ауру-сырқауға қарсылық қабілетін (иммунитетін) күшейтеді, жүйкені тыныштандырып, терінің түлеуін жақсартады. Ол – сондай-ақ аллергия мен буындарда тұз жиналуының алдын алуға таптырмайтын жеміс. Жүзімнің құрамындағы табиғи фруктоза денедегі жұмсалатын қуаттың аз уақытта қайта қалпына келуін қамтамасыз етеді. Дәрумендер мен минералдарға қоса, жүзімде жүйке жасушалары үшін қажетті 15 түрлі амин қышқылы бар. Жүзім құрамындағы магний адамның тұтас ағзасына қоса, мидың да тынығуына ерекше әсер етеді. Ол бауыр аурулары мен анемияны емдеуде, құрамындағы жеміс қышқылдары (тартарик, малик, суксиник, фумарик, пирувик, гликолик қышқылдары) бүйрек пен ішек жүйесінің жұмысын реттеуде, қанның тазаруы мен майдың еруіне де көмектеседі. Әрі ағзаның вирустарға қарсы тұруын да күшейтеді. Жоғары калориялы болуымен қатар, құрамында өте аз мөлшерде май мен протеин болғандықтан, жүзім өте тамаша қорекке жатады. Құрғақ жүзімде су аз болатындықтан, оның калориясы өте жоғары әрі темір мен кальцийге өте бай. Тағы бір ескеретін жайт, жүзім қатерлі ісік ауруының алдын алатын қасиетке ие.

Гүлсезім Бияшева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале