Орал қаласындағы Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің өкілдері Казталов ауданына жұмыс сапарымен келді. Келген қонақтарды аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айша Әбішова және бір топ аудан жасы қарсы алып, ауыл дәмін ұсынды.
Ауданға ат басын тіреген аталмыш оқу орнының ұжымы Достық саябағында жастармен кездесу өткізіп, университеттің мол мүмкіндігімен таныстырды. Робототехника бойынша көрмеге танымдық техникаларды ұсынып, оларға жеткіншектер мен балалар аса үлкен қызығушылық танытты.
Жастармен кездесу барысында сөз алған университет ректоры Әліби Баяхов ауданның жастарын жетекші университетте білім алуға шақырды.
Оқу орнының жеткен жетістіктеріне тоқталып, университеттің бүгінгі таңда жаңашыл студенттер үшін зияткерлік білім алаңы болып отырғандығын тілге тиек етті. Өз сөзін «Казталов жастары жасасын!» деген жалынды тілегімен аяқтаған ректор, аудан әкімінің атына жазылған алғыс хатты табыс етті.
Жиынға қатысқан аудан әкімінің орынбасары З.Мәжитова жоғары білім ордасы ұжымына аудан халқы атынан зор алғысын білдіріп, кәдесый ретінде ауданның жеті кереметі бейнеленген композицияны сыйға тартты.
Аудан жастарымен кездесу одан әрі топтық флешмобқа ұласып, кешкі заманауи әндер аясында жас жеткіншектер көңілді би биледі.
Шара барысында белсенділік танытқан жастарға сыйлықтар берілді. Университет жайындағы ақпараттық қағаздар үйлестірілді. Кездесу соңы әдемі от шашумен аяқталды.
Жансая Жұмажанқызы,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz