Облыс әкімінің аппарат кеңесінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауынан туындайтын іс-шаралар талқыланды.
– Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Жолдауында елдің дамуын айқындайтын бірқатар міндет жүктеді. Осыған орай 6 қыркүйекте өткен Үкімет отырысында Жолдауды іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы талқыланып, бекітуге ұсынылды. Аталмыш жоспарда Жолдауда айтылған барлық бастама мен тапсырма қамтылған. Аталған құжат жедел экономикалық өсімге, инфрақұрылым мен инновацияларды дамытуға ықпал ететін жаңа экономикалық саясатты іске асыру жөніндегі маңызды міндеттерді шешуге бағытталған. Соның аясында облыстық деңгейде өтетін іс-шаралар жоспарын бекітуіміз қажет. Онда әрбір салаға қатысты ұсыныстар мен атқарылуы тиіс шаралар қамтылуы тиіс, – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
Айта кету керек, жалпыұлттық іс-шаралар жоспары 13 бағыт бойынша 100 іс-шарадан, жүйелік және салалық шаралар кешенінен тұрады.
Кеңес барысында облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Бибігүл Қонысбаева Жолдаудан туындайтын шаралар мен атқарылуы тиіс іс-шаралар жөнінде баяндады. Мәселен, өңдеу өнеркәсібі саласында ірі кәсіпорындардың шикізатты, концентратты және бастапқы металды кезең-кезеңмен қайта өңдеу жөніндегі міндеттемелері заңнамалық деңгейде бекітілмек. Бұл ретте мемлекеттік қолдау шараларын тек орта және жоғары қайта өңдеу өнімдерін өндірушілер алады. Облыста соңғы 4 жылда өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 1,3 есеге ұлғайған. Биылғы өндіріс көлемі – 285 млрд теңге. 2029 жылға дейін бұл көрсеткіш 405,5 млрд теңгеге дейін ұлғаймақ.
– Мемлекет басшысы қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту бойынша нақты міндеттер қойды. Бұл тапсырма қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамытудың арнайы қоры арқылы жүзеге асырылады. 2023 жылы мемлекеттің қолдауымен «Орал «Зенит» зауыты» АҚ, «Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ, «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ және «Оралагрореммаш» АҚ-мен жалпы сомасы 38 млрд теңгеге 35 келісімшартқа қол қойылды. Өңдеу өнеркәсібінде 2023-2027 жылдары 7,7 мың жұмыс орнын құру мақсатымен 2 трлн теңгеге 35 жобаның пулы қалыптастырылды. Биылғы 8 айда 17,4 млрд теңгенің 21 жобасы іске қосылды, – деді Бибігүл Тишанқызы.
Спикердің айтуынша, облыстың геологиялық әлеуетін кеңейту және пайдалы қазбаларды өндіру үшін қажет ресурстарды ұлғайту, салықты төмендету арқылы инвесторларды ынталандыру, кен орындарының санын арттыру қажет. Бұл іс-шараларды жүзеге асыру үшін ҚР «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізуге ұсыныстар қарастырылмақ. Өңірдегі «ҚПО б. в.» компаниясының Қарашығанақты кеңейту жобасы шеңберінде 5-компрессор салынуда (1-кезең). Оның құрылысы 2025 жылы аяқталмақ. Сонымен қатар жобаның 6-компрессорын (2-кезең) іске қосу 2028 жылға жоспарланған. Бұл қуаттылығы жылына 4 млрд текше метр құрайтын газды қайта өңдеу кешенін іске қосуға мүмкіндік береді. Осы ретте өңір басшысы «Жайықмұнай» және «Урал Ойл энд Газ» ЖШС-лардың газ өңдеуге қауқарлы екенін ескеру қажеттігін де қаперге салды.
Облыстағы электр желілері мен қосалқы стансалардың негізгі бөлігінің тозуы 82%-ды құрайды. Өңірдің кешенді даму жоспары аясында 2023-2025 жылдары жалпы сомасы 20,0 млрд теңгеге 2 мың шақырым электр желісін қайта құру жоспарланған. Осыған орай 8 жобалау-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірленген, 4 ЖСҚ дайындалуда. Электр энергиясын генерациялауды (өндіру) кеңейту мақсатында жыл соңына дейін Орал қаласының жылу электр орталығының («Жайықжылуқуат» АҚ) 1-турбоагрегатын жаңғырту көзделген. Ол іске қосылған кезде электр энергиясын өндіру 12 МВт-қа өспек. Сондай-ақ 2025 жылы қуаты 132 МВт «Батыс Пауэр» ЖШС-ның газ-турбиналық электр стансасының екінші кезеңін іске қосу жоспарлануда.
– Облыстың электрмен жабдықтау желілерінің 82%-ы, жылу электр орталықтары жабдықтарының 87%-ы, ал су құбыры және кәріз желілерінің 61%-ы тозған. Бұл осы салада ауқымды инвестициялардың қажеттігін растайды. Бірінші кезекте, коммуналдық кәсіпорындардың шығындарын оңтайландыру және тарифтерді қайта қарау қажет. Тариф белгілеудің жаңа саясаты қысқы маусымға дайындықты қаржыландырып, аталмыш кәсіпорындардың өндірістік активтері мен қызмет көрсету сапасын жақсартуға ықпал етеді деп санаймыз. «Жайықжылуқуат» АҚ-ның тарифі 14%-ға өсті. «Батыс су арнасы» ЖШС 27% өсіммен және «Ақсайжылуқуат» МКК 20% өсіммен жаңа тарифті бекітуге өтінім берді, – деп атап өтті спикер.
Өңірде 25 су қоймасы, 3 тоған, 39 суландыру каналы мен 31 лиманды суару учаскесі бар. Бұл су шаруашылығы нысандары қазір коммуналдық меншікте. Енді облыстың су шаруашылығын тиімді жүргізу үшін оларды республикалық меншікке, яғни «Қазсушар» РМК БҚО филиалының теңгеріміне беру қарастырылмақ. Аталмыш ұйым өңірдегі барлық суару-суландыру жүйесін пайдаланып, су тұтынуды аутоматтандыру және оңтайландыру жұмысын қолға алмақ. Сонымен бірге 9 магистральды канал бойынша жұмыс қызу жүргізілуге тиіс. Себебі Жәнібек суару-суландыру жүйесін, Бітік, Дөңгелек, Пятимар су қоймаларын қайта құру, Казталов ауданындағы Жалпақтал ауылынан жоғары Үлкен Өзен бойында 2 су қоймасын салу, Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесінің Шаған және Көшім магистральды каналдарын механикалық тазалау жоспарлануда.
Бибігүл Тишанқызы елдегі кәсіпкерлік саласында шағын және орта бизнесті қолдау мен дамытудың кешенді бағдарламасы даярланатынын айтты. Ол бәсекеге қабілетті әлеуеті жоғары шағын және орта бизнес субъектілерін қолдауға бағытталмақ. Жекешелендірудің кешенді жоспары шеңберінде облыс бойынша 18 коммуналдық меншік бәсекелі ортаға берілмек. 2025 жылға дейін 255 қазыналық кәсіпорынды мемлекеттік мекеме ретінде қайта ұйымдастыру арқылы квазимемлекеттік сектор субъектілерін 340-тан 85-ке дейін қысқарту жоспарланған. Ал агроөнеркәсіп саласына келсек, өңірде алдағы үш жыл ішінде өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін жеткізу міндеті тұр. Болжам бойынша 2026 жылы сүт пен кілегейді қайта өңдеу көлемі 43%-дан 70%-ға, ет және тағамдық субөнімдер – 52%-дан 70%-ға, бидай дәні – 91%-дан 93%-ға және күнбағыс майы өнімдері – 37,3%-дан 70,7%-ға дейін артады.
«Облыстың көлік қатынастарын нығайту шеңберінде ұзындығы 330 шақырым Орал – Индербор теміржол желісін салу мәселесін қарастыру қажет. Біздің өңір мультимодальды тасымалдарды дамытуда зор әлеуетке ие.
Әуе тасымалы мен жол инфрақұрылымы саласында ірі жобалар жоспарлануда. М. Мәметова атындағы Орал халықаралық әуежайының рейстері мен бағыттар санын арттыру мақсатында перрон мен рульдеу жолын қайта құруға жоба әзірленеді. Жалпы 2026 жылға қарай жолаушылар ағынын 1,5 млн адамға жеткізу жоспарда бар. «Сырым», «Тасқала», «Ақсай» өткізу бекеттерін жаңғырту үшін 8,0 млрд теңгеге үш жоба әзірленуде. Өңірдегі нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі небәрі – 46%.
