29.08.2023, 15:30
Оқылды: 87

Қолы шебердің — жолы кемел

Он саусағынан өнер тамған жандардың бірі —  Теректі ауданы Подстепный ауылының тұрғыны, ісмер Жұмагүл Ғайнешова.

жп (2)

Ол 1990 жылы Талдыапан ауылында дүниеге келген. Ақтөбе, Ақтау қаласындағы оқу орындарынан білім алған магистр. Мамандығы — бухгалтер.

жп (3)

- Қазіргі уақытта бала күтіміне байланысты демалыстамын. Үйде жүрген кезімде құр босқа отырмайын деген оймен бір кәсіпті бастауды құп көрдім. Негізі өзім қолөнерге жақындау едім. Оқушы кезімде қазақи кәжекейлерге биссерлерді тігіп жүрдім. Сөйтіп, Youtube-тан қолөнер туындыларын жасау жолдарын өз бетімше үйрендім. Ең әуелі кәде сый, тұмарларды жасадым. Оған қажетті құрал-жабдықтарды Алматы қаласынан алдыртып жүрмін. Кейде Оралдан да аламын. Қазір сұраныс бар. Сұраныс демекші, тұмарларым Қытай еліне де жетті. Сонымен қатар сырға салу дәстүріне арналған жабдықтарды, той-думан, құдалыққа қажетті әдемі қоржындарды да қолдан жасаймын. Одан қалды, бүгінгі таңда сәнге айналған сыйдың бірі — сөз жазылған заманау  кішкентай көпшіктерді тігемін. Мұны, әсіресе, меймандарға сыйлық ретінде ұялмай ұсынуға әбден болады. Соңғы бес жыл ішінде бірнеше рет алғысқа кенеліп, марапат алдым. Бұл — еңбегімнің нәтижесі, жолдасым Ғаділдің және отбасымның, подстепныйлық кәсіпкер Анар Қайрекенованың да көмегі көл-көсір. Болашақ та кәсібімді кеңейтіп, шағын қолөнер цехын ашу жоспарымда бар, — деген Жұмагүл қолөнердің қыр-сыры хақында әңгіменің тиегін ағытты.

жп (1)

 Ол қолдың ебі, жүйкенің шыдамдылығы мен шығармашылық қабілетті қажет ететін іске сапалы шығу үшін өте сақ әрі ықтиярлықпен қарайды. Ісмер келіншектің қолөнер туындылары тұрғындар арасында жоғары бағаланып, тұтынушылардың алғысына бөленіп жүр.

Айтпақшы, Оралда «Бір ауыл — бір өнім»  жобасы аясында «Іскер жұлдыз» байқауы өткен болатын. Аталмыш шара БҚО іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ляна Тұрсынованың қолдауымен, кеңес мүшелері, қаржылай жәрдемдескен Тоғжан Бабиева, Жарқынай Әкімғалиева, Айнұр Салимова, Нұрсұлу Бисманова, Балғын Оразова, Динара Қазиевалардың ұйытқы болуымен жүзеге асқанын айта кеткен жөн. Байқауға Теректі, Ақжайық, Казталов, Жаңақала, Бәйтерек аудандарынан үміткерлер қатысты. Сайып келгенде, Жұмагүл Жұматайқызы жүлделі І орынды қанжығаға байлады. Сонымен қатар 100 000 мың теңгелік сертификатқа қол жеткізді.

- «Әйелдің қырық жаны бар» дейді ғой халқымыз. Әйелді нағыз әйел қылатын қасиет көп. Ең алдымен білім мен ізденіс керек. Адам қанша жасқа келсе, сонша үйренеді. Өмірден, өзгелерден, жастардан үйренеді. Өмірдің ағымынан қалғыңыз келмесе, үнемі ізденісте болған дұрыс. Адам өзіне сондай талап қойса, міндетті түрде жеңіске жетеді. Мен осы қолөнерге келгелі көп іздендім. Кез келген қыз-келіншек ине ұстай білуі тиіс. Бүгінде әйелдер үйде отырып, ақша да табуы керек. Үйде отырған аналар балаға тәрбие берумен қоса, кәсіпкер де болуы қажет деп санаймын. Қыз-келіншектердің ұлттық нақыштағы ою-өрнектерді заманауи стильге лайықтап, оны кәсіпке айналдырып, табыс тауып жүрсе, шыны керек, өз басым қуанып отырамын,  — дейді еңбекқор кейіпкеріміз.

Жұмагүлге жетпіс өнер де аз болып тұр. Өйткені, оның пісірген тамағының дәмі тіл үйіреді. Қолынан келмейтіні жоқ. Лезде тәп-тәтті тағамдарды әзірлеп, дастарханды жайнатып қояды. Бір сөзбен айтқанда, аспаздық қабілеті бар. Ал енді тағы бір қасиеті — ән айту. Әуезді әнді нақышына келтіріп шырқағанда, қарсы алдыңызда құдды бір өнер адамы отырған сықылды күй кешесіз.

Бәрін айт та, бірін айт, Жұмагүл Ғайнешова — төрт баланың ардақты анасы. Көпбалалы ана — ұлт байлығы. Қазіргі уақытта шиеттей бала-шағаны бағып-қағу да оңай емес. Әрине, қазақ «бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» дегенді санаға сіңіріп өскен халық. Бір ғана «әр баланың өз несібесі бар» деген сөздің қаншама отбасыға күш пен жігер сыйлайтыны тағы анық. Алайда «таяқтың екі ұшы» бары белгілі, оларды ешкімнен кем қылмай өсіріп, сапалы білім беріп, аяқтан тік тұрып кетуіне жағдай жасау әр ата-ананың міндеті.

Айшабибі Мәмет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале