Халықты қолдау мақсатында мемлекет көптеген әлеуметтік маңызы бар бағдарламаларды жүзеге асыруда. Соның бірі – «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасы аясында қатысушыларға жаңа бизнес идеялар бойынша мемлекеттік гранттар беру. Аталмыш жоба аясында Переметный ауылының тұрғыны, көп балалы ана әрі жеке кәсіпкер Татьяна Абдесова грант иегері атанған. Бұл туралы «Бәйтерек ауданының мансап орталығы» КММ маманы Ботагөз Молдашева айтып берді.
Бизнес идеясы – құс шаруашылығы. Грант қаражатына үй тауықтарымен инкубатор сатып алған. Қазіргі таңда ол ауыл тұрғындарына өз өнімін ұсынуда. «Мемлекеттік бағдарламаның кәсіп ашамын деушілерге берері мол. Қатысып, грант ұтып, қазір көңілім қалаған іспен шұғылданып отырмын. Бұл халық үшін зор мүмкіндік», - дейді Татьяна Абдесова.
Бәйтерек ауданы бойынша жылдың басынан «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін I және II лектері бойынша 30 адамғамемлекеттік қайтарымсыз грант берілді. Ағымдағы жылдың қыркүйек айының 11-22 аралығындақайтарымсыз мемлекеттік гранттың (400 АЕК көлеміне дейін) III және IV лектері бойынша өтінім қабылдау басталады.
Өтінімдерді қабылдау business.enbek.kz порталы арқылы онлайн режимінде жүреді. Қатысу үшін үміткер порталға электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦП) арқылы тіркеліп, өтінім бере алады.
Гранттың қаражаты ісін жаңа бастаған жас кәсіпкерлерге, сондай-ақ жекелеген әлеуметтік санаттарға жататын адамдарға өз бизнес әлеуетініске асыруға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Гранттар еңбек құралдарын, технологиялық жабдықты, жануарларды, малдарды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алу, үй-жайларды жалға алу ақысын төлеу үшін беріледі.
Гранттар халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған. Оларға атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көп балалы отбасылар, оның ішінде жалпы орта, техникалық және кәсіптік, ортабілімнен кейінгі, жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жалпы білім беретін немесе кәсіптік бағдарламалар бойынша күндізгі оқу нысанында оқитын балаларға, олар он сегіз жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітірген уақытқа дейін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы алушылар (жиырма үш жасқа толғанға дейін) және оның жұбайы (зайыбы), асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алушылар, қоныс аударушылар, қандастар, еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар бала, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған адамдар және оның жұбайы (зайыбы) жатады.
Гранттар жұмыссыз немесе жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу мерзімі үш жылдан аз тұлғаларға грант алуға өтініш бергенге дейін тіркелген халықтың әлеуметтік осал топтарына беріледі.
Бүгінгі халықтың көзі ашық, көкірегі ояу. Қаржылық сауаты мен заң тұрғысындағы білімін жетілдіруге де мүмкіндігі мол. Кәсіп ашып, өз ісін дамытуға қызығушылығы да айрықша. Бұл бағытта мемлекет тарапынан да зор қолдау көрсетіліп келеді.