Киік мәселесі қазіргі таңда өзекті болып тұр. «Ауруын жасырған өледі» демекші, бар мәселені жоқ деп айта алмаймыз. Аудан тұрғыны ретінде аталмыш мәселеге өз басым қатты алаңдаймын.
Дүниежүзілік ақпараттарға сүйенсек, ақбөкендердің тоқсан пайызға жуығы Қазақстанның кең байтақ даласында мекендейтіндігі белгілі. Елімізде киіктің үш популяциясы бар екен. Бетпақдала, Орал және Үстүрт болып бөлінеді. Соның Оралға кіретіні Ақжайық, Жәнібек, Бөкей ордасы, Жаңақала, Казталов және Тасқала аудандары. Бабаларымыз киікті киелі жануарлар қатарына қосып, оны атуға немесе қорлауға болмайтындығын бойымызға сіңірді. Ауылшаруашылық саласына киіктердің көбеюі кері әсерін тигізуде. Әсіресе нәпақасын жерден тапқан шаруалар мен диқаншыларға оңай болмай тұр. Бұған қарсы әрекет тек облыс көлемінде емес, Үкімет деңгейінде шешімдер қабылдануы қажет деп есептеймін. Осы ауданның дамуы мен алға жылжуына аз да болса да үлесімді қосқан маман ретінде киік мәселесін оңтайлы қолға алсақ екен деген пікірімді білдіремін. Бұған дейін бұндай мәселе тек көршілес Казталов және Жәнібек аудандарында еді. Қазіргі таңда ақбөкендер шөп пен су іздеп, біздің шекарамыздан да басып өтті. Бүгінде Мереке, Шежін, Атамекен, Мерей және Оян ауылдарының маңын мекендеп үлгерді. Қазірдің өзінде бұл мәселе жергілікті шаруаларға үлкен кесірін тигізуде. Сөзімді қорыта келе, «aрбаны да сындырмайтындай, өгізді де өлтірмейтіндей» шешім шығарылса екен ойымды білдіргім келеді.
Ганмирлан Тұрғаналиев
Тасқала ауданының тұрғыны