19.09.2023, 15:45
Оқылды: 88

Теректі ауданындағы сарқынды су сан соқтырмасын

Облыстық экология департаменті, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, Теректі ауданы әкімдігінің назарына!

213855CC-59B8-4FDF-8A5F-48BD8E4B5C5F

Теректі ауданының Ақжайық ауылында сиырлар қоқыс алаңының дәл ортасында орналасқан шұңқырдағы сарқынды суды ішіп жүр. Ауыл тұрғындары күнделікті тұтынып отырған сиыр сүтінен жаппай жұқпалы дерт тарай ма деп қауіптенеді. Олардың ауыл әкіміне сарқынды су құйылатын шұңқырды тас қылып қоршау керек екенін айтып, дабыл қағып жүргендеріне бірнеше жыл болған. Әлеуметтік желілерде жауапты құрылымдарды белгілеп, бірнеше мәрте жазба қалдырған. Бірақ «Еститін Үкіметтің» өңірдегі өкілдерінің бірде-бірі әлі күнге тұрғындар талабына құлақ асып, нақты нәтиже шығара қоймапты.

Мәселенің мән-жайын білмекке сенбі күні тура сол ауылға жол тарттық. Қаладан келетін күрежолдың сол жақ бетінде қоқыс алаңы орналасқан. Осында қатты тұрмыстық қалдықтар мен күл-қоқыс төбе-төбе болып жатыр. Үйінділердің арасында алақандай көлшік бар. Шұңқыр ернеуінде қалқиып тұрған тіреулерге бірі жуан, бірі жіңішке ескі ағаш тақтайларды шегелеп, жамап-жасқап қойған.

92D9F8AF-9D5A-43B4-9AD8-E103454F3A5A

Әлбетте, мына шарбақты берік қорған, тас қамал дей алмаймыз. Сусап келген сүзеген сиырлар қалқиған ағаш қаңқаны жапырып, тас-талқан қылып бұзып кіріп жатқаны айдан анық. Расымен де, қу даладан суат көзін таппаған мал дәл осы шалшықтан ала жаздай шөл қандырып келген. Оған қатысты фото әрі бейнеайғақтар жеткілікті.

Ақжайықтықтар алаңдағы зәрлі суға алаңдайтынын айтып қана қоймай, бақандай бірнеше мәселені саусақпен санап беріп отыр. Біріншіден, ауылдың шығыс жақ бетіне табын өз еркімен жайылады. Бақташы жоқ. Екіншіден, дәл осы тарапта не бөгет, не тоған салынбаған. Өрістен оралған мал бірден қоқыс алаңына беттейді. Үшіншіден, ауыл іргесіндегі Жайық – Шалқар арнасының кезенесі кеуіп, қаңсып жатыр. Дәл осы каналға «қан жүгіртіп», су тапшылығына қатысты түйткілді түбегейлі шешуге жергілікті биліктің қауқары жетпей тұр. Ескерте кетейік, бұл мәселеге алдағы уақытта тағы бір ораламыз.

5F8A43B1-7CEE-4B5A-BFC5-B550729456F3

Атырапқа аты мәлім Ақжайықтың тұрғындарымен тілдескенде, кәрі-жасы бірдей қалдық судан қатты қауіптеніп отырғанын айтты. Осы шұңқырға үйлердің кәріз суы, мекемелерден шыққан сарқынды су төгіледі. Тіпті Ақжайық аудандық ауруханасынан тасымалданатын улы су да осында құйылады. Телефон шалып сұрағанымызда, мұны аудандық аурухананың директоры Бекзат Құбаев растады. Медициналық мақсатта пайдаланылатын, түрлі ерітінді араласқан нәжіс судың нағыз ауру ошағы емес пе? Көпшіліктің бас ауруына айналған сарқынды судың салдары түбінде дау-дамайға соқтыратынын сараптамай, осы мәселеге әлі күнге Теректі ауданының әкімдігінің де, ауыл әкімдігінің де, басқа жауапты құрылымдардың да көз жұма қарап отырғаны таңғалдырады. Бұл жерде экологиялық-санитарлық талаптың өрескел түрде бұзылғаны айдан анық.

