19.09.2023, 9:45
Оқылды: 27

БҚО: Ресей импорты кәсіпорынды кідіртуде

ҚР Парламенті Сенатының аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшелері өңірімізге келді.

730B72E1-FFDA-4D51-B769-C4667EBF5726

Сапарын «World Green Company» ЖШС жылы­жай кешенінің жұмы­сымен танысудан бастаған Сенат депутаттары серіктес­тіктің қазіргі жағдайына қанығып, кәсіпорынның не себепті толық қуатында жұмыс істемей жатқанын сұрап білді.

Осыдан бірнеше жыл бұрын жұмысын бастаған жылыжай кешені 150 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жылына 8000 тонна көкөніс өндіруге қауқарлы. 12 гектар аумақты алып жатыр, қияр мен қызанақ өсіреді. Ондағы жұмыс толықтай аутоматтандырылған. Осы күні кәсіпорыннан шыққан өнім облысты қамтып отыр. Сондай-ақ Астана, Атырау, Қарағанды қалалары мен солтүстік көршіміздің кей аймақтарынан да «World Green Company» ЖШС-ның қияры мен қыза­нағын кездестіресіз.

– Қараша айының басында биыл егілген қызанақ өнім бере бастайды. Содан маусымға дейін үздіксіз жинаймыз. Ал қияр екі рет өнім береді. Облыс аумағында тарайтын қияр мен қызанақтың денін біз өсіріп отырмыз. Десе де, жылыжай толық күшінде жұмыс істемей тұр. Оған электр энергиясының тапшылығы себеп. Энергетиктер биыл шілденің 1-інен бастап, еліміздегі тарифтерді теңестіруді бастады. Электр қуатының құнына 10 теңгедей қосылды. Біз сияқты аяғына жа­ңа тұрып жатқан кәсіпорын үшін бұл тиімсіз екенін айтып, бармаған жерім, баспаған тауым қалмады. Жаңа тариф ережесін министрліктер бекітіп қойды деген жауап алдым, - деді «World Green Company» ЖШС-ның бас директоры Мұрат Ибрагимов.

Одан бөлек жылыжай кешені дәл жанында тұрған электр стансасына да қосыла алмай отыр. Серіктестіктің ди­ректоры қазанның басынан бастап жылыжай толықтай электр желісімен қамтылуы керек екенін айтып, аудандық электр торабынан бастап, «KEGOC» компаниясына дейін хат жазған. Бірақ ешқандай жауап болмапты.

Теңестірілген тариф ереже­сі тек бізді ғана емес, еліміздегі біраз жылыжайды тығырыққа тіреуі мүмкін. Қазанның басынан бастап өзімізге қажетті 13 мВт тоқ алмасақ, өнімнің көп бөлігінен айырылып қаламыз, - деді Мұрат Ибрагимов.

Ел экономикасына үлес қосып, қазақстандық өнімді шетелге шығарып отырған кәсіпорын жұмысына оң бағасын берген халық қалаулылары алдағы уақытта арнайы комиссия тобын жасақтап, жылыжай иелерін мазалаған мәселелердің шешілуіне атсалысатынын айтты.

Депутаттар  «Желаев астық өнімдері» комбинатында да болды. Облыс мақтанышына айналып үлгерген ірі кәсіп­­орынның экспорт көлемі шы­ғарылған өнімнің 50 пайы­зын құрайды. Комбинат өнім­нің біраз бөлігін Ресейге жолдаса, қалғанын Ауғанстан, Түркіменстан, Тәжікстанға та­сымалдайды. Ұн өнімдері елі­міздің Атырау, Ақтау, Ақтөбе облыстарында және өз өңі­рі­мізде саудаланады.

Кәсіпорын 1978 жылы элеватор ретінде құрылған. Содан бері үздіксіз жұмыс істеуде. Жаңа ғасыр басында үш макарон фабрикасын салып, жаңа  кәсіп түрін бастаған комбинат – осы күні өңірдегі іргелі өндіріс орындарының бірі. 500-ден астам тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Диірмен күніне 500 тонна ұн шығаруға қауқарлы. Бидай қабылдайтын элеватордың сыйымдылығы – 150 мың тонна. «Желаев астық өнімдері» комбинаты» АҚ-ның директоры Алмагүл Хамитованың айтуынша, биыл комбинат облыс шаруаларынан 40 тонна бидай қабылдаған.

– Біздің облыста өсірілетін бидай сапасы орташа саналады. Сол себепті жақын маңдағы Ресейдің облыстарынан шикізат аламыз. Былтыр көршімізден 50 мың тонна бидай сатып алдық. Осы күні Ресейден бидай импорттауға шектеу қойылды. Бұл біздің мекеменің жұмысына кері әсерін тигізеді. Өйткені жақсы өнім шығару үшін бізге жоғары сападағы бидай керек, - деді «Желаев астық өнімдері» комбинаты АҚ директоры Алмагүл Хамитова. Сондай-ақ комбинат басшысы осы күні шикізат тасымалдау барысында қиындық туындап отырғанын жеткізді.

– Бидайды  алып келген вагондар қаңтарылып тұрады. Стансадағы вагонды кәсіп­орынға алып келудің өзі азап. Бидайды тиеп алғанша тұрып қалған басқа вагон үшін ақша төлейміз. Одан соң жөндеуі бар. Ол аз десеңіз, айыппұл салады, - деді комбинат директоры Алмагүл Хамитова.

Осы күні жергілікті комбинат өндірген ұнның саудада бәсі төмен екені, өтпей тұрғаны сөз болды. Өйткені Ресейден келген арзан ұн нарықты жаулап алған.

– Көрші елден келген төмен бағадағы ұн біздің өнімнің өтімділігін төмендетуде. Өңір­дегі нан өндіретін кәсіп­­орындар бағасы арзан деп сапасы күмәнді ресейлік ұнды алады. Амалсыздан өтпей жатқан бірінші сортты ұнды Ауған еліне экспорттауға мәж­бүрміз, - деді А.Хамитова.

Бірақ әдеттегідей вагон жетіспеуі немесе кешігіп келу себепті экспортқа кететін та­уардың өзін шығаратын мүм­кіндік болмай жатыр.

Депутаттар комбинат өні­мін Қытай нарығына шығару жайын ұсынды. Бірақ шығыс көршіміздің ұн мен нан өні­міне деген арнайы стандарты мен ерекше сұра­нысын қанағаттандыру оңай шаруа емес. Сол себепті кәсіпорын өнімі Қытайға жөнелтілмей жатыр.

Сенаторлар Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университе­тіндегі генетикалық зертха­наға да тоқтады. Облысымыз­дағы генетикалық тест жасайтын жалғыз мекеме  халықаралық сертификатқа ие. Жылына 7 мыңға жуық зерттеу жұмысын жүргізетін зертха­на жұмысы жолға қойылған. Мал етін экспорттау үшін жануардың қан құрамына талдау жасалады.

Сынақ орталығының директоры Индира Бейшованың айтуынша, осы күні зертхана мамандары жылқы мен бекіренің тұқымын зерттеуді қолға алған. Соның арқасында еліміздегі асыл тұқымды жылқылардың генофондын анықтап, оларды әлемге танытуға болады.

– Біз биыл үш ғылыми жобаға грант ұтып алдық. Оның бірі еліміздегі ақбөкендердің популяциясын зерттеуге, қалғаны қазақтың ақбас тұқымды ірі қарасы мен отандық төрт жылқының геномын анықтауға бағытталады. Осы арқылы біздің бренд саналатын мал тұқымдарының әлемге танылуына үлесімізді қосқымыз келеді, - деді сынақ орталығының директоры Индира Бейшова.

Ауыл шаруашылығы мәселелерін қаузай келген депутаттар сапар қорытындысында қолданыстағы заңнамалық құжаттарға тиісті өзгертулер енгізу үшін заң жобаларын талқылаған кезде әр өңірден жиналған аманаттар негізінде ұсыныстар білдіруге мүдделі екенін айтты.

– Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығы саласында орын алған көптеген мәселе айтылды. Аграрлық салада орын алған біраз келеңсіздіктің жайы белгілі болды. Оны шешудің жолдары көрсетілді. Енді Үкімет оларды шешудің жолын табуы керек. Ал Парламент оған тиісті заң жобаларын ұсынуы қажет. Сапарымыздың негізгі мақсаты – заң жобаларын талқылаған кезде өңірлерде орын алған мәселелерді шешетіндей низам қабылдауға ықпал ету. Сондай-ақ ел Президенті жүктеген міндеттердің орындалуын қадағалау, - деді ҚР Парламенті Сенатының аграрлық мәселелер, Табиғатты пайдалану және ауыл-аймақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев.

Сонымен қатар депутаттар су шаруашылығына қатысты мәселелермен таныспақшы екенін айтты.

Университет зертханасынан шыққан соң сенаторларға білім ордасының ғылым саласындағы жетістіктері таныстырылды.

Түгелбай Бисен

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале