24.08.2023, 9:15
Оқылды: 108

Ата-анам туралы толғаныс

 

Данышпан Абай «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата-анадан, жақсы ұстаздан, жақсы құрбыдан болады» деген нақыл сөзімен ата-ана – баланың  ойын оятатын, санасына сәуле құятын, перзентінің жан дүниесіне асыл қасиеттерді сіңіретін жандар екенін айшықтайды. Біз үшін сондай асыл жандар – әулетіміздің адастырмайтын темірқазығы, берік діңгегі – әкеміз Адам Сағынұлы Имашев пен жанұяның ұйытқысы, шаңырақтың шуақ-шырағы – аяулы анамыз Орынша Әбутайқызы Түсіпқалиева. Ата-анамыз – жүздеген шәкіртке қоса, ел-жұртқа сыйлы парасатты педагогтер.

13f42f5f-f921-490a-a4ef-7781f43a2d10

Әкеміз – облыстағы білім беру, әлеуметтік-экономикалық, мәдениет салаларының дамуына зор үлес қосқан, мемлекеттік басқару қызметінде өзін ерекше қырынан көрсеткен зиялы азамат.

Ол – мемлекеттiк және қоғам­дық қызметтегi ерен еңбегі үшiн «Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасы» мемлекеттiк марапатпен марапатталып, «ҚР Білім беру ісінің үздігі», «ҚР Инженерлік саланы дамытудағы үлесі үшін» және т. б. медальдарды өңіріне тақты. Сонымен қатар әкеміз  Бәйтерек ауданының құрметті азаматы. Әкеміздің есімі, өмір жолы «Бәйтерек ауданының құрмет кітабына», М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «Танымал түлектер тізіміне» енгізілген.

Анамыз ұлағатты ұстаз ретінде өмірін өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие беру ісіне арнады. Жоғары санатты педагог қырық жыл бойы бастауыш сыныптың мұғалімі болды. Бірнеше мәрте ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Әкеміздің есімі елімізге қажырлы, еселі еңбегімен танылды, ол ел-жұрттың жоғары бағасын алды. Қызмет атқару барысында қол жеткізген айрықша жетістіктері, жүзеге асырған маңызды істері туралы оны құрмет тұтқан қоғам қайраткерлері, ел азаматтары, қаламгерлер түрлі бұқаралық ақпарат құралдарында ойларын ортаға салып, пікірлерін жариялап жүр.

Ата-анамыздың өнегелі өмір жолында қол жеткізген жетіс­тіктерін, көрген қиындықта­рын, берген білімі мен тәрбие­сін ой елегінен, сана сүзгісінен өткізіп, оларға тән мен таныған адамдық асыл қасиеттерді зерделеп, ой-толғауды перзенттік парызым деп санадым. Олар іс-әрекеттерімен біздерді адам деген атқа лайық болуға, ар-намысты сақтауға, өзге адамдарға құрметпен қарауға, еңбекқор, әділ, әдепті, төзімді болуға тәрбиеледі.

Халқымыздың дәстүріне сай мен мектепке дейін ауылда ата-әжемнің қолында тәрбиелендім. Сағын атам мен Рәзия әжемнің үйіндегі бар байлығы – жинаған кітаптары еді, кейін бұл істі әкем жалғастырып, үйімізде көркем әдебиет, ғылыми, қоғамдық-саяси және т. б. салалар бойынша әлемдік және отандық таңдаулы шығармалардан тұратын ауқымды кітапхана болды. Оған қоса отбасымызбен сол кездегі газет-журналдардың көбіне жазылып оқитынбыз. Ойлап отырсам, ата-анамыз бен біздердің білім мен ғылымдағы алғашқы қадамымыз да, сол жолдағы ұзақ сапарымыз да ауылдағы қара шаңырақтан бастау алған екен. Балалық шағымызда атамыз бен әкеміз бізді облыстағы тарихи-өлкетану музейлеріне, ескерткіштер мен қастерлі орындарға жиі апаратын. Ондағы тарихи жәдігерлер, ескерткіштер, өнер туындылары, мәдени құндылықтармен таныстырып, олардың сырын ұғындыратын. Ата-анамыз бізді кітап пен тарих айнасы - музей сияқты рухани қазыналарымыз арқылы өткеннің қадірін білуге, тарихтан сабақ алып, оны көңілге түюге тәрбиелегендігін қазір түсінемін.

