Біле жүріңіз!
Оралда кеңестік билік жолында идеялық тартыс күшейю себебі, біріншіден, өңірдегі тап тартысының күшейуі болса, екіншіден, жергілікті билік үшін талас, үшіншіден, жұмысшы пролетариатының жоқтығы, төртіншіден, маркстік-лениндік идеяларды таратушы большевиктік өкілдердің азшылықта болуы еді.
Алғаш құрылған Орал губерниялық революциялық комитеті әлсіз болды. Осы тұста өңірде облыстық Ревкомнан өзге Орал қаласында «Облыстық кеңестік» билік, Орал казактарының «Әскери үкіметі» және «Батыс Алашорда» үкіметі билігін жариялап жатты.
1918 жылдың 15 қаңтарында Оралда өткен облыстық шаруалар сиезінде өңірде Кеңес билігін жариялаған алғашқылар еді.
Өйткені, Шаруалар сиезі алғашқылар сапында кеңес билігін мойындау, жаппай қарусыздану, жергілікті жерлерде кеңестің атқару биліктерін құру секілді мәселелерді қарады.
Алайда сиезге иелік еткен большевиктер аталған мәселелерді қарауда нақтылық танытпай, оның соңы бейтараптық саясатқа әкелді.
Кейінгі 1918 жылғы 18 науырызда өткен облыстық Кеңестер сиезі, Шарулар сиезіне қарағанда нақты шешімдер алып, облыстық атқару комитетінің президиумын жариялап, өңірдегі «Әскери үкімет» пен «Батыс Алашорда үкіметін» контрреволюциялық күш ретінде тарату мәселесін төтесінен қойды. Бұл шешімге қарсы контрреволюциялық күштерді қарулы көтеріліске шақырған Орал казактарының «Әскери үкіметі» 1918 жылдың 29 наурызға қараған түні Орал қаласында төңкеріс жасап билікті қолдарына алды.
Нәтижесінде облыстық кеңестің бір топ белсендісі П. Дмитриев (төраға), Д. Колостов, З. Половников, П. Нуждин, П.Червяков, С. Пужалин, П. Морозов, И. Быков, А. Алмазов, Ф. Неусыпов және басқалар түрмеге жабылса, өзгелері бас сауғалап қашуға мәжбүр болды.
Зулхожа Шарафутдинов,
zhaikpress.kz