Биыл 80,3 млрд теңгеге 615 шақырым жолды жөндеу жоспарлануда. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында облыстық және аудандық маңызы бар 1800 шақырым аутожол жөнделеді», – деді Б.Қонысбаева.
Баяндамашының сөзінше, бюджет шығындарының тұрақтылығын және бюджет қаражатын басқарудың икемділігін арттыру үшін бірнеше министрлік пен өңірде пилоттық режімде блоктық бюджет жобасын енгізу жоспарланған. Бибігүл Тишанқызы республикада бір өңірдің аумағында жұмыс істейтін, бірақ басқа облыста тіркелген компаниялардан түсетін салық түсімдерін әділ бөлу мәселесі өзекті екенін айтты. Осыған байланысты өңірлердің бюджеттік дербестігін арттыру үшін жаңа Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет. Өңдеуші өнеркәсіптің жаңа жобалары корпоративтік табыс салығынан, жер салығынан және мүлік салығынан үш жылға босатылады. Жергілікті құрылымдардың салықтар бойынша жеңілдіктер беру өкілеттіктері кеңейтіледі.
Басқарма басшысының айтуынша, Халықаралық электр байланыс одағы мен GIGA бастамасы (GIGA мақсаты – әлемдегі кез келген мектепті байланыспен қамтамасыз ету – Авт.) бір мектепке интернет жылдамдығы кемінде секундына 20 мегабит болуы керек деген талап қояды. Giga ұсынысы бойынша 400-ден астам оқушысы бар мектептер үшін 20 оқушыға кемінде 1 Мбит/с интернет желісі қолжетімді болуы керек. Біздің облыста аталған өлшемшартқа (критерий) 197 мектеп сәйкес келмейді. Бұл мақсатқа жету үшін 89,2 млн теңге қажет. Азаматтардың табысын ұлғайту мақсатында 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеге дейін көтеріледі. Батыс Қазақстан облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына түзету енгізілмек.
«Сүт және сүт өнімдерін, ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеуге күш салуымыз керек. Осыған байланысты сіздердің қандай жоба-жоспарларыңыз бар?» – деген өңір басшысы Нариман Төреғалиұлы құзырлы басқарма басшыларына сөз берді. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Наурызбай Қарағойшиннің айтуынша, өңірде 2023-2029 жылдарға арналған 39 инвестициялық жобаға 166 млрд теңге бекітілген. Биыл 13 жоба жүзеге асуда. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұржан Өтепбаевтың мәліметінше, биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау тетігі шеңберінде 13,5 млрд теңгеге 333 жоба мақұлданған. Сондай-ақ негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 31,9%-ға өсіп, 305,7 млрд теңгені құраған. 2023 жылға белгіленген нысаналы индикатор – 575,2 млрд теңге. Облыс әкімі өңірдегі өңдеу өнеркәсібінің қарқыны төмен екенін айтып, жұмысты ширатуды тапсырды.
– Өңірдегі колледждер жастарды түрлі мамандыққа даярлауда. Бірақ нарықтағы сұраныс ескерілмейді. БҚО «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, кәсіпкерлік және бі-лім беру басқармаларының басшылары, осы мәселені пысықтауларыңыз қажет. Ол үшін барлық бизнес өкілімен кездесіп, оларға қандай мамандық иелері керек екенін анықтаңыздар. Бұл тапсырма бір айдың ішінде орындалуы шарт. Мамандарды нарықтағы сұранысқа қарай даярлауымыз керек.
Себебі өңірдегі шаруашылықтарды, кәсіпорындарды аралап жүргенде механизаторлардың, кран және басқа да көлік жүргізушілерінің тапшы екені жиі айтылады, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ БҚО «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына бір айдың ішінде жергілікті кәсіпкерлермен, инвесторлармен кездесіп, олардың өңірге қандай инвестиция тартқысы келетінін, қандай проблемалары бар екенін анықтауды тапсырды. Нариман Төреғалиұлы аталған іс-шаралар бекітілген соң, олардың үш жылдың ішінде орындалуы тиіс екенін еске салды.
Ясипа Рабаева
zhaikpress.kz