2023 жылғы 1 тамыздағы мәліметке сүенсек, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан шығып қалуына байланысты әлеуметтік төлем алушылардың саны 126,7 мың адамды құраған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, биыл 111,5 мың адамға төлем алғаш рет тағайындалған.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған жұмыскерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлем алады.
Төлем жоғалған кірістің 45%-ына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен төленеді.
Төлем тағайындау үшін жұмыстан босатылған жұмыскерге:
- eGov.kz порталында авторизация жасау;
- «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау;
- онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберу қажет;
- бір күн ішінде тұрғылықты жеріңіздегі мансап орталығы бос жұмыс орындарын ұсынады;
- егер жұмыс табылмаса, үш жұмыс күні ішінде қашықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі (қажет болған жағдайда сізге МО қызметкері қосымша ақпарат жинау үшін хабарласады);
Бұл қызметті онлайн Электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады.
Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәліметтер болған кезде Еңбекминінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-тан төлемді тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісу үшін мобильді телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.
Естеріңізге сала кетейік, МӘСҚ қаражаты есебінен жұмыстаншығып қалған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады және жұмыссыз адамға ол жұмыс іздеген кезеңде қолдауға арналған.