16.08.2023, 14:30
Оқылды: 134

70 шөбересі бар: БҚО-да 100 жасқа толған батыр ана тұрады

Ғасыр куәсі

 

Бүгінде 90 жастан асқан әжелер туралы аз естиміз. Ал ғасырлық ғұмыры бар ғазиз аналардың әлі күнге дейін бата беріп, ел тыныштығын тілеп отырғанын естісек, ерекше қуаныш сезімге бөленетініміз рас. Ақсайлық Сәбира Янгушакованың 100 жасқа толған туған күнінде Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсанов арнайы барып құттықтаған еді.

 IMG-20230811-WA0005

Бала Сәбира

 

Әлқисса...Өмірінің алғашқы мүшелі бала Сәбира үшін ауыр басталды. Енді ғана оңы мен солын танып келе жатқан балдәурен балалық шағы 1930-1933 қазақ тарихындағы ең зұлмат кезең - ашаршылықпен тұспа-тұс келеді. Кейін отбасы қара жамылып, Сәбира анасынан айырылып қалады. Әйтсе де әкесі мен екі бірдей ағасы Сәбираға демеу бола білді. Енді еңселерін тіктеп келе жатқан отбасының шырқын Ұлы Отан соғысының басталуы бұзды. Өкінішке орай, ауылдағы барлық еркек кіндік атаулыны майданға аттандырғандарда ішінде Сәбираның да екі бірдей ағасы бар еді. Ал сол кездегі 18 жасар бойжеткен Сәбира болса, «барлығы майдан үшін деген» ұранмен күннің аптап ыстығы, ызғарлы суығына қарамай тылда еңбек етеді.

 

Бойжеткен Сәбира

Майданға жарайтын, қолына қару ұстай алатын азаматтардың барлығын әскер қатарына шақырған соң, ауылда тек қыз-келіншектер мен жасы жеткен, егде жастағы ер адамдар қалғаны белгілі. Олардың да бірі таяққа сүйеніп әупірімдеп әрең жүрсе, енді бірінің көз көруі нашарлаған. Сондықтан егін орып, комбаин айдауға Сәбираның қатарластары отырды. Ал сол жылғы астықтың шығымын көрсеңіз. Таң қалар едіңіз. Бәлкім, құдай да ұрыс даласындағы солдаттарға көмектескен шығар. Колхоз «комсомолдың қыздары» деген бей-ресми атау берген Сәбира мен оның қасындағы төрт қыз таңның атысы, кештің батысы егін орады. Осылайша тылда туған жері үшін тер төкті. Күндердің бір күнінде комбайнға отырып, өздеріне белгіленген егін алқабын оруға бара жатқан бес қыздың басына құдды қара бұлт үйіріліп, тас төбелерінде тұрғандай күй кешеді. Онсыз да қайғы-қасіреттен жандары жүдеп жүрген оларға әскери комиссариаттан хат келіп, онда майданда жараланған солдаттарға медициналық көмек көрсету  үшін әскер қатарына шақырылып жатқандықтары жазылады. Міне, көзден жас емес, «қан» аққан кез осы кезде басталады. Бірақ та майданға аттануға әзірленіп жүрген олар көп ұзамай соғыстың аяқталғанын естиді. Ауыл халқы абыр-сабыр күй кешеді. Бір отбасындағы майданға кеткендер қайтіп оралып жатса, енді бір шаңырақ қара жамылды. Күндер өтсе де Сәбираның екі бірдей ағасы орала қоймайды. Сонда да жолдарын тосып, олардың да шаңырағында той болатын күнді асыға күткен Сәбира үмітін үзбейді. Соғыс біткеннен бір айдан соң, Сәбира екі бірдей қара қағаз алады...

Ана Сәбира

Қайғы мен қуаныш, жақсылық пен мұң тек бір ауылда емес, барша Кеңес одағының құрамындағы елдерге тән көрініс еді. Жеңіс туы желбірегеннен кейін ел еңсенін тіктеуге міндетті болды. Құлдыраған колхозды тұрғызу жалпы ауыл тұрғындарының мақсатына айналады. Сол соғыс біткен жылы Сәбира тұрмысқа шығып, бір шаңырақтың келіні атанады. Бектен Янгушаковпен отау құрып, өмірге бес ұл, бес қыз келді.

IMG-20230811-WA0008

 

Батыр Сәбира

Бір қарасаңыз ана - Сәбираның өмірі жақсарған сияқты көрінеді. Балаларды аяққа тұрғызу үшін тағы сол комбайн айдап, көктемгі мал төлдейтін суықты күндері сақман маусымында жүрді. Колхоздың малы тұратын ұзын қорасын майлап-сылауға да Сәбира бір кісідей атсалысты, бала күтуші, сауыншы болып еңбек етті. Бір сөзбен, жұмыс талғамады. Ол кезде Янгушаковтар отбасы (1963 жылы) көршілес Шыңғырлау ауданы Белогор совхозына қоныс аударған болатын. Он баланы дүниеге әкелген батыр анаға Москва қаласынан Жоғарғы кеңестің грамотасы берілді. Ауданға келген студенттік отряд көпбалалы әрі үлгілі отбасыға баспана тұрғызып береді. Балаларының алды мектеп бітіріп, кейінгілері әріп үйренер шақта отбасы асыраушысынан айырылады. Сөйтіп он баланы өсіріп жетілдіру ана Сәбираға жүктелді. Балаларының жұмыс бабымен 1998 жылы Ақсай қаласына қоныс аударды.

Ғұмыр - дария

Расында, Сәбира әженің бір басына жетерлік ауыртпалығын, көрген қиыншылығын бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес. 100 жасқа келсе де кейуана сонау соғыс жылдарындағы ел өткерген қиыншылықты көзіне жас алып еске алды. Ал екі ағасының майданнан оралмауы батыр әженің мінезін қайрай түскендей көрінді. Қалай десек те, бір ғасыр ішінде ұлт тарихындағы қаншама оқиғаларға куә болған қариялардың өнегелі өмірі – бүгінгі ұрпаққа үлгі.

IMG-20230811-WA0006

Бір кітапқа арқау болар өмірінде өз перзенттеріне берген тәрбиесі бір бөлек. Олай дейтініміз, өмірдің қиындықтарына қарсы тұрып, ауыр жүкті арқалай білген жанның мінезі де қатаюы керек еді. Жоқ, Сәбира әже үй шаруасына балаларын көп араластырмай, өзі жасаған. Күні кешегі 97 жасына дейін көрпе тігіп, шұлық тоқып, тіпті өзі сүйсіне жейтін тамағын да пісіріп алатын. Ондағысы балаларым мен көрген қиындықты көрмесе екен дегені шығар...

IMG-20230811-WA0010

- Анамыздың ұзақ жасауының басты сыры – барға қанағат, жоққа сабыр ете білгендігінде шығар. Анамыз әлі күнге дейін адал болуды ұрпақтарына өсиет етіп келеді. Нанын еңбекпен тауып, өмір бойы шүкірлікпен келе жатқан жан. Көпбалалы болсақ та біз еркін өстік. Үйде жүргенде қораға барып, сиыр сауып көрмеппіз. Ауыр жұмысты да анам өзі жасайтын. Тұрмысқа шыққанда да айтар ақылы біреу болды. Ол - шаңырақтағы сыр сыртқа шықпауы керек. Анамыздың осы қағидасынан кейін шығар, оны ұятқа қалдырмауға тырыстық. Анамыздың 50 жасында әкеміз өмірден өтті. Отбасын асырау, балаларды жеткізу тағы анамыздың мойнында болды. Бірақ бізді ешкімнен кем қылмай өсірді. Қазір балаларынан екі ұлы және төрт қызы қасындамыз. Кенже бала-келіні Мұрадым мен Гүлзияның қолында тұрады. Бүгінде анамыздың көрген қиындықтарының барлығы артта қалып, азаттықтың ақ таңында он перзентінен тараған 32 немере 70 шөбере, 4 шөпшекпен бақытты ғұмыр кешуде, - дейді қызы Фарида Исакулова.

Иә, әженің қолындағы келіні Гүлзияға айтар алғысы зор. Қасынан бір елі жібергісі жоқ. Оған біз сұхбат алу барысында куә болдық.

- Бағым күшті. Аппақ етіп қарап отыр. Кішкене құлағым естімей қалғаны болмаса... Сол жақсы қарағанның арқасында денсаулығым жақсы. Кейде үйге келген дәрігерлер «бірде бір есепте тұрмапсыз» деп таң қалады. Өмірдің ауыртпалығына қарамастан мен өзімді бақытты анамын деп санаймын. Бүгінде құраным қойнымда, иманым аузымда. Бірауыз батамды алу үшін келетіндер көп. Менің берген батам «қабыл болады» деп жатады. Алдымен елдің тыныштығын, амандығын тілеймін. Біз көрген қиындықты келер ұрпақ көрмеуі керек, - деп ғасыр жасаған әже бізге де батасын берді.

IMG-20230811-WA0000

 

Айым Нұрғалиева,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале