21.08.2023, 17:46
Оқылды: 42

Бөрлі ауданында кәсіпкерлер көбейіп келеді

Бүгінгі нарыққа жаңа мамандықтар күн өткен сайын қосылып жатыр. Жаңа технологияны меңгерген жастар бүгінде бірнеше кәсіппен шұғылдана алады. Мемлекеттің көздеп отырғаны сол. Бір ғана «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға» арналған ұлттық жобасы аясында жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік грантты 49 бөрлілік алса, оның төртеуі   мүгедектігі бар жан екен. Соңғысына кеңірек тоқталар болсақ, қайтарымсыз грант кембағыл жандардың екеуіне мал шаруашылығын дамыту үшін, біреуіне тігін цехын ашу үшін, тағы біріне автокөлік кондиционерлерін қайта толтыру  кәсібін бастау үшін берілген. Сөйтіп жалпы бизнес идеяны жүзеге асыруға 4 225 800 теңге қаражат бөлінген.

Бөрлі ауылының тұрғыны Тойдық Қожахметова  анасы үйреткен кәсіптің шебері. Ол қазір тігін цехын ашып, өз кәсібін бастап жатқандардың бірі. Бір қызығы кейіпкеріміз бұл бизнесті жас кезінде емес, қазіргі 56 жасында бастады. Барлық кәсіпкерге тән күдік, күмән басым болғанымен, бала кезден бері бұлқынған өнер жарыққа шығуға ұмтылып, Тойдық Исақызының үмітін оятады. Шеберге мемлекет те көмекке келді.

- Тұрмысқа шыққаннан соң, балалар дүниеге келді. Ата-енемізбен бірге тұрдық. Ол кезде тіпті бизнес ашамын деген ой болмайтын. Бірақ бала кезден сурет салғанды ұнататынмын. Мектепте қабырға газеттерін шығарып жүретінбіз. Фотодағы суреттерді айнытпай, көшіре салатынмын. Жаңа жыл мерекесіне орай мектептегі плакаттарға мультфильм кейіпкерлерін салып беретінмін. Кейін сурет салуды қойып кеттім. Анамыз барлығымызға жүн жіптен шұлық тоқитын. Кейін есейе келе бізге де үйретті. Үйде жеті қыз едік. Барлығымызда анамыздан тоқуды үйрендік. Кейін қызығушылығым артып, кітаптардан қарап жейделер тоқи бастадым. Жәй тоқымай түрлі оюлар салып әсемдеп қоятынмын. Кейін келе бірнеше сым түрлерімен тоқуды үйрендім. Бірақ тігу жаныма жақын еді. Анам өзінің қол тігін машинасын тек маған ғана сеніп тапсыратын. Өзі бізге түрлі көйлек, алжапқыш тігіп беретін еді. Сол бала күнімде басталған хобби бүгінде бизнесіме айналып отыр, - дейді Тойдық Исақызы.

Хоббиді бизнеске айналдыруға болатындығын және ол үшін мемлекет қолғабыс беретінін кейіпкеріміз таныстарынан естіген. Сонда да жүрек түбінде үміттен қарағанда күдік басым болады. Дегенмен тәуекелге бел буып, арнайы комиссия отырысында бизнес жоспарын таныстырады. Сөйтіп Тойдық Қожахметованың жоспары өзгелерден үздік шығып, 877 000 теңге грант ұтып алды.

- Әрине басында сенбедім. Таңғажайып күйде жүргенім рас. Өйткені бұған дейін өмірімде жерден бір ақша тауып алып көрмеппін. Мемлекетке мұндай қамқорлығы үшін алғыс айтамын. Аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға осындай қолдау жасау арқылы, олардың тұрмысын жақсартуға зор көмек деп білемін. Ол қаражатқа құрал-жабдық алдым. Тапсырыс жаймен түсіп жатыр. Болашақта тігін цехының көлемін үлкейтіп, өзім сияқты мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс бергім келеді. Қазір арнайы курста білімімді жетілдіріп жатырмын. Идея көп. Әзірше сапалы матадан төсек жапқыштар, сыпыралар тіксем деймін. Кейін сөмкелер, жастық, жұмсақ ойыншықтарды да тіккім келеді, - дейді Тойдық Исақызы.

Ақсайлық Еламан Құрбанбаевтың да кәсібі сонау бала кезден негізі қаланған. Кішкентайынан техниканың «тілін» меңгеруге қызығушылығы артып, үйдегі істен шыққан құрал-жабдықтардың барлығын ашып, ішін «түгендеуден» басталды. Орта мектепті аяқтаған соң миханик мамандығын меңгереді. Сөйтіп Ақтөбе қаласынан біздің ауданда көп кездесе бермейтін, автокөлік кондиционерлерін толтыру кәсібін ашады.

- Жаңа автокөліктегі кондиционердің өзін үш жылдан кейін жаңарту керек. Сондықтан менің бизнесім қазіргі нарықтағы сұранысқа сай деп айта аламын. Әрине маусымдық бизнес, десе де жақсы табыс алып келіп жатыр. Одан өзге мен автоэлектрик жұмысын да жасаймын. Әрине, бизнесімді үлкейткім келеді. Оның ішінде кондиционерлерді жөндеп, толтырып, жалпы толығымен қызмет көрсететін орын ашқым келеді. Әзірше оған қаражатым жеткіліксіз. Ал мемлекет берген 1 200 000 теңгеге қажетті құрал-жабдықтар алдым. Бұл менің осы бизнесімді бастауға зор септігін тигізді, - дейді Еламан Қалмұханбетұлы.

Осылайша биыл кәсіптерін бастаған қос кәсіпкер де  «Кәсіпкерлікті дамыту 2021-2025 жылдарға арналған» ұлттық жобасы аясында қайтарымсыз грант алған. Сала мамандары аудандағы Мансап орталығына 46 мүгедектігі бар тұрғын жолыққандығын айтады. Соның ішінде 25 адам жұмыспен қамту шараларына қатысса, 14 адам тұрақты жұмысқа, 10 адам  қоғамдық, ал бір адам әлеуметтік жұмыс орнына жолданған екен.

Аудан бойынша жыл басынан мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарының квотасы белгіленді. Белгіленген жұмыс орындар саны – төрт. Атап өтетін болсақ, мүгедектігі бар адамдар «Бөрлі ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне - бір, «Интеграл» жастар қоғамдық бірлестігіне - бір, «Бөрлі ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі» мемлекеттік мекемесінің жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне - бір, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының Халыққа қызмет көрсету бойынша Бөрлі ауданының бөліміне – бір адам жұмысқа орналасты, - дейді орталық маманы Әсел Жұмағалиева.

Оған қоса мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыруға арнайы жұмыс орындарын ұйымдастыру үшін 1 035,0 мың теңге қаражат бөлінген. Субидиялар жұмыс берушілерге арнайы жұмыс орындарын жарақтандыруға арналған жабдықтарды сатып алуға, монтаж жасауға және орнатуға, мүгедектігі бар адамдарға жалақы төлеуге жұмсалған шығындарды өтеу мақсатында беріледі.

Айым Нұрғалиева,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале