Біле жүріңіз!
Бірде қалмақтың Ахай ханын шабуда қазақтың үш жүзі атқа қонады. Қамалды қоршаған қазақтар айнала қоршалған тосқауылдарға батылы жетпей кідірістеген кезде, топ ішінен ақ құнанға жайдақ мінген бір бала айқайға басып қамал шебін бұза бастайды.
Оны көрген қалың қол бірден қамалға тап береді. Соңы Ахайдың ордасын талқандаумен бітеді. Қалмақтың мал-мүлкі қазақтар арасында үлеске түседі. Оның ішінде Ахайдың он бес жасар қызын Есет батыр түйенің қомына салып алып шыққан екен. Кезек қызға келгенде Шилібай батыр қызды қамалға алғаш шапқан жігітке беруді ұсынады. Батырлар арасында аз-кем талас туады. Бәрі қыздан үмітті. Қамалға шапқан жігітті ортаға алдырады.
Сонда жігіт тұрып: «Менің атым Ағатай. Жасым он сегізде. Руым - Жайық-беріш. Мен қызға таласпаймын, ағаларға бердім. Алайда болашақта келер ұрпақ атымды ұран қылса болғаны», - дейді. Көпшілік жас жігіттің сөзін құптайды.
Содан «Ағатай Жайықтың ұраны болған» деседі...
Зулхожа Шарафутдинов,
zhaikpress.kz