IMG_2539

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген емес пе, бізде білім-ғылымға құштар болып өстік. Мектептегі жылдарда әкем шәкірттерін облыстық, республикалық пәндік олимпиадаларға дайындау барысында, теориялық білім мен тәжірибелік шеберлікті тереңдету мақсатымен жоғары оқу орындарына арналған оқулықтарды, монографияларды, мақалаларды, ғылыми-зерттеу журналдарын, энциклопедияларды және тағы басқасын оқытатын. Оның пікірі бойынша үй тапсырмасын орындау кезінде тек мектеп оқулығымен шектелмеу керек, үнемі қосымша әдебиетті, анықтамаларды, хрестоматияны, газет-журналдарды зерделеу қажет. Әкеміз әрбір сөйлейтін сөзін, істейтін ісін, қабылдайтын ше­шімін алдымен ақыл таразысынан өткізіп алатын.

Адамның кемелденуіне, өзінөзі жетілдіруіне, шығармашы­лық қабілеттерін дамытуына ешқандай кедергі жоқ екендігін, әкеміз 68 жасқа толған шағында магистрлік диссертацияны қорғап, бизнес және басқару саласының магистрі атануымен дәлелдеді.

Ғұлама ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлының: «Ақылды сол – нысап пен ар сақтайды, Арсыз сол – арамдықпен жан сақтайды. Адал сол – таза  еңбекпен күнін көріп, Жаны үшін адамшылық ар сатпайды» деген ойлары ата-анамыздың өмірлік ұстанымы болды. Олардың дүниетанымында адам бойындағы ең биік қасиет – ар мен намыс. Бұл ұстаным әулетімізде аталарымыздың әке-шешемізге аманаттаған өнегесі, ата-анамыздың бізге берген тәрбиесі арқылы айқындалды, шыңдалып беки түсті. Адал және таза жолға бастайтын тұлғалар ретінде ата-анамыз өздерінің іс-әрекеттерімен бізді бала кезімізден ар-ұятты жоғары қоюға, адал, әділ болуға тәрбиеледі.

IMG_2513

Әулетімізде қартайған аталарымыздан бастап, есін енді біліп келе жатқан баласына дейін жеген нанын табанақы, маңдай терімен тапқан. Әкеміз басшылық лауазымда болса да, шаңырағымызға бүйірі томпайып, мал, дүние біткен емес. Бірде жұмыс бабымен әкемді іздеп келген бір кісінің, ата-анамыздың ауылдағы қарапайым үй-жайын көріп, «Әкім осылай тұра ма екен?» деген мысқылы әлі есімде. Әкем «Жыртық лашықтың да шүкірі бар, қол жеткенге, қолдағы барға қанағат ете білу қажет, осы үйдегі анаңнан басқа дүние-мүліктің барлығын несиеге алғанмын», - деп әзілді-шынды айтып отырады. Әке-шешеміз біздерді адал еңбегімен, маңдай терімен тапқан табысымен асырады. Кісіге кіріптар болғанды қорлық санап, қатықсыз қара су ішсе де, ешкімге алақанын жаймады.

Әке-шешеміз қаталдық пен мейірімділікті бірдей ұстанатын. Әсіресе, әкеміздің қас-қабағы – тәрбиеміздің  бас сабағы болды. Анамыз бізді әкеміздің қабағына қарап өсуге бейімдеп тәрбиеледі. «Әкеңнің сөзі», «әкеңнің орны», «әкеңе амандас», «әкеңмен ақылдас», «әкең­нен сұран», «әкең ренжиді» деген сөздерді біздің санамызға анамыз құйып отырды. Әке­міздің орынды қаталдығы - балаларының санасы уланбаған, ары таза болып өсуіне оң ықпал жасады.

