Аудандық мәдениет үйінде Жымпиты ауылдық округінің әкімі Мейрам Қайырғалиевтің халықпен кездесу жиыны өтті. Кездесуге аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов, аудандық мекеме, бөлім басшылары қатысты.

Мейрам Нұрмағанбетұлы алдыңғы екі тоқсанда жасалған жұмыстарды таныстырып, тұрғындардың талап-тілектерін тыңдады. Өткен кездесулерде халықтың сұрағаны «Балдырған» балабақшасының алдына автотұрақ орнату болатын. Бұл жұмыс маусым айында жасалды. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында «Қарасу» бағытынан бөгет қазу жоспарланып отыр. С.Датов көшесіндегі орталық базар алдына бордюр орнату мемлекеттік сатып алу порталына енгізілді. Саралжын ауылына ауыз су тарту үшін құрылыс жұмыстары басталды. Қаратаев көшесіне контейнер орнатылды. Ж.Молдағалиев, Асадуллин көшелеріндегі бес жердегі контейнер қоршаулары жаңартылды. Жымпиты-Орал бағытына қоғамдық көлік шығару үшін конкурс ұйымдастырылғанымен, ниет білдірген азаматтар болмады. Сондай-ақ, кейбір бағытқа мал бақташысы шықпай отыр, сол себепті ірі қара малын кезекпен бағуды ұйымдастыру қажет. Жымпиты ауылының Ж.Молдағалиев, Б.Момышұлы, С.Жонысов, Е.Сатаев көшелерінің жолдарына күрделі жөнду жұмыстары жүргізілуде.

Ауыл ақсақалдары Ысқақ Күрпілдесов Абай, С.Сейфуллин көшелеріндегі судың лайлығы, Зинедден Бисекенов мал моласындағы санитарлық талаптарды сақтау, Махмет Қажиахметов ауыл көшелеріндегі артық электр бағаналарын алып, ескі бағаналардың орнына орнату, Абай, С.Сейфуллин көшелерінің соңына дейін тротуар, жол салу, ауыл ішіне жүздеген мал бағуға тыйым салу, Ғилаж Қаналиев көше тазалығы, қора-жайларды жертелімінен асырып, рұқсатсыз үлкейтіп салу, Жымпиты-Орал бағытының жолаушы билеті құны 2000 теңгеге қымбаттауы, интернет жылдамдығының нашарлығы, стадионның жұмысын жандандыру, лицей ғимараты, басқа да көптеген мәселелерді ортаға салды.

Аудандық білім беру бөлімінің басшысының міндетін уақытша атқарушы Нұрбол Темірбековоқу құралын, мектеп формасын алуға көмек ретінде берілетін 40567 теңгенің кімге тиесілі екенін айтты. Оның айтуынша, АӘК алатын отбасылардың, күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балаларына, жетім қалған және төтенше жағдай орын алған отбасының балаларына беріледі. Мектептегі қамқоршылық кеңесте ата-аналардан түскен өтініш қаралып, көмек ақша алатыны бекітіледі. Бүгінде 389 балаға ақша аударылды. Аудан бойынша мектеп формасы мен оқу құралының көмегін алатын 1188 оқушының тізімі анықталды.
Кездесу жиынын қорытындылаған аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов:
– Интернет, байланыстың нашарлығына байланысты ауданға облыстық басқарма басшысы келді, ахуалды көтеріп, баяндадық. Стадионды кәсіпкерлермен келісіп, ат спортына арналған алаңға айналдырамыз. Лицейге жаңа ғимарат салу үшін кәсіпкер азаматтармен келіссөздер жүргізілуде. «QAZBILIM» мекемесінің басшысы ауданымызға келіп, лицейдің, Қ.Мырзалиев, Ж.Досмұхамедов атындағы мектептердің жағдайымен танысты. Такси бағасын күрт көтеру дұрыс емес. Халықпен, жергілікті билікпен ақылдасуы керек еді. Орал қаласына қатынайтын автобус шықпай отыр. Қыркүйек айында мемлекеттік сатып алу порталында үшінші ретконкурс беріледі. Конкурсқа түсуге ниетті азаматтар болса, лизингпен немесе жеңілдетілген несиемен автобус, газель көлігін алып беруге көмектесеміз, - деді.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz