Өңірде қызылша ауруы өршіп келеді. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық департаментінің басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев дәл осылай деп дабыл қақты. 8 қыркүйектегі есеп бойынша 39 адамнан қызылша ауруы анықталған. Тағы төрт науқастан алынған сынаманы мамандар жіті зерттеуде.
Мұстаев қызылшаға шалдыққандардан 1 жасқа дейінгі сәбилер арасында 5 жағдай (12,8 %), 1-14 жас аралығында балалар арасында 17 (43,5%), ересектер арасында 17 жағдай (43,5 %) тіркелгенін хабарлады. Науқастардың 20-сы қызылшаға қарсы екпе алмаған, оның ішінде алты баланың ата-анасы екпе алуға қарсы болған. 11 емделушінің вакцина алғаны жөнінде нақты құжаты жоқ. Бірақ 8 бала (тең жартысы екі мәрте егілген) қызылшаға қарсы екпе алғанымен, осы ауруды жұқтырғаны анықталып отыр. Аурудың таралу көрсеткіші бойынша Орал қаласында – 27, Ақжайық ауданында – 5, Бөрліде – 4, Қаратөбеде – 1, Бәйтеректе – 1, Теректіде 1 жағдай тіркелді.
– Қызылша – жіті вирусты өте жұқпалы ауру. Дертке шалдыққан адамның денесі бөртеді, қызуы көтеріледі, құсады, көзі қанталап (конъюнктива) және тыныс жолдары зақымданады. Бөртпе пайда болғанға дейінгі алғашқы төрт күнде науқастың жұқпалы дертті өзгелерге жұқтыру қаупі жоғары. Вирус адамнан адамға жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде жұғады. Ауру асқынса, оның салдары өлімге де соқтыруы ықтимал. Қызылшаға қарсы вакцина Ұлттық иммундау күнтізбесіне енгізілген. Балаларға қызылшаға қарсы егу бір жаста, ал ревакцинация алты жаста жүргізіледі. Мектеп оқушылары жеке гигиенаға көңіл бөлуі қажет, - деді Нұрлыбек Мұстаев.
Нұртай Текебаев
zhaikpress.kz