Ағайынға ағалығы, кішіге кеңшілігі мол әкеміз өзге адамдардың өміріне құрметпен қарайтын, олардың мұң-мұқтажын, көңіл күйін ұға білетін, қашан болмасын бүйрегі бұрылып, қолынан келсе, жақсылық жасап, көмек қолын созатын. Ата-анамыз адамдардың бойынан тек жақсы қасиеттерін көріп, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп, оларды үлгі ретінде айтып отыратын. Олар қарапайымдылықты ұнататын, асып-тасу табиғатына жат, ондайды күпірлік деп санайтын, қолдары ашық, жомарт кісілер, қызғаншақтық, бақталастық дейтін қу мінездері жоқ. Бары болса, кісіге құрмет көрсетіп, қонаққа шақыруға құмар боп тұрады.

Әкеміз 1976 жылдан Батыс Қазақстан облысының Казталов аудандық білім беру саласында мұғалім, кейін 1981 жылдан Жұлдыз, Фурманов, Талдықұдық орта мектептерінің директоры болды. 1997 жылы об­лыстағы алғашқы ауылдық лицейдің бірі - Қараөзен мектеп-лицейінің негізін қалап, оның директоры лауазымында табысты еңбек етті.

Өз өмірін ұмыт қалдырып, жеке басының жағдайымен, уақытымен санаспай, бойындағы бар ақыл-ойын, жан-тәнін, ынта-жігерін шәкірттерінің бойына мемлекеттің идеологиясын, қоғамның құндылықтарын, тұлғалық қасиеттерді, білімді, ғылымды, өнерді сіңіруге жұмсады. Мектеп басшысы ретінде білім берудегі келелі мәселелерді, күрмеуі қиын күрделі істерді шешуге бағыттады. Өмірі мектептің тыныс-тіршілігімен тұтасып кеткен әкеміздің директор лауазымындағы тынымсыз еңбегі әлі күнге дейін жадымда. Әр жұмыс күні таңертеңнен кешке дейін мектеп ішіндегі оқу-тәрбие үдерісіне басшылық жасау, ұйымдастыру, қадағалау, іс-шараларға қатысу, сабақ өткізу және т. б. болса, кешкі астан кейін интернаттағы оқушылардың жайкүйлерін қарау, өнер үйірмеле­рі мен спорттық секциялардың жұмыстарын бағалау, көмірмен жағылатын жылыту қазандығының жұмысын қадағалау, түнгі уақытта ауыл көшелеріндегі тәртіпті тексеру және тағы міндет-мақсаттардан тұратын. Өзге мамандық иелері жұмыс уақыты аяқталған соң, келесі күнге дейін демалатын болса, мұғалімнің жұмысы үйге келген соң да бітпей, жалғасатынын біреу білсе, біреу білмейді. Әкем мен анам 30 жыл бойы күн сайын келесі күнді күттірмейтін мына іс-шараларды орындайтын: әрбір оқушының дәптерін тексеру, ертеңгі 5-6 сабаққа жоспар жазу, көрнекілік жасау, тәрбие іс-шараларын дайындау, қосымша әдебиеттер оқу және т.б.

Әкеміздің жылдар бойы төккен тері мен адал еңбегі ақталып, оқушыларының халық­аралық, республикалық білім олимпиадалары мен жобаларындағы жетістіктері ол басқарған білім ошағының абыройын асқақтатып, мерейін үстем қылды. Тек өзім оқыған  Талдықұдық орта мектебіне басшылық жасаған жылдары республикалық, облыстық білім олимпиадаларының жеңім­паздары Қ. Баесов (биология), А. Имашев (география), Ә. Каргина (химия), А. Меңдіғазиева (қазақ тілі мен әдебиеті), А. Меңдіғазиева (химия), Г. Сатқанова (биология), С. Гумаров (орыс тілі мен әдебиеті), Н. Рахова (химия) және де басқа шәкірттері білім бәйгесінде тең құрбысының алды болды.

Оқушылар арасындағы қазақ күресі, самбодан республикалық, облыстық жарыстардың жеңімпаздары А. Дәулетқалиев, М. Жексенғалиев, Ж. Ғұбайдуллин, М. Оразов, Б. Байзенов және облыстық ақындар айтысының жүлдегері Н. Асқаров, өнер байқауларында топ жарған  С. Өтегенова, А. Серғазиева сықылды шәкірттері ұстаз мерейін өсірді.  Әкеміз білім беру мен тәрбиелеу процесін ұйымдастыру мен жетілдірудегі маңызды табыстары, оқушыларының республикалық деңгейдегі жетістіктері үшін «ҚР Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

2002 жылдан бастап әкеміз 15 жыл Бәйтерек ауданындағы Белес ауылдық округінің әкімі қызметін атқарды. Халқымыздың киелі мекені, алтын бесігі ауылдың басшысы лауазымында ол «Әкім бол – халқыңа жақын бол» қағидасына сай еңбек етті.  Ауыл әкімі болу – жылы кабинет, жұмсақ орындыққа жайғасып, қағазға көміліп отыру емес, ауыл тұрғындарының жанайқайын тыңдап, өзекті мәселелерін шешу, өзіне жүктелген міндеттерді жауапты орындау жолында жазғы аптап ыстық пен қысқы үскірік аязда талай қиындықты еңсеру екендігін көпшілік түсіне бермейді. Осының барлығын біз әкеміздің басшылық лауазымдағы тынымсыз қызметінен көріп өстік.  Ол қызметін жаңа бастаған кезде ауылда жылдар бойы шешімін таппай, қордаланып қалған әлеуметтік-тұрмыстық мынандай проблемалар болды: ауыз су тапшылығы, тұрғын үйлерде газдың жоқтығы, балабақшаның болмауы, дәрігерлік амбулатория мен ауылдық клубтың жөнделмеуі, мал жайылымының тапшылығы, бау-бақшаларды суаруға судың болмауы және т. б. Тоқырауға ұшырап, шырайы кете бастаған ауылды қайта аяғына тұрғызу, халықтың жағдайын оңалту үшін әкеміз бойындағы бар қажыр-қайратын жұмсады, күнде ала таңнан қас қарайғанша тынымсыз еңбек етіп, 15 жыл еңбек демалысының не екенін білмеді. Алдымен ауылды абаттандыру мен оның санитарлық-гигиеналық жағдайын қалыпқа келтіру ісшараларын жүзеге асырды. Мекемелер мен шаруа қожалықтарының басшыларын ұйымдастырып, техникаларды бөліп, елді мекендерді күл-қоқыстардан тазартты. Ұзындығы үш шақырым ескі су құбырын жөндетіп, мотор орнатып, тұрғындардың бау-бақшаларына су жүргізді.

Әкеміз қызмет жасаған бастапқы жылдары ауыл халқы таза ауыз сумен, табиғи газбен қамтамасыз етілмеген болатын. Бұл проблемаларды шешу жолында 2002 жылы тұрғын үйлерге көгілдір отын кіргізу жұмыстарын ұйымдастырып, іске асырды. Нәтижесінде ауыл тұрғындары көмір тасып, күл шығару азабынан арылып, табиғи газдың игілігін көре бастады. «Ауыз су» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында елді мекендерді таза сумен жабдықтайтын жаңа жүйелер салынып, ауыл халқы сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз етілді. Ауылдық балабақшаның жаңа ғимаратының салынуына, дәрігерлік амбулатория, клуб, әкімшілік үйі, басты жолдардың күрделі жөндеуден өтуіне басшылық жасады. Ауыл көшелерін жарықтандыру, балалардың ойын алаңын абаттандыру, ұялы байланыс базалық стансаларын орнату, ауыл зираттарын қоршау жұмыстарын ұйымдастырып, жүзеге асырды.

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, халықты жұмыспен қамту мәселелерін басты назарда ұстады. Ауылда бірнеше азық-түлік дүкендері, кафе ашылды, ескі монша қалпына келтіріліп, іске қосылды. Жаңа өндіріс орындары: «Белес-Агро» ұн диірмені, «Жайық Мұнай» мұнай құю терминалы, «Батыс Пауэр» газтурбиналық электр стансасының ашылу жұмыстарына белсенді түрде қатысып, олардағы жұмыс орындарына жергілікті тұрғындардың орналасуына еңбектенді. Ауыл халқының рухани дамуына, мәдениетінің жетілуіне бағытталған іс-шараларға бастамашы болды. Мерекелік концерттерді, «Сағынып келемін ауылды» ән фестивалін жоғары деңгейде өткізу дәстүрге айналса, еліміздің мәдениет саласына еңбек сіңірген қайраткерлер әнші, жыршы-термеші, айтыскер ақын Қатимолла Бердіғалиевтің, күйші-домбырашы Ермек Қазиевтің концерттері өткізілді. Әкеміздің жетекшілігімен ауыл өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламамен Казталов ауданына гастрольдік сапар ұйымдастырылды.

Ата-анамыз әрдайым өмір жолдарында өздеріне үлгі-өнеге болған, қолдау көрсеткен қоғам қайраткерлері, қадірлі азаматтар «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, еңбек ардагері Кәрім Өтеғұловты, «Құрмет» орденінің иегері, академик, профессор Ақсерік Әйтімовты, кезінде Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болған, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Табылғали Сапаровты, көп жыл облыстық мәдениет басқармасын басқарған Айдар Батырхановты және т. б. ел ағаларын құрметпен айтып отырады.

Бала күнінен өнерге жандары ғашық, ән-күй десе, ішкен асын жерге қоятын ата-анамыздың өмірі өнермен өрнектелді. Әкеміз студенттік жылдары Орал педагогикалық институтының жанынан құрылған «Ақ Жайық» ән-би ансамблін ұйымдастырушылардың бірі және ансамбльдің белді әншісі болған. Елімізге еңбек сіңірген өнер қайраткері, композитор Сұлтанғали Лұқпановтың жанұялық ансамблі құрамында ән айтты. Өнер сахнасында қазақтың халық әндері мен танымал композиторлардың әндерін айтып, облыстық байқауларда топ жарды. Анамыз да әкемізбен қосылып келістіре ән шырқайды, оның үлгі тұтарлық қасиетінің бірі – қазақ халқының ұлттық құндылықтары мен салт-дәстүрін насихаттауға ерекше көңіл бөлетіндігі. Облыстық «Әжелер байқауы» сайысының жүлдегері. Ауылдағы «Ақ әжелер клубының» мүшесі. «Баланы бесікке салу» рәсімін өткізеді, баянмен ән айтады, ой салатын кестелі сөздерімен өлең шығарады, түрлі мерейтойлар, құдалықтарды думанға бөлейтін асабалық өнері бар. Анам асқан қонақжайлылық, мейманды ерекше қабылдау, қонақасының жай-жапсарын жетік білумен де ерекшеленеді. Ел анамды ата-бабамыздан қалған аса қастерлі салт-дәстүрлерді насихаттаушы абыз ана, абзал әже деп таниды. Өнер адамдарын ерекше құрмет тұтып, олардың таланттарын жоғары бағалаған ата-анамыз республикаға танымал өнер саңлақтары: әнші-термеші, айтыскер ақындар Қатимолла Бердіғалиев, Сәрсенғали Бисенғалиев, Дариға Мұштанова, күйшілер Ермек Қазиев, Махамбет Карин, Нұржан Сертеков, әнші-композитор Баян Қабиева сынды танымал тұлғалармен сыйластықтарына сызат түсірмей, аралас-құраластығын үзбей ғұмыр кешіп келеді. Біздің отбасымыз адамгершілік құндылықтарды нығайтуға, жанұя жарасымын дәріптеуге, отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық кезеңінде бас жүлдені иеленсе, Батыс Қазақстан облысы бойынша екінші орын алып, лауреат атанды.

Сөз соңында айтарым, өмір атты ұзақ жолдың жеті белесіне жеткен әкеміз бен анамыз парасаттылық, ар-ұятты жоғары қою, адалдық, әділдік, еңбексүйгіштік, қайырымдылық сияқты асыл қасиеттерді қатар алып жүріп, адалдық пен адамгершіліктің ақ жолынан айныған емес. Кемелділік биігіндегі олардың ақылы – арманымызға қанат бітіретін, бойымызға қуат беретін, жүрегімізге батылдық ұялататын, көкірегімізге болашақтың жұлдызын жағатын құдіретті күш! Ұрпағы үшін ата-анамыздың сөздері – өсиет, істері – ұлағат, ойлары  өмірлік бағдар болып қала береді.

Артур Имашев,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале