Біле жүріңіз!
1829-1837 жылдары Ордада болған Исатай бастаған халық көтерілісі кешегі орыс жазбаларында көптеп жазылды. Алайда сол деректердің тарихи шынайылығы қаншалықты?
Айталық, Орынбор Шекара комиссиясының төрағасы әрі Ордадағы қозғалыстың себептерін тексерген жауапты адам ретінде орыс шенеунігі Генстің жазба хаттарының үзінділерін алайық.
Мәселен, Ордада болған 1827-1829 жылдардағы халық көтерілісін Генс өз баяндауында «көтеріліс қара ниетті жат адамдар өсегімен, солардың үгіттеуімен болған» десе, енді бірінде, Ордадағы көтерілістің шығуы туралы «негізінен жеңіл ойлы қазақтардың ұшқалақтығы салдары» дегенді алға тартты.
Сондай деректердің бірі орыс география қоғамының мүшесі Я. Ханыковтың «Ішкі хандықтың жайы туралы» еңбегін көрсеткен дұрыс. Автор Исатайдың жеке басына тиісіп, батырды «халықты арандатушы», «қарулы шайка құрушы» сынды дәлелденбеген деректер мен жалған құжаттар негізінде әшкерелеп өтеді.
Осылайша, сол кездегі Исатай бастаған халық қозғалысына «бүлікшілдік» деген айдар тағады. Келесі орыс шенеунігі Энгель Исатай-Махамбет туралы жазба хаттарында, мәселен, генерал Эссеге жазған хатында «Орда да жалған хабарлармен халықты бұзып жүрген Қайыпқали және Шоқа Нұралиев секілді қара ниетті адамдар өсегі көтеріліске негіз болған», - деп баяндады.
Жалпы патша құжаттарында сол кездегі Ордадағы халық көтерілісі көбіне шындықтан алшақ жазылды.
Ол туралы белгілі тарихшы Исатай-Махамбет көтерілісіне өмірінің жиырма жылын арнаған ғалым Исатай Кенжалиев «архив құжаттары деректерінің жалғандығы, қарама-қайшылығы, қандай да бір нақты деректі дәлелдеу патша құжаттарында еш мүмкін емес. Дей тұрғанмен де, сол қайшылықты деректерден шындықты іздеген адам ғана таба алады», деуі бірден-бір шынайы тұжырым еді.
Зұлхожа Шарафутдинов,
zhaikpress.kz