Казталов ауданы Қарасу ауылдық округіне қарасты Жұлдыз ауылында Кеңес Одағының батыры Ахмедияр Құсайынов атындағы білім ордасы бар. Кезінде батыр атамыздың өзі қызмет жасаған мектеп қимараты ескіріп, «апатты» деп танылғалы біраз жылдың жүзі өтті.
Іргесі сөгілмеген, әлеуеті мен даму қарқыны жоғары Жұлдыз ауылына жаңа мектеп салу күн тәртібінен түскен емес. Осы мәселені ескерген облыс, аудан басшылары, мәслихат депутаттары «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасына сай тиісті қаражат бөлгізіп, 2021 жылы 108 оқушыға арналған жаңа мектептің құрылыс басталған болатын. Жұлдыздық ағайынның көптен күткен арманы орындалып, жаңа оқу жылы қарсаңында батыр атындағы мектеп жаңа ғимаратқа көшті.
Маңызы зор нысанның ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Мұқаев, Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов, мәслихат депутаттары қатысты.
Облыс әкімі осы күнді көптен күткен ауыл тұрғындарын, мектеп ұжымын және оқушыларды құттықтап, мектеп ұжымына теледидар сыйға тартты.
Айта кетуіміз керек, бастапқыда құрылысты «АлауҚұрылыс» ЖШС бастап, аяқсыз қалдырған болатын.
Басталған құрылыс саласында тәжірибесі мол «Альтаир» ЖШС толығымен сапалы түрде аяқтап шықты.
Айтулы күні ауыл тұрғындары да қуаныштарын жасырмады.
Солардың бірі Жұлдыз ауылының сыйлы ақсақалы — Өтеп Төлеуов.
– Өзім осы ауылдың тумасы болмасам да Жұлдызда 40 жылдан астам уақыт тұрамын. Еңбек өтілім де батыр атындағы мектеп қабырғасында өтті. Жаңа мектеп салу мәселесі көптен бері айтылып жүрді. Енді міне бүгін жаңа мектепке кіріп, қуанып жатырмыз. Осы мәселенің оңтайлы шешілуіне атсалысқан азаматтарға, құрылысшыларға алғысымыз шексіз! Мектеп құрылысы жақсы және сапалы жүргізілді деп нық сеніммен айта аламын, – деп ризашылығын білдірді ақсақал.
Салтанатты шарада «Қыз Жібек» жас термешілер ансамблі тамаша арнауларын орындап, жиналған көпшілікті бір серпілтіп тастады.
Құрылысты жүргізген мердігер «Альтаир» ЖШС директоры Нұрлан Қуанғалиев жаңа нысанның ашылуымен ауылдастарды құттықтап, мектеп директорына мектептің кілтін табыс етті.
Сонымен бірге аталмыш мектепті 1984 жылы бітірген түлектер атынан сөз алған облыстық «Aqjaiyq» телеарнасының тілшісі Ақболат Мұстажапұлы құттықтау лебізімен қатар мектеп оқушыларына спорттық киімдер мен құралдар тарту қылды.
Жаңа мектептің лентасы қиылып, есіктері айқара ашылды. Нысанды аралап көрген облыс басшысы құрылысты жүргізген «Альтаир» ЖШС ұжымына алғысын білдірді.
Нариман Төреғалиұлы мен келген қонақтар назарына «Мен оқыған 30 кітап» жобасы таныстырылып, өнерлерін ортаға салған мектеп оқушыларына қазақ жазушыларының кітаптарын сыйлады.
Салтанатты шарада батырдың ұрпақтарымен бірге оның кеуде тұғырына гүл шоқтары қойылып, рухына тағзым етілді.
Сарыөзен бойында қоныс тепкен Жұлдыз ауылының болашағынан үміт зор. Оған ауылдағы оқушылар саны дәлел. Жалпы орта білім беретін мектеп пен шағын орталықта 130 бала білім алып, тәрбиеленіп жатыр.
Ауылдың да ажары кіріп, ауылдастар арасында тұрғын үй салу қарқыны басым. Соңғы үш жылдың ішінде онға тарта заманауи жаңа үй салынған. Ендігі кезекте мектеп пайдалануға беріліп, ауыл балалары жаңа білім ордасында сапалы білім алмақ.
Қайрат Жақып,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz