2.08.2016, 17:02
Оқылды: 117

Халық қалаулылары Теректі ауданында

Бүгін «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру мәселелері бойынша ҚР Парламентінің Сенат және Мәжіліс депутаттары Теректі ауданы активімен кездесті. Жиынға аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасарлары, мемлекеттік мекеме және кәсіпорын басшылары мен қызметкерлері, ауылдық округ әкімдері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, өңіріміздің құрметті азаматтары қатысты.

Бас қосу барысында алдымен, аудан әкімі Мұрат Мұқаев Елбасымыздың 5 институционалды реформасын түсіндіруге келген қонақтарды таныстырды. Олардың қатарында республикамыздың Парламенті Сенатының депутаттары Рашид Ахметов пен Ерболат Мұқаев, Парламент Мәжілісінің депутаты Кеңес Абсатиров болды.Халық қалаулылары ауданда

Ақпараттық-насихаттық топ өкілдері 100 нақты қадамнан тұратын Ұлт Жоспарының бөлімдерін жеке-жеке түсіндіріп, халық арасында түйінін таппай жүрген мәселелерді тыңдап, талқыға салды. Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты, әрі ұтымды жауаптар берді.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Рашид Сайранұлы мен Парламент Мәжілісінің депутаты Кеңес Ғарапұлы индустриялық-инновациялық дамудың «100 нақты қадамда» көрсетілген бөлімдері бойынша республикамызда орындалып жатқан істерге тоқталды. Ұлт жоспарындағы Елбасы жүктеп отырған міндеттердің маңыздылығын, жаңа экономикалық өсімге үлкен көңіл бөлудің қажеттігін ерекше атап өтті. Сонымен қатар жолдардың жөнделуі, кәсіпкерліктің дамуы, дін мен жер мәселесінің әрдайым назарда тұрғандығын баса айтты.

  • Тәуелсіздік алғалы 25 жыл ішінде Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында талай жетістіктерге қол жеткіздік. Әлі де бағындырар белесіміз көп. Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» бойынша ел болып бірлесе жұмыстанып, үнемі алға қарай адымдасақ, әлеуметтік-экономикалық жағдайымыздың түзелетініне кәміл сенемін, - деді өз сөзінде ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ерболат Мұқаев.

Жиында аудан әкімі Мұрат Рахметұлы аймағымыздың хал-ахуалын айтып, Елбасының бес институционалды реформасының аясында атқарылып жатқан істерін жіпке тізді. Кездесу соңында аудан басшысы республикалық ақпараттық-насихаттық топ мүшелеріне теректіліктер атынан алғысын білдіріп, жұмыстарына табыс тіледі.

Күлімхан Тасенова

Теректі ауданы

www.zhaikpress.kz


 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале