ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының биылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы енгізілді. ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров баяндама жасады. Бұл туралы Primeminister.kz жазды.
Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта құжат экономиканың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, азаматтардың әл-ауқатын сапалы өсіруге бағытталған 100 іс-шарадан тұрады. Өңдеу өнеркәсібі саласында заңнамалық деңгейде ірі кәсіпорындардың ел ішінде шикізатты, концентратты және бастапқы металды кезең-кезеңмен қайта өңдеу жөніндегі міндеттемелері бекітілетін болады. Бұл ретте мемлекеттік қолдау шаралары тек орта және жоғары өңдеу өнімдерін өндірушілерге ғана көрсетілетін болады.
Сонымен қатар отандық қайта өңдеушілерді шикізаттың жеткілікті көлемімен қамтамасыз ету үшін өндіруші кәсіпорындармен келісімдер жасасудың қолданыстағы ерікті тетігі міндетті сипатқа ауыстырылады. Бұл ретте ерекше бәсекеге қабілетті баға белгілеу бойынша қолданыстағы тетік, яғни экспорттық бағадан төмен баға сақталады.
Реттелетін сатып алудағы жергілікті қамту үлесін арттыру заңнамалық міндеттемелерді енгізу есебінен қамтамасыз етілетін болады. Атап айтқанда, ірі тапсырыс берушілердің офтейк-келісімшарттар, ұзақ мерзімді шарттар жасасуды, сондай-ақ өз өндірісінің айналасында шағын және орта бизнес белдеуін құру жөнінде шаралар қабылдауды көздейтін Жергілікті қамтуды дамыту бағдарламаларын қабылдауы.
Қорғаныс өнеркәсібінде зауытаралық кооперацияны ескере отырып, әртүрлі калибрлі артиллериялық оқ-дәрілер, атыс қаруы және ұшқышсыз ұшу аппараттары сияқты жаңа өндірістер ұйымдастырылады. Қару-жарақ пен әскери техниканың заманауи үлгілерін сатып алуды әртараптандыру аясында офсеттік келісімшарттар жасасу арқылы оларды жөндеу және қызмет көрсету жөніндегі құзыретті ұлғайту жалғастырылатын болады.
Туризм саласында осы жылдың соңына дейін кемінде 15 ірі жоба айқындалып, әкімдердің дербес жауапкершілігін бекіте отырып, арнайы жол картасы бекітілетін болады.
«Геологиялық барлау жұмыстарын ынталандыру және көмірсутектердің ресурстық базасын ұлғайту мақсатында “Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы” кодекске түзетулер топтамасы қабылданатын болады. Ірі кен орындарында жаңа газ өңдеу зауыттары салынады. Газ тасымалдау жүйесін кеңейту бойынша ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жоспарлануда. Терең өңдеу бөлігінде мұнай-газ-химия өнімдерін шығару жөніндегі жобаларды іске асыру жоспарлануда», — деді ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.
Сонымен қатар атом өнеркәсібі саласында қосылған құны жоғары өнім шығаруға мүмкіндік беретін уранды конверсиялау және байыту жөніндегі жобалар іске асырылады. Атомдық электр станциясын салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум өткізілетін болады.
Оған қоса биылдап бастап «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы іске асырылуда. Халықаралық практиканы ескере отырып, жаңа тарифтік саясат ынталандыру әдісіне көшу арқылы инвестициялық тартымдылықты арттыруға, монополистердің жауапкершілігін қатаңдатуға, цифрландыру және тариф белгілеудің ашықтығын қамтамасыз етуге, коммуналдық қызметтердің ресурс үнемдеу мәдениетін арттыруға, халықтың әлеуметтік осал топтарына тұрғын үй көмегін көрсетуге және су шаруашылығы объектілерін пайдалану тиімділігін арттыруға бағытталатын болады.
«Жалпы аталған бағдарлама шеңберінде 2029 жылға дейін 62 мың км инженерлік желіні жаңғырту үшін 3 трлн теңге шамасында инвестициялар тарту болжанып отыр, бұл тозуды 20 пайыздық тармаққа төмендетуге мүмкіндік береді. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласының 200 мыңға жуық жұмыскерінің жалақысы өседі», — деді Ә. Қуантыров.
Көміртекті бейтараптыққа көшуді қамтамасыз ету үшін Көміртекті бейтараптыққа қол жеткізудің 2060 жылға дейінгі стратегиясын іске асыру жөніндегі жол картасы әзірленетін болады. Онда парниктік газдар шығарындыларына квоталармен сауда жүйесін құру, сондай-ақ «жасыл» қорландыру, кәсіпорындардың, ғимараттардың энергия тиімділігін арттыру және басқа мәселелер қамтылатын болады.
Сонымен қатар «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктіру есебінен Шағын және орта бизнесті қолдау мен дамытудың кешенді бағдарламасы әзірленетін болады. Кешенді бағдарлама бәсекеге қабілетті және өсуге әлеуеті бар шағын және орта бизнесті қолдауға шоғырландырылатын болады.
Сондай-ақ бизнестің санатына және технологиялық күрделілік деңгейіне байланысты қолдау шараларының кең спектрі бар топтамалық шешімдер енгізілетін болады. Бұл ретте бизнестің қарсы міндеттемелері де олардың өмірлік циклының сатысына және бәсекеге қабілеттілік деңгейіне байланысты болады. Мұндай тәсілдерді неғұрлым күрделі тауарлар өндіруге және сыртқы нарықтарға шығуға ұмтылатын, өсу әлеуетін көрсететін бизнестің күшті және бәсекеге қабілетті орта сегментін дамыту мен қолдауды басымдыққа ала отырып, құру жоспарлануда.
«Орта бизнес сегментін кеңейту және кәсіпкерлерді бөлшектенуге ынталандырмау мақсатында кәсіпкерлік субъектілерінің өлшемшарттары қайта қаралатын болады. Бизнесті мемлекеттік қолдаудың операциялық тиімділігін жақсарту үшін “Бәйтерек” холдингін, оның ішінде цифрландыру арқылы құрылымдық трансформациялау жоспарлануда», — деді Әлібек Қуантыров.
Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесіне қатысу үшін кең қамтуды және қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында «Отбасы банктің» фокусы облыс орталықтарынан аудандарға, моноқалалар мен ауылдарға қайта бағдарланатын болады. «KazakhExport» базасында экспорттаушылардың қолдау шараларына қол жеткізуін жеңілдететін толыққанды экспортты ілгерілету институты құрылатын болады. Компанияларды дамыту жоспарлары шеңберінде квазимемлекеттік сектор субъектілерін бәсекелестік ортаға беру немесе оларды қайта ұйымдастыру жалғасады.
Осы жылдың соңына дейін 5%-ға дейін КЕГОК, 2024 жылы «Эйр Астана», 2025 жылы «QazaqGaz», «Қазақстан Темір Жолы», «Самұрық-Энерго» IPO/SPO-сы күтілуде. Халықтық IPO-да «ҚазМұнайГаз» IPO-сы сияқты ел азаматтарының өтінімдері басым тәртіппен қанағаттандырылыатын болады. «Самұрық-Қазынаның» бейінді емес активтерін одан әрі бәсекелестік ортаға беру жөнінде ұсыныстар әзірленетін болады.
Үкімет Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, олардың мемлекеттік органдардың құзыретімен қайталануы, сондай-ақ «YELLOW PAGES RULE» қағидаттарына сәйкестігі тұрғысынан квазимемлекеттік сектордың қызметіне мемлекеттік тексеру жүргізетін болады. 2025 жылдың соңына дейін квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий қолданылатын болады. ҚР Президенті Жарлығының жобасы Үкімет аппаратына енгізілді.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, агроөнеркәсіп кешенінде бастапқы өндірістен неғұрлым жоғары өңдеу өнімін шығаруға көшу мақсатында терең өңдеуге арналған инвестициялық субсидиялау нормативтері 50%-ға дейін арттырылатын болады. Сонымен қатар салық саясаты қайта қаралатын болады. Инвестициялар, оның ішінде трансұлттық компаниялардың инвестициялары белсенді тартылады.
Солтүстік Қазақстан облысының ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыру бойынша табысты тәжірибесі құс фабрикаларын, көкөніс сақтау қоймаларын және етті мал шаруашылығы кәсіпорындарын салуға қолданылатын болады. «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру жалғасады, оған 7 жылда 1 трлн теңге бөлінеді. Бұл 350 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, бағдармала 1 млн-нан астам ауыл тұрғыының табысын арттыруға оң әсер етеді.
Машина-трактор паркін жаңарту мақсатында ауыл шаруашылығы техникасын инвестициялық субсидиялау мен лизингті қаржыландыру ұлғайтылады. «Білім – ғылым – өндіріс» тиімді жүйесін қалыптастыру үшін Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы сатылас интеграцияланған агротехнологиялық хабқа трансформацияланатын болады.
«Ішкі нарықты қорғау мақсатында бірқатар шикізат тауарына экспорттық кедендік баждарды белгілеу және сезімтал тауарларды әкеліп-әкетуге шектеу енгізу ұсынылады. Сонымен қатар заңнаманы жетілдіру және оның жанында Талдамалық орталық құру арқылы Ішкі нарықты қорғау жөніндегі ахуалдық штабты институционалдық күшейту жүргізілетін болады», — деді ұлттық экономика министрі.
Экспорт географиясын кеңейту үшін бірыңғай терезе қағидаты бойынша мемлекеттік қолдау шараларын шоғырландыруға мүмкіндік беретін «Экспорттық-кредиттік агенттік туралы» жеке заңды қабылдай отырып, шетелдік іс-шаралар саны көбейтілетін болады.
Мемлекеттік сатып алу бойынша жинақталған проблемаларды шешу үшін бүгінгі таңда тиісті заң жобасы әзірленді. Ол сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруды, сатып алу процесін оңайлатуды, сатып алуды өткізу мерзімдерін қысқартуды көздейді. Жақын арада заң жобасы Парламент Мәжілісіне енгізілетін болады.
IТ саласында көрсетілетін қызметтер экспортының көлемін $1 млрд-қа жеткізу үшін 2026 жылға қарай Оңтүстік-Шығыс Азия және Таяу Шығыс елдерінде IT-хабтар ашылатын болады. Жасанды интеллектті дамыту мақсатында ірі халықаралық ойыншымен бірлескен кәсіпорын құрылатын болады.
Саланың тартымдылығын арттыру мен отандық және шетелдік инвесторларды венчурлық қаржыландыруға ынталандыру үшін заңнамалық түзетулер енгізу жоспарлануда. Олар инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау арқылы ірі дата-орталықтардың құрылысына инвестициялар тартуға бағытталған. Тұтас экожүйені дамыту мақсатында өңірлерде «Astana Hub» үлгісі бойынша технологиялық хабтарды ашу мәселесі пысықталатын болады.
«Еліміздің барлық мектебі отандық білім беру ресурстарына қол жеткізу кезінде тегін интернет-трафикпен қамтамасыз етілетін болады», — деді Әлібек Қуантыров.
Мемлекет басшысы көлік бағдарларының зор әлеуетін, Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша тасымалдау көлемінің 5 есе өсуін қамтамасыз ету мүмкіндігін, Солтүстік-Оңтүстік дәлізінің өткізу қабілетін 2 есе арттыру қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ мультимодальды тасымалдарды дамытуға және осы үшін қажетті инфрақұрылымды құруға байланысты мәселелер блогы бар.
Автомобиль жолдарын сапалы реконструкциялауды жүргізу бойынша ұзындығы 4,7 мың км (жалпы құны 7 трлн теңге) басым автожолдар жобалары айқындалды.
Осы мақсаттар үшін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу басталды және қаржыландыруды қамтамасыз етуге мүдделі халықаралық қаржы институттарымен келіссөздер жүргізілді.
Бақылауды қатаңдатуға келетін болсақ, инженерлік және авторлық қызметтердің жауапкершілігін күшейте отырып, сапаны бақылаудың бірыңғай республикалық жүйесі енгізілетін болады.
Бұдан басқа, 2025 жылға дейін жаңа технологиялар мен әлемдік практиканы ескере отырып, автожол саласының қолданыстағы 1200 нормативі қайта өңделетін және оңтайландырылатын болады.
Жаңа Бюджет кодексінде ұлттық мемлекеттік басқару жүйесінің ерекшеліктерін ескере отырып, блоктық бюджет элементтерін біртіндеп енгізуді де көздейтін өзгерістер болады.
Жергілікті бюджеттерге кемінде 2 трлн теңге сомасына қосымша кірістерді кезең-кезеңімен беру тетіктері пысықталып жатыр.
«Жалпы, Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мемлекеттік ресурстарды ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді және экономиканың дамуын ынталандырады. Сондай-ақ салық салу бөлігіндегі барлық тапсырмалар жаңа Салық кодексінің шеңберінде іске асырылатын болады. Айталық, геологиялық барлау үшін икемді фискалдық жағдайлар жасалады, экономикалық сараптама жүргізу мерзімдері қысқартылады. Өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа жобалар корпоротивтік табыс салығынан, жер және мүлік салығынан 3 жылға босатылады», — деді Ә. Қуантыров.
Сондай-ақ АӨК-тегі ірі қайта өңдеу кәсіпорындары үшін ынталандыру беріледі, жергілікті билік органдарының жергілікті салықтар бойынша жеңілдіктер берудегі өкілеттіктері кеңейтіледі.
Салық жеңілдіктерінің сомасы және салықтар мен төлемдердің саны 20%-ға, ал салық есептілігі нысандарының саны 30%-ға қысқарады.
Банктерге салық салу бойынша бірқатар өзгерістер енгізілетін болады.
Прогрессивті салық салу бөлігінде жеке табыс салығы мөлшерлемелерінің шкаласын белгілеу ұсынылады.
Бөлшек салық режимін қолдану үшін қызмет түрлерінің тізбесін кемінде 2 есе кеңейту туралы Үкімет қаулысының жобасы әзірленетін болады.
Бизнестің ұсыныстарын ескере отырып, қосылған құн салығын қайтару қағидаларына өзгерістер дайындалды.
«Ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, қосылған құн салығын әкімшілендірудің жаңа тұжырымдамасы әзірленді, ол жаңа Салық кодексінің шеңберінде де пысықталады», — деп атап өтті министр.
Білім алудағы теңдікті қамтамасыз ету мақсатында цифрлық білім беру ресурстарына тегін қол жеткізуге мүмкіндік берілетін болады.
Психологиялық қызметті институционалдық күшейту жөнінде шаралар қабылданатын болады. Қызметтер әдістемелік сүйемелдеуді қамтамасыз етеді және балалар мен ата-аналарға мектептен тыс уақытта тегін кеңес беруге мүмкіндік береді.
Зорлық-зомбылық және буллинг құрбандарына көмек көрсету үшін «111» бірыңғай байланыс орталығын құру жоспарлануда. Сондай-ақ ведомствоаралық бағдарлама арқылы зорлық-зомбылық және буллинг құрбандарына көмек көрсетудің тиімділігін арттыру бойынша шаралар қабылдау жоспарланып отыр.
«Еңбек нарығын техникалық және жұмысшы мамандықтар бойынша мамандармен қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік тапсырыс санын ұлғайту жөнінде жұмыс жалғасады. Өңірлер кәсіпорындармен және колледждермен әріптестік туралы ұзақ мерзімді үшжақты келісімдер жасайтын болады. Сондай-ақ экономиканың басымдықтарына, өңірлік және салалық ерекшеліктерге байланысты техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын қаржыландырудың икемді тетіктері қалыптастырылады», — деді Ә. Қуантыров.
«КЕЛЕШЕК» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі енгізіледі, ол бес жастағы балалардан бастап қамтиды. «КЕЛЕШЕК» жүйесін енгізу жобасы жеңілдетілген білім беру несиесі мен сараланған грант алу тетігін интеграциялауды көздейді. Жобаны іске асыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына өзгерістер енгізу талап етіледі.
«Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы әзірленді. Заң жобасы шеңберінде ұлттық ғылыми және инновациялық жүйені, сондай-ақ елдің ғылыми-технологиялық саясатын басқаруды жетілдіру көзделген.
Тұтас инновациялық экожүйені қалыптастыру үшін барлық облыс орталықтарында академиялық артықшылық бағдарламасын және «Мамандығым – болашағым» жобасын іске асыру бойынша жұмыс жалғасады.
Ең төмен жалақыны 85 мың теңгеге дейін көтеру үшін «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасына өзгерістер енгізіледі.
Платформалық жұмыспен қамтуды және онда жұмыс істейтін адамдардың еңбек құқықтарын реттеу шеңберінде интернет-платформаларды пайдалана отырып қызмет көрсететін адамдарды салықтық әкімшілендірудің өзге тәртібі пилотты түрде сынақтан өткізіледі.
Бұл ретте тіркелген мөлшерлемесі бар оңайлатылған салық режимін 2025 жылдан бастап енгізу ұсынылады (4%: ЖТС – 1%, ӘА – 1%, МЗЖ – 1%, МӘМСЖ – 1%).
Зиянды еңбек жағдайларында жұмыспен қамтылған адамдарды қолдау үшін арнайы әлеуметтік төлемді енгізу мақсатында тиісті Заңдарға түзетулер енгізілетін болады.
2023 жылдың соңына дейін 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы және Еңбек нарығын дамытудың кешенді жоспары қабылданады.
Үкіметтің, орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің өкілеттіктері өзектілендіру, орталықсыздандыру және функциялардың аражігін ажырату тұрғысынан қайта қаралады.
Бұдан басқа Үкімет пен Президент Әкімшілігі арасында шешімдерді келісуді түбегейлі қысқарту жөніндегі мәселелер қаралады.
Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауын пилоттық режимде өткізу үшін заңнамалық база өткен жылы дайындалған.
Сайлау алдындағы науқанды бастау үшін облыс мәслихаттарының пилоттық өңірлердің тізбесі және әкімдер сайлауын өткізу күні туралы шешімдер қабылдауы күтіліп отыр.
Сондай-ақ мемлекеттік жоспарлаудың тиімді жүйесін құру мақсатында салааралық өндірістік өзара байланыстар ескеріле отырып, мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттары арасындағы корреляцияны қамтамасыз етуге баса назар аударылады.
Салалық құжаттарды жоспарлау өндірістік және инфрақұрылымдық ресурстардың болуын ескереді, сондай-ақ расталған қаржылық ресурстармен байланысты болады.
«Қазіргі уақытта “Қазақстан-2050” стратегиясын және 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарын өзектілендіру бойынша жұмыс жүргізіліп келеді. Бұл құжаттар елдің ұзақ мерзімді және орта мерзімді жоспарлау негізін құрады. Жоғарыда аталған шараларды іске асыру 2029 жылға қарай экономиканың өсу қарқыны мен көлемін екі есеге арттыруға мүмкіндік береді», — деп мәлімдеді министр.
Қазіргі таңда 2024-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында жалпы ішкі өнімнің өсуі 5-6% болып табылады. Оның нәтижесінде, республикалық бюджет жобасы қалыптастырылды.
Алайда, жолдауда қойылған жаңа міндеттерді ескере отырып, экономиканың өсуі кемінде 6-7%-ға өзгерілетін болады.
Оған қарамастан, қолданыстағы болжам бойынша 2028 жылы жалпы ішкі өнім $475 млрд-қа дейін өседі.
Инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен өңдеу өнеркәсібіндегі және агроөнеркәсіптік кешендегі өсу 2024-2028 жылдары жалпы ішкі өнімнің өсуіне ықпал етеді. Инвестицияларды игеру аясында құрылыс саласында орнықты өсу күтіліп отыр.
Нақты сектордағы өндірістің өсуі көрсетілетін қызметтер секторының дамуына ықпал етеді.