Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетов Атбасар түрмесіндегі қызметкерлердің сотталушыдан әжетхана тазалауды талап етуі қаншалықты заңды екенін айтты.
Фото: pixabay.com
«Бізде Қылмыстық атқару кодексінде №121-ші бап бар. Әр сотталушы апта сайын екі сағат өзі қамауда отырған аумақты абаттандыру бойынша ақысыз жұмыс істеуге міндетті. Бұл тек санитарлық торапты жуу ғана емес, тазалық және бояу жұмыстарын да қамтиды. Аптасына екі сағат – кез келген режимдегі мекемеде әр сотталушының міндеті. Ол талаптарды орындамау – режимді қасақана бұзу. Оның жазасы Қылмыстық-атқару кодексінде көрсетілген – тәртіптік изоляторға жіберу», - деді Жанат Ешмағамбетов, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сондай-ақ, ол сотталушының бұл талапқа бағынбауға хақы жоқ екенін еске салды.
«Оның басқа таңдауы жоқ. Бізде іштегі тәртіптің ережелері бар. Сол жерде қандай жұмыстар істеуге міндетті екені айтылған. Олардың тиісті кестесі бар. Сол кестедегі жұмысты істеуге міндетті», - деді комитет басшысы.
Еске салсақ, Ақмола облысының Атбасар түрмесіндегі сотталғандарға қатысты күш қолдану дерегі бойынша прокуратура сотқа дейінгі тергеуді бастағанын жазған едік.
Кейін осы оқиғаға байланысты Амола облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы қызметінен шеттетілді.