Бөрлі аудандық ауруханасы бүгінде тек бөрлілік науқастарды ғана емес көршілес жатқан аудан тұрғындарына да қызмет көрсетеді. Соның ішінде Шыңғырлау, Сырым және Қаратөбе аудандарынан келетін науқастар ем-дом қабылдайды. Алдағы уақытта көптің дертіне дауа табатын аурухананың аумағы да, ауқымы да артпақ. Сонымен қатар аудандағы кей ауылдық округтердің де медициналық мекемелері жаңғыртылмақ. Бұл ақжолтай жаңалықты Бөрлі аудандық ауруханасының директоры Алтынай Баймұратова хабарлады.
Аудандық ауруханада жанынан диагностикалық тексеруді және босану бөлімшесін кеңейту мақсатында қосымша ғимарат салынбақ. Қазіргі таңда жобаның сметалық құжаттамалары дайындалып жатыр.
– Батыс Қазақстан облысы бойынша 2023-2025 жылдарға арналған «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында инсульт орталығы, тері арқылы араласу орталығы, травматология бөлімі бар 154 төсек-орындық Бөрлі аудандық ауруханасын ауданаралық ауруханаға жаңғырту жоспарланып отыр. Жоба нәтижесінде аурухана 99877 адамға қызмет көрсетеді. Соның ішінде 55561 адам Бөрлі ауданыныкі болса, 13071 шыңғырлаулық, 17281 сырымдық және 14364 қаратөбелік тұрғындардың мұнда ем-дом қабылдауына мүмкіндік ашылады. Соның ішінде бүгінгі негізгі ғимаратқа қосымша консультативтік-диагностикалық және босану бөлімшесін салу жоспарға енгізілген, – дейді аудандық аурухана директоры Алтынай Кеңесбайқызы.
Одан бөлек ауданаралық ауруханада қосымша 29 төсек-орын орналастыру жоспарда бар. Соның нәтижесінде ІІ деңгейлі травматология, кардиологиялық орталық, босану бөлімшесі, жансақтау және қабылдау бөлімінде төсек-орын саны артады.
Жаңа ғимарат қандай болмақ?
Ауруханаға қосымша салынатын екі қабатта ғимарат мекеме қызметінің ауқымын кеңейтері сөзсіз. Себебі ғимарат салынып, қолданысқа берілген тұста консультативтік-диагностикалық орталық бірқатар қызметті атқарады. Соның ішінде МРТ, ангиографиялық жүйе, УДЗ, рентген мен клиникалық зертхана уақтылы тексеріс жүргізуге сеп болмақ. 1017 шаршы метрді талап ететін бірінші нысанда науқастарды тасымалдайтын жеделсаты орналастырылмақ.
Ал екі қабатты және жедел сатысы бар босану бөлімшесін салу үшін негізгі ғимаратқа қосымша 395 шаршы метр жер есептелген.
– Қазіргі уақытта жаңа құрылыстың жоба-сметалық құжаттарын дайындайтын мердігер мекеме анықталды. Мердігер «ГрадПроект» серіктестігі жоба-сметалық құжаттарын дайындау жұмыстарын биылғы жылдың аяғына дейін жүргізуді жоспарлаған. Ал құрылыс 2024 жылы басталады деп белгіленген. Айта кету керек, жоба аясында жүргізілетін жаңғыртуға қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді, – дейді аурухана директоры.
Маман тапшылығы мәселесі қалай шешіледі?
Мекеме аумағы ұлғайған сайын ем-дом қабылдаушы жандардың да артатыны анық. Ал оларға қызмет көрсететін маман табу оңай емес. Аудандық аурухана бұл мәселені шешуді қолға алған. Қазіргі таңда штаттық жетіспеушілік болмас үшін бірқатар жұмыс атқарылып жатыр.
Травматология, интервенциялық кардиология және басқа бөлімдер ашылған тұста ауруханаға қосымша 81 маман қажет болады. Оның ішінде 29,75 бірлік дәрігер, 26,75 бірлік орта буын қызметкері мен 20 кіші қызметкер керек. Нәтижесінде ауданаралық аурухананың жалпы штаттық бірлігі 801,25-ті құрайды деп жоспарланған.
Бөрлі аудандық ауруханасын ауданаралық ауруханаға қайта бейімдеу үшін қосымша штат және мамандарды тарту керек. Соның ішінде түрлі мамандықта 29 маман қажет. Мәселен, екі невролог, бір нейрохирург, анестезиолог-реаниматолог, травматолог, терапевт, акушер-гинеколог, кардиолог секілді бірнеше медицина қызметкеріне жұмыс көзі ашылады.
Бүгінде ауданға мамандарды тарту үшін облыстық бюджеттен 55 оқу гранты бөлінген. Алдын ала 22 дәрігер қажетті деп саналған 29 мамандықтың резидентурасына оқуға түсуге ниет білдірген. Оның төртеуі Бөрлі аудандық ауруханасының мамандары. Мамандарды тарту мақсатында аурухана басшылығы сондай-ақ республикадағы алдыңғы қатарлы медициналық оқу орындарында кездесулер өткізген. Соның ішінде 2023 жылғы түлектер, интерн және резиденттермен кездесіп, жұмысқа тартуды ұйымдастырды.
Ауыл медицинасына да көңіл бөлінеді
ҚР Үкіметінің «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» атты пилоттық жобасы аясында аудандағы бірқатар ауылдың медициналық мекемелері жаңғыртылмақ. Соның ішінде биыл Аралталда дәрігерлік амбулатория, Ақсу, Жаңақоныс және Облавка ауылдық округтерінде медициналық пункт, ал Қарағанды ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт салынады.
Ал 2024 жылы Ақбұлақ ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы жүргізілсе, Қарақұдықта медициналық пункт салынады.
– Аралтал ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның құрылысы төрт айға жоспарланған. Жалпы құны 375 млн 192 мың теңгені құрайтын жоба құрылысын «Фирма ИСКОМ» серіктестігі жүргізіп жатыр. Ал Қарағандыдағы фельдшерлік-акушерлік пункт, Жаңақоныс, Ақсу, Қарағанды мен Облавкада медициналық пункт салуға жоба-сметалық құжат дайындалып жатыр, – дейді Алтынай Кеңесбайқызы.
Аслан Нұразғали,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz