18.09.2023, 16:30
Оқылды: 132

Теректіде еске алу кеші өтті

Теректі аудандық кітапханасында еліне адал қызмет еткен ұстаз, ақын, журналист Ақмаржан Таубаеваның 65 жылдығына арналған «Ақжайықтың ақмаржаны» атты еске алу кеші өтті. Шараға қатысушылар ең алдымен «Мен – Жайықтың перзентімін» кітап көрмесін және бейнебаянды тамашалады.

594520DE-BBCE-4FC3-9968-B3FF89789052

Айта кетейік, Ақмаржан Таубаева 1958 жылы 17 қарашада  Теректі ауданы, Қандық ауылында дүниеге келген. 1976-1979 жылы Орал педагогикалық училищесінде оқыды. 1979-81 жылдары аралығында  Қандық негізгі орта мектебінде бастауыш сыныпқа сабақ берді. 1983 жылы ҚР Журналистер Одағының мүшесі болып, «Жайық ұстазы» газетінің бас редакторы лауазымын атқарды. 1981-1990 жылдары Ақжайық аудандық, облыстық «Орал өңірі» газеттерінде жұмыс істеді.

2001 жылы ақынның «Жайықтың ақ самалы» тұңғыш жыр жинағы жарық көрді. «Нұр апасы Жайықтың», «Асыл арқау», «Ұстаздар әлемі» жинақтары шыққан. Өлеңдері «Қазақстан әдебиеті – 2000» байқауы қорытындысы бойынша «Күміс күйме» жинағына енген. Сондай-ақ «Ұстаздар әлемі» сұхбаттар мен очерктер жинағы қалың оқырманға жол тартты.

Кеш барысында оқушылар ақын апаларының өлеңдерін нақышына келтіре оқыды. Сонымен қатар  меймандар «Жайықтың ақ самалы» атанған Ақмаржан Таубаеваны сағынышпен еске алып, ізденгіш те іскер, парасатты да аяулы жанның жырға құштарлығы, сырлы сазға бөлейтін жырлары хақында әдемі естеліктер айтты.

Ақын өмірден өтсе де, оның салған сара жолы өлмек емес. Ақмаржан Бақытқызын Жайық өңірінің ұстаздары, бауырлары, әріптестері бір сәтке де естен шығармай, оның жарқын жүзін мәңгі естерінде сақтап, жадыларында жаңғыртады.

Айшабибі Мәмет

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале