24.08.2023, 9:30
Оқылды: 32

Қайыршы көп... Неге?..

(тамыз мәслихаты қарсаңында)

 

Сан көлік сапырылыса тоқтап, топ-топ жолаушыны түсіріп-тиеп алып, келіп-кетіп жататын базардағы автобустар аялдамасы. Бағдаршамның жасылы жануын тағатсыздана күтіп, көшенің базар жақ бетіне жөңкіле өтіп жатқан адамдар тасқыны толассыз. Әрқайсысының әртүрлі жоспар, шаруасы бар – асығып бара жатыр бәрі де.

жп улица

– Не дейсің сен маған осы?! Мә, ал! Не көре алмайсың күңкілдеп... Не істедім саған, отырған жоқпын ба жай?!

Жауырыны бүгіліп, екі бүктеліп қалған бүкір әйел екен қалтасынан жүз теңгелік тиынның бір-екеуін алып, өткінші жолдың «ауызында» қайыр сұрап отырған ер адамның алдындағы қаңылтыр қалбырға тарс еткізіп салып, дауыс көтере сөйлеп жатқан. Ана кісі қыңырая шақшиып қалған, жүзін жасыруға тағарын тақса да, мына ыстыққа шыдамай, иегіне түсіріп қойған қара маскасы салбырап, мойынын ішіне ала үнсіз  отыр.

Еріксіз аялдап, әрірек барып бақылауға кірістім. Бүкірліктен екі қолы бұлақтап жерге тие жаздаған әйел кері бұрылып, тротуардың екінші бетіндегі орнына барып отырды. Бұл да қайыршы екен. Іспектей беті күлбіреп, қатпарланып кеткен. Оң қабағының сыдырылған жарасына зелёнка жағып қойыпты. Ашудан аузы дордиып, көзінің «атаңанәлетімен» атып отыр ана еркекті. Шамасы, орынға таласқан сыңайлы, сондай болады деп естуші едім...

Ерсілі-қарсылы шұбырған адамдар легі үзілер емес. Қарама-қарсы отырған қос қайыршыға қайыр-садақа тастап өтетіндер де баршылық. Біреуі – біріне, екіншісі – екіншісіне, ал келесі біреулері екеуіне бөліп қатар тастайды... Қайыр-қом қоғам жол-жөнекей асығыс асырап өтіп бара жатыр осылай өз әлсіздерін. Кім білген, қайсысының қалай түскенін мұндай күйге... Оны сұрамайды да. Уақыттары жоқ сұрауға. Ұялады. Ұялтқылары келмейді әлде. Мен де бір-екі ауыз тіл қатқым келгеніммен, жандарына жақындауға жүрегім дауаламай, әрі ұзадым кішкенеден кейін.

Бір квартал жолдың жиегінде  алақан жайған бес қайыршының тұсынан өттім. Қос балдағын қасына сұлатып сап, аяғын көсіліп отырған қарасақал жас орыс жігіті, тағы бір-екі әйел, бір мосқал еркек. Сосын, қолына төрт бұрышты слюда жәшікше ұстаған жасөспірім бала. Жәшіктің сыртында әлдебір аурулы баланың аянышты суреті... «Көмек бересіздер ме?!»

деп жалынып тұр өткен-кеткендерге... Не дерсің... Онсыз да қайыршысы қаптаған қалада «Қайырымдылық қорларының волонтёрларымыз» деп қолдарына жәшік ұстаған ұл-қыздар шықты автобустарда, көше-көшелерде, үлкен супермаркеттердің кіреберіс есік алдарында...

Олардың жан-дүниесінде, ішкі психикасында қандай өзгерістер болатынына қарап жатқан ешкім жоқ. Ақша, ақша, қу ақша... Қазақ атам ұлт тәрбиесінде, қанша қиналып қалса да, ұлдың қолына кесе ұстатып шайға сүт сұрауға да жібермеген сағы сынады деп. Қыздарына үй жағалатпаған. Ар көрген ондайды! Арлы азамат қайдан өседі ар тәрбиесі  болмаса?!

Қызының (ұлының) «волонтер» болып көше кезіп жүргенін неге қорлық санамайды әке-шеше? Құлақтарына неге құйып жібермеген мектептері? Орал көшелерінде, әсіресе базар маңында бұрында қайыр сұрап сығандар ғана жүруші еді, қазір қазақтардың өздері... Сұрауды кәсіпке айналдырып алған ба дерсің...

Интернетті ақтарып отырып Серік Сағынтай деген ақынның «Базарда қолында шырылдап жылаған нәрестесі бар қайыршы келіншекті көрдім. Ол өзін аяй түссін деп елге байқатпай, анда-санда баласын шымшып жылатып қояды...

...Мен кеше көрдім сұп-суық өңін тірліктің,

Безеріп беті, көзінің нұры суалып,

Қарайды маған.

О, оның сұсы сұмдық тым.

...Қайыршы тірлік «ая» деп күтіп тұрады,

Сәбиін шымшып жылатып...»  деген жазбасын көрдім.

...Базардан қайтарда тағы сол жолмен жүрдім. Бағанағы қара маскасы иегіне түскен еркек көлеңкесі бар жерді жағалай садақа сұрап отырғандардың қатарына жайғасыпты. Белі бүкір әйел сол бұрынғы жерде, тек қара маскалының орнында арқасын күнге беріп,  бүкшиіп банан жеп  отыр.

...Жаңа оқу жылы жақын. Осы тұста «Мектепке жол»  акциясы деп, қайырымдылық шеруі деп «қолы қысқа» жанұялардың балаларына көмектесу, оқу-құрал, киім-кешек алып беру сияқты көптен бері жалғасып келе жатқан үрдістер жанданады. Дұрыс қой. Бірақ... Бірақ соны дабыралап, дақбырттамай табыс еткен дұрыстау ма деп ойлаймын. Сөмке, дәптер, көйлек-шалбар, тағы басқаларын балаларды аналарымен қатарға тұрғызып қойып, ел алдында табыс етудің пайдасынан көрі, психологияға зияны көптей көрінеді маған. Сағын сындыру деген сол ма деп ойлаймын. Бастапқыда қымсынғанымен, бірте-бірте мұндайға еті үйреніп, әрі-беріден соң сұрамсақтыққа дағдыланып кетпей ме балалар? Өз басым азды-көпті тәжірибемде «малоимущийлерге» келген көмекті тиісті балаларға өз қолыммен де, сынып жетекшісінің қолымен де тапсыртып көргенім жоқ. Оңаша, тек қана әлеуметтік педагог бір-бірлеп жеке табыс етеді.

...Қайыршы көбеймесе екен Оралда. Сағы бір сынбасын қоғамның да, адамның да. Сағы сынғанның арғы жағында жағымпаз болып кету де, қайыршы болып шыға келу де көп алыс емес.

Осы мақаланы жазып аяқтай бергенде әлеуметтік желіде актёр Асылжан Жакин жазба жариялады: «Қоғамдық көлікке мінсең де, саябақта жүрсең де, қолдарына жәшік ұстап, қайыр сұраған жастар көбейіп кетті. Кәсіп қылып алғандай. Садақа сұраушының дәрежесі болуы керек садақа бергеннің бар ауыртпалығын көтеретіндей.

Ондай күйде емес қой ана жастар – қол-аяқтары балғадай, диагнозын түгел айтып тақылдап тұр. Тестті солай тапсырса жақсы ғой. Жастарды қайырымды болуға үйретпей, қайыр сұрауға үйретіп жүрген кімдер? Баяғыда қазақ қайыр сұрап жүргеннің түп-тамырын түгел қозғап, сол рудың бетіне таңба қылып басқан. «Сенің бай болғаның, би  болғаның не керек, бір үйіңді бүтіндей алмай отырсың» деп. Бүгінгі сол жастардың руластары демей-ақ қояйын, ағайын-тумасы жоқ па «Әй, қайыр сұрап, қарабет болып жүргенің не?» дейтін. Тіпті болмай жатса, сұраушы емес, садақа беруші болғанның сауабы көп болатынын түсіндіретін көнекөз қариясы жоқ па үйінде? Қайыр сұрауды кәсіп деп түсініп бара жатқан жоқ па жастар? Әлде соған да заң шығару керек пе? Әлеуметтік желіні ашсаң, «Көмектесіңіздерші!» деп отырған блогерлер көп. Сәлем берудің өзі садақа екенін санаға сіңіру керек негізі. Мен садақа бермеңдер деп жатқан жоқпын өзім де берушілер қатарынан болғандықтан. Алушы туралы айтып жатырмын. Қайыршы көп ел деген – қауіпті ұғым. ҚАЗАҚТА ҚАЙЫРШЫ БОЛМАҒАН деп тәрбиелеген бабаларымыз бұрын. Менің айтқым келгені – осы. Жастарымыздың рухын сындырып тастамай ма, садақа сұраған балада биік ар-намыс, жігер бола ма?..».

«Бұдан да жаман уақытты бастан кештік, совхоз тарап, жұмыс жоқ кезде «Ұн бітіп қалмаса екен» деп отыратынбыз. Білмеймін, сондай қиын уақытта да тентіреп, қайыр сұрағандар болмап еді, ауру дегенді естімейтінбіз. Қазір Орал қаласындағы орталық базарда ондай жәшігін мойнына ілгендердің қаншамасы жүр, сірә, дипломы бар қайыршылар-ау» дегендей  пікір қалдырып жатқандар да бар. Сіз не дер едіңіз, құрметті педагогтер қауымы? Тамызда талқыға бір салып алатын мәселе-ақ емес пе бұл да? Тәрбие тереңнен басталады.

Дариға Мұштанова,

«Үзіліс» арнайы бетінің қоғамдық редакторы,

«Парасат» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Ы. Алтынсарин»  белгісінің иегері,

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

ҚР Мәдениет саласының үздігі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале