20.08.2023, 14:33
Оқылды: 55

«Абай мұрасы – халық ұлағаты»

Жуырда осындай атаумен Үлкен Шаған ауылдық клубы және ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен танымдық кеш өтті.

IMG-20230816-WA0026 (1)

– Қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыз – Абай Құнанбайұлын ұлықтау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. 10 тамыз – Абай күні деп бекітілді. Мектеп оқушыларының барлығы дерлік ақын өлеңдерін жатқа біледі. Ұлы кемеңгер ойшылдың әрбір сөзінде тәлім-тәрбие, терең мән-мағына бар. Ол ешқашан ұмытылмайды, – деді клуб басшысы Артур Мерғалиев.

Содан кейін ауыл намысын аудандық сайыстарда жиі қорғап жүрген өнерлі оқушылар сахнаға шықты. Тілекқабыл Ермек «Көзімнің қарасы...» әнін шырқаса, Зере Әбу, Эльдана Тастембек, Думан Жүсіп және Әлижан Әбу Абай өлеңдерін нақышына келтіре жатқа оқыды.

IMG-20230816-WA0027

Ардагер ұстаз, 40 жылдан астам уақытын шәкірт тәрбиелеуге жұмсаған Меңзипа Қаматаева Абайдың өмірі мен шығармашылығына кеңінен тоқталды. «Абай жолы» роман-эпопеясындағы кейіпкерлер жөнінде көсіле әңгімеледі.

Қатысушылар Абай шығармашылығына қатысты мәліметтер топтастырылған көрмемен танысып, кеш соңында кемеңгер тұлғаға арналған бейнебаянды тамашалады.

 

Эльбрус Қарекенов,

Үлкен Шаған ауылдық кітапханасының

кітапханашысы

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале