Ауыз су тапшылығы жалпы әлем бойынша сезіліп отырған өте үлкен экологиялық мәселе. Өкінішке орай, ғаламдық мәселе біздің елді де айналып өтпейді. Еліміздегі ағын судың 45%-ы шет елдерден келеді. Мәселен, республикадағы су ресурсының 40%-ынан астамын құрайтын Ертіс, Іле, Сырдария, Жайық, Тобыл, Есіл жəне Шу секілді өзендер көрші Ресей, Қытай, Тəжікстан, Қырғыз елінен басталады. Осыдан барып су тапшылығы күн санап күшейіп, ел экономикасы мен оның экожүйесін дамытуға кері әсерін тигізіп, қоғамда əлеуметтік-экономикалық проблема мен шиеленіс туындап отыр.
Негізінен тұрмыстық тұтынуға ауыз су, өндірістік қажеттілікке техникалық су қолданылуы тиіс. Бірақ бізде олай емес. Үйде ішуге де, құрылыста, мәселен, «раствор» езуге де бір ғана тұщы су көзін пайдаланады. Кей ауыл тұрғындары комерциялық бағытта монша жағып, пайда табады. Сол моншаға да ауыз суды пайдаланатыны анық. Бұл мүлдем дұрыс емес. Осыдан келіп ауыз су жетпей жатыр деп байбалам саламыз. Проблеманың қайдан, неден туындап жатқанын білсек те, мәселенің түп тамырына үңіліп, іс жүзінде нақты әрекет жетіспей жатыр.
Ауыз су жетіспеушілігінің алдын алудың басты шарты – ол техникалық суды пайдалану. Техникалық су көздерін пайдалану арқылы ауыз суға үнем жасау Казталов ауданы бойынша да кенжелеу қалып қойған. Мысалы ауданымызда 16 ауылдық округ бар болса, оның тек үшеуінде ғана техникалық су құбыры жұмыс жасап тұр. Қалған 13 округтің тұрғындары бау-бақшаға да, мал суару үшін де, құрылысқа да ауыз суды пайдаланып отыр. Казталов ауданы әкімдігінің Казталов мемлекеттік коммуналдық шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорынның берген мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда Казталов, Жалпақтал және Ақпәтер ауылдарында ғана техникалық су бар.
Казталов ауылы бойынша техикалық су өтетін құбырлар тазартылып, олқылықтар қалпына келтірілген соң, биыл маусым айынан бастап қайта қолға алынды. Техникалық су Х.Жақып көшесі бойындағы, Қазталов аудандық электр торабы маңындағы және М.Әуезов көшесіндегі су мұнаралары арқылы беріліп жатыр. Аудан орталығындағы техникалық су сейсенбі, бейсенбі, сенбі күндері сағат 17:00-21:00 аралығында қосылады.
Жалпақтал ауылы бойынша да техникалық су негізгі үш бағыт бойынша беріліп отыр. Техникалық су тұрғындар қажеттілігіне және ауылдағы саябақтар мен абаттандырылған қоршаулардағы көшеттерді суаруға пайдаланылып келеді.
Аудан бойынша техникалық судың пайдасын көріп, кәдеге жаратып отырған ауылдың бірі – Ақпәтер ауылы. Ақпәтер ауылындағы техникалық су жүйесі 1990 жылы іске қосылған. Жалпы ұзындығы 21 шақырым жерасты су құбыры осы күнге дейін ауыл тұрғындарына қалтқысыз қызмет етіп келеді. Аталған техникалық суды тасымалдаушы су құбырлары қазіргі таңда ешбір мекеменің меншігінде болмағанымен, ауыл тұрғындарының өз күшімен жұмыс жасап тұр. Бүгінде ауылдың әр көшесінде орналасқан техникалық суды 80 пайызға жуық тұрғын аулаларына тартып алған. Су құбырындағы ақауды жөндеуге және су сорғылардың, су айдау құрылғыларының қалыпты жұмысы үшін тұрғындар ауызбіршілікпен қаражат жинап, техникалық судың қысы-жазы тұрақты түрде беріліп отыруын қамтамасыз етіп келеді. Ақпәтер ауылындағы су мұнарасының сыйымдылығы – 50 метр квадрат болса, полиэтилен су құбырының диаметрі – 100 мм.
Ақпәтер ауылдық округінің әкімі Төлеген Максимұлының айтуынша, техникалық суды ауылдың екінші жағынан айдау үшін қазіргі күні су мұнарасы, су айдағыш насос, құбырлар орнатылып жатыр. Электр желілері бойынша жұмыс аяқталса Ақпәтер ауылында техникалық су екі бағытта қатар беріледі.
Техникалық су құбырын іске қосу биыл Қараоба ауылында қолға алынған. Қараобадағы техникалық су ауыл шетіндегі көбікке дейін тартылмақ. Ол үшін бүгінгі күні 18 шақырым су құбырын жүргізуге жер қазылып, тұрбалар жалғанып жатыр.
Жансая Жұмажанқызы,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz