21.08.2023, 12:00
Оқылды: 175

Үбі деген ер болған

Үбі Үсеұлы кешегі Исатай-Махамбет көтерілісінің ортасында жүрген батырлардың ішіндегі жүректі де білекті батырлардың бірі.

жп

Үбінің әкесі Үсе Төлегенұлы Есенғұл Беріш руының старшыны болған адам. Төлегеннің әкесі Отарбай кешегі Сырым батыр қозғалысының ортасында жүрген нағыз ер жүрек адам болған деседі. Ол туралы деректік құжаттар әсіресе, халық жырларында айтылатын «От аттылы Отарбай» осы Үбінің арғы атасы. Үбі батырда, оның әкесі Үсе де Орда қозғалысында бірден халық жағына шығады. Оған себеп әкелі баланың қазақтың ауыр тұрмысын байыптап, елдегі етек жайған әділетсіздікке қарсы шығуы еді. Олай дейтініміз тарихи деректер растағандай елдің ауыр тұрмысы туралы хан Жәңгірге хат жазған үшеудің Исатай, Тінәлі мен Үсе Төлегенұлының мөрлері басылған құжаттың сақталуы еді. Бұл 1835 жыл болатын. Кейінгі Орал әскері атаманы полковник Покотиловке ішкі рулар мен тайпалар старшыны атынан арыз жазған жеті адамынның арасында осы Үсе Төлегенұлы да бар. Бұл - 1836 жыл. Жоғарыдағы шағым хаттар көбіне Ордадағы әділетсіздікке қарсы Қарауылқожаны орнын босату, жер мәселесі және алым салықты жеңілдету, тағы басқа жа мәселелер жөнінде болды. Үбі батырдың аты алғашқыда 1827-1829 жылдардағы Орда да болған Қайыпқали сұлтан қозғалысы кезінде аталады. Соған қарағанда батырдың күрескерлігі өзгелерден тым ерте басталса керек. Ел әңгімелері Үбі батырға жастайынан тең келер боз бала болмаған, асау жүректі, әрі епті Үбі өз ортасында құрдастарынан оқ бойы озық жүрді деседі. Ол туралы ел әңгімесі жас Үбінің Жасқұсты қоршаған тұста Ордаға қыр көрсетем деп, ор текедей атын орғытып жүргенде байқамай орыс әскерінің қолына түскенін, ал орыс солдаттары оның маңдайына темір крест соғып жібергенін айтады. Одан кейінгі тағдыры Оралға айдалып, одан Финляндияға жер аударылып бара жатқанда жолда күзетті ұрып жығып, қайта Ордаға келгені аңыз аралас шындықтың бір ұшы ғана. Ордаға келген бетте Үбі батыр бірден Исатай-Махамбет құрған жасақтың Есенғұл-Беріш қосын басқарады. Ал әкесі Үсенің тағдыры өзгеше, ол Тастөбе соғысынан кейін, Теңіз бойына барып Қарауылқожаны қарауылдап жүргенде, оның қолына түседі. Ол шамамен 1837 жылдың желтоқсан айының басы болса керек. Содан Оралға айдалып әскери соттың шешімімен «І дәрежелі мемлекеттік қылмыскер» ретінде 1000 дүре соғылып, Сібірге жер аударылады. Одан кейінгі өмірі белгісіз. Ал Үбі батырға тағдыр өзгеше сый арнады. Ол Тастөбе соғысында Исатай-Махамбеттермен бірге қаша ұрыс салып жауынан құтылады. Содан 1837 жылдың 26 қарашасында Қаныш моласы жанындағы кеңесте болады. Үбі батыр басқаны айтпағанда жан беріп жан алысқан Тастөбе мен Қиыл өзені бойындағы соғыстың бел ортасында болған адам. Ол болып қана қоймай сол соғыстарда жауына жай оғындай жасын төккен, жеңіліс тапса да жасымаған қайта керісінше қайратқа шақырып, ер жүрек  күрескерлік танытқан тұлға. Айталық, Ақбұлақ даласындағы соғыста Исатайдың аты оққа ұшып, батыр атсыз қалғанда өзгелерден бұрын «жолыңа мен құрбан» деп батырға атын тосқан осы - Үбі батыр екенін тарих ұмытқан жоқ. Ол туралы халық жырында:

«...Жығылған аттан жылдамдап,

Суырып алды аяғын,

Тізесін батыр бүгеді,

Саржасын жауға тігеді,

Қасында жүрген жолдасы,

Қожахмет, Үбі еді,

«Ой бауырым»- деп, екеуі,

Атына қамшы мінеді.

Жолдасы өзге қайырылмай,

Бастарын қорғап қашады,

Шауып келіп, ер Үбі,

«Мен өлейін сен кет» деп,

Батырға атын тосады» деп жырлайды. Неткен бауырмалдық! Неткен жүректілік десеңші! Үбі батыр ғұмыры бүгінде жұмбақ. Ел әңгімелері қайда ерлік болса, Үбі батыр аты қатар аталады. Қайда халықтың кегі алынды сонда Үбі батыр есімі. Бұл не аңыз ба, әлде ақиқат па? Кешегі халық талауына түскен Жәңгірдің өлімінде де Үбі батыр есімі аталады. Бұл Үбіні қолдан көтермелеу ме, әлде, әңгіме шындығы солай ма? Қалай десек те Үбі батыр есімі халықтың қорғаушысы ретінде, жақсылықпен қатар жүретіні шындық. Турасын айтқанда Үбі батыр соңына түсіп іздейтін, бүгінгі ұрпақтың адамы, ол тарихи тұлға!

Зулхожа Шарафутдинов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале