Бәйтерек ауданының Мичурин, Асан ауылдарында қауіпсіздік үшін асфальт жолдардың бойында 14 тиісті жол белгілері орнатылған. Екі аялдама пайдалануға берілген. Асан ауылының Солнечная көшесін жарықтандыру құрылысы аяқталған. Сондай-ақ жыл басынан бері 100 дана жарық шам алынып, қазір орнатылып жатыр. Біраз жылдан бері көтеріліп келген мәселе - Асан ауылында амбулатория салуға қатысты құрылыс та басталды.
Бұл туралы Мичурин ауылында аудан әкімінің тұрғындармен кездесуі кезінде айтылды. Ауылдық округта биылғы екінші тоқсанда атқарылған жұмысын баяндаған Максим Мусалимовтың айтуынша, 200 дана қоқыс жәшіктерін алу және оларды 50 орынға орнату басталған. Жылдың үшінші тоқсанында Зеленое ауылының су құрылысы да өз жұмысын аяқтайды деп күтіліп отыр. Ал Орал қаласындағы айналма жол болып саналатын әрі Мичурин ауылына баруға мүмкіндік беретін Шолохов көшесіндегі жолдың жөнделуіне байланысты көлік кептелістерін алдын алу мақсатында көліктер Чапаев, Заводская, Магистральная көшелерімен жүреді. Енді бұл көшелер қиылысына бағдаршам орнатылмақ.
Жиын барысында тұрғындар өз көшелерінің жайын айтып, жол қашан жөнделетінін сұрады.
- Мичуринде ауылішілік жолдарын жөндеуге қажетті екі жобалық-сметалық құжат дайындалды. Тиісті құрылымдар оның біреуі қабылдаса, екіншісін жарамсыз деп таныды. Жоба дайын болғанмен, оны салатын мердігер компанияның өзі бізге мәселе болып отыр. Мердігерлер еліміздің, облысымыздың әр өңірінен тендер ұтып алған. Мойындарында бірнеше жердің жолы тұруына байланысты жол жөндеу қарқыны көңіл көншітпейді. Жыл аяқталғанша үлгеруге уәде берді. Дегенмен сену қиын. Жаңа өздеріңіз айтқандай, көше тұрғындары бір ауыздан келісіп, өздеріңіз жол төсейміз десеңіздер ешқандай қарсылық жоқ, - деді аудан әкімі Марат Тоқжанов.
Нұрсәуле Әбілпейсова,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz