Қоғам қайраткері, КСРО және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, қарымды қаламгер Ұзақбай Құмаұлы Рахматуллин 1943 жылы 22 тамызда Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданындағы №5 Көкат ауылдық кеңесінің аумағында өмірге келген. Әкесі Құма, анасы Биғайша қарапайым шаруа адамдары болған. Ұзақбай ағамыз Мұқыр ауылынан қазіргі Әліби Жангелдин атындағы жалпы орта білім беретін мектептің 7-ші класын бітірген соң білімін Жаңақазан ауылындағы С. Киров атындағы орта мектепте жалғастырды.
Осы оқу орнында Ұзақбай Құмаұлы Төлеген Мерғалиев, Ғабдірашит Қарменов, Нәсіпқали Дәулетов, Сартай Қадырқұлов, Қамыспай Төлеуғалиев, Қуаныш Ермек-қалиев, Ғұбайдолла Жәрдемов, Алма Жалмұқанова, София Күнтудаева, Гүлбар Бисенғалиева сияқты құрбыларымен бірге білім алды. Кейін осы замандастары ел басқарып, қайраткер атанып, ғылым саласында белсене еңбек етіп, барлығы да елге танымал абыройлы тұлғалар болды.
Ұзақбай ағамыз мектепте оқу озаты болып, қоғамдық қызметтерге де белсене араласыпты. Әсіресе қазақ тілі мен әдебиет пәніне аңсары ауған. Оқушы кезінде-ақ жазған өлең, әңгіме, мақалаларын қазақтың көрнекті ақыны Жанғали Нәбиуллин қызмет атқаратын аудандық газетке жариялатады екен.
Марқұм ауылдас інісі Оразғали Дүйсенов «Ұзақбайдың екі арманы болды, алғашқысы – әдебиет пәнін меңгеру, екіншісі – Софияға қол жеткізу, кейін екеуі де орындалды» деп әзілдейтін-ді.
Ұзақбай Құмаұлы Оралдың А.С.Пушкин атындағы мемлекет-тік педагогикалық институтын тәмамдағаннан кейін Фурманов (қазіргі Жалпақтал) ауданының Қараөзен ауылындағы мектепке мамандығы бойынша мұғалімдік қызметке орналасты. Ол кезде аудандық білім бөлімінің басшысы Кеңес Одағының Батыры Ахмедияр Құсайынов еді.
Көп ұзамай әдеби қарымы кең, қаламы жүйрік, бойында тума таланты бар жас маман тәжірибелі журналист Мәжит Ғұмарұлы Жаданов басқаратын «Коммунист» газетіне шақырылып, ауыл шаруашылығы бөліміне меңгеруші болып қабылданды. Ол кезде газеттің бөлім меңгерушісі аудандық партия комитетінің бюросында бекітілетін еді.
Осындай білімді де білікті, ілкімді жастар аты аңызға айналған Кенжебек Мендалиев сынды сайыпқырандардың қырағы көзінен қалыс қалған ба? Көп ұзамай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысының тікелей қолдауымен Ұзақбай Құмаұлы Фурманов (Жалпақтал) аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды.
Қайнаған жұмыс, қарбалас шақ, қауырт істер әлі отызға да толмаған жас жігіттің қиялына қанат бітірді. Сол кездерде ауданда атқарылған алуан істе жастардың көшбасшысы болған албырт жастың да қолтаңбасы қалды.
Сонау құм қойнауындағы мектептің 8-ші класында оқып жүрген осы жолдардың авторы қып-қызыл комсомол билетін Ұзақаңның қолынан алған еді. Тәжірибесі толысып, кемел жасқа келген азаматты партия ауданның «Қараөзен» кеңшарына партия ұйымының хатшылығына жіберді. Ол аса жауапты саланы он жыл бойы мінсіз атқарып, ар-ожданына қылаудай кір шалдырмай, қоғам мүлкіне саусағының ұшын тигізбей, адамның ала жібін аттамай, жұртшылықтың сый-құрметіне бөленіп, абырой-беделге ие болды.
Алматы жоғарғы партия мектебін бітіргеннен кейін Ұзақаң Жаңақала ауданына келіп, аудандық «Жаңарған өңір» газетінде, кейін аудан әкімдігінде қызмет жасады.
Фотода: Ұзақбай Құмаұлы өмірлік серігі София Қожақызымен
Жаңақала ауданы әкімдігінің ұжымы (ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдары)
Газеттің бас редакторы ретінде басылымды жанрлық жағынан байытып, түрі мен мазмұн ерекшелігін ұстартуға, ұжымға қабілетті, талантты жастарды тартуға басымдық берді. Белгілі облыс ақыны Аманжол Ғұбайдуллин, кейін редакторлық лауазымға шейін көтерілген ақын-журналист Өмірзақ Ақбасов Ұзақаңның тұсында шығармашылық қызметке келген-ді.
Ұзақаң он жылға жуық аудан әкімінің орынбасары қызметінде болып, нарықтық экономиканың өтпелі кезеңінде ауданның әлеуметтік саласын көтеруге бар күш-қайратын жұмсады. Сол бір қоғамның қилы-қилы, қиын-қыстау шақтарында бар ауыртпалықты бала кезінен бірге өскен Төлеген, Ғабдірашит, Қамыспай, Сартай сынды теңдестерімен теңдей көтеріп, халықты тығырықтан шығаруға орасан зор үлес қосты.
Ұзақаң 1969 жылы өзінің бала күннен бірге өскен құрбысы, медицина саласының орта буын маманы София Қожақызымен отау құрып, екі ұл, екі қызын өсіріп, екеуі отыз екі жыл жан сүйсінерліктей бақытты тұрмыста болды.
Қазір София Қожақызы – Аңсары мен Гүлмирасынан, Гауһары мен Исатайынан, Абзалы мен Жаннұрынан көрген немере-жиендерінен шөбере сүйіп отырған асыл әже. Өкінішсіз өмір болған ба? Гүлзадаларынан қаршадайынан қапыда айырылып қалды.
Ұзақбай Құмаұлы – естелік болып мақталып, халқының есінде ескерткіш болып сақталып қалған жан. Өзі өмірден өткеннен кейін арда азамат Тихон Әліпқалиевтің жебеуімен, зайыбы София Қожақызының демеуімен «Ізгі жүрек әуендері» атты жинағы жарық көрді. Аудан әкімдігі мен аудандық мәслихаттың шешімімен аудан орталығындағы бір көшеге есімі берілді. Редакцияның бұрынғы ғимаратына ұжымдастарының ұйғарымымен ескерткіш тақта ілінді.
Адалдықтың ақ туына дақ түсірмей, қарапайым қарағай жұртының жадында қалған қарымды қаламгер, ақтаңгер азамат туралы айтар ойымыз – осы, ағайын!
Закария Сисенғали,
ардагер-журналист,
Жаңақала ауданы