F1BAEFD1-0AD3-4C31-8377-C6D344362DFD

– Сиырларымыз дәрі мен дәретхана қалдығы араласқан суды ішіп жүр. Амал жоқ, сиырдан сауып алған сүтті қайнатып, шай ішуге пайдаланамыз. Балаларға да береміз. Шикі сүттің өзін ішу тіпті мүмкін емес!  Ал анау Ә. Молдағұлова атындағы көшенің тұрғындары сиырды мүлдем сауып отырған жоқ. Ауыл әкімі Болат Қадыралиевпен кездескенде, мал бағылмайтынын, нәжіс су төгілетін шұңқырдың дұрыс қоршалмағанын бірнеше мәрте айттық. «Өздерің бақташы табыңдар» дейді әкім. Мынау масқара жағдай ғой! Біздің жақтан 150-ге жуық ірі қара өріске шығады, - деді Асылханым Хамреденова.

Ауызекі тілмен «Нан зауыты ауданы» атап кеткен ауыл бөлігін мекендейтіндер әкімге түгелімен наразы. Қоқыс алаңындағы қоршаудың сиқына тұрғындардың көңілі толмайды. Әуелден атап өткеніміздей, ауыл Орал – Ақ-жайық трассасының бойында орналасқан. Мал бағымы жүйелі ұйымдастырылмағандықтан кейде көлікке ірі қара соқтығысып, жол-көлік оқиғасы да жиілеп тұр. Ауылмен іргелес 3 мың гектар орман алқабы бар.

Ақжайық орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі КММ-ның директоры Нұрлыбек Наухановтың айтуынша, кейде ауыл малы тал-тоғайға кіріп кетеді. Орман алқабын қадағалайтын үш инспектордың төңіректі  түгел шолып шығуға, қараусыз қалған малды қайыруға шамасы жете бермейді. Жыл басынан бері малы орман ішін кезгені үшін 13 тұрғынға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске сай 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (24150 теңге) айыппұл салынған.

763B47D1-F2A9-43F3-9684-31AC98137DDE

– Кәрізден шыққан суды мал ішіп жатыр. Бұл мәселені көтеріп, дабыл қаққанымызға бес жылдай уақыт болды. Ауыл әкімдігі қоқыс  алаңын екі мәрте қоршады. Алғашында шұңқырды айналдыра жұқа тор тартып еді. Сиырлар оның дал-дұлын шығарды. Биыл салынған ағаш шарбақ материалы өте сапасыз. Оған қоса шұңқыр аса терең емес. Кілкіп тұрған сарқынды су шұңқыр ернеуінен асып, жан-жағына  жайылуда. Менің екі бас ірі қара малым бар. Сиыр сүтінен мүңкіген иіс шығады. Бір ай бойы  сиыр саумадық. Жуырда жаңбыр жауғаннан кейін ғана сиыр сүтін тұтынып отырмыз, - дейді күйіне сөйлеген зейнеткер Алтай Жұмабеков.

3D1061D0-D25D-427C-B97D-325AD220AE5F

Тұрғындар мәселенің шешімін өздері ұсынып отыр. Егер қоқыс алаңынан әрмен жерді белгілеп, аудан әкімдігі электр желісін тартып берсе дейді. Сол тұстан құдық қазып, электрлі қозғалтқыш көмегімен мал суарғысы келеді. Электр желісін тартса, құдықты өз күшімен қазып алуға қарсы емес. Екіншіден, Жайық – Шалқар каналын жандандырса, суат табу мәселесі лезде реттелетінін айтады. Ауыл малы мен жан-жануар каналдағы суға бас қойып, қоқыс алаңына мүлдем жоламайтыны анық. Алайда тұрғындар талабына жергілікті билік буындары құлақ аспай отыр.

«Қоқыс алаңын қоршай алмай отырған әкімдіктен не пайда?» деген қынжылыс көптің көкейінде тұрғаны анық.

6DE63EAD-D70F-4EB1-9829-EBB9246FDF90

Болат Қадыралиев, Ақжайық ауылдық округінің әкімі:

– Ауылдық округ бойынша мал бағымы екі бағытта ұйымдастырылады. Дегенмен ауылдың «Нан зауыты» жағында ірі қара қараусыз жүргені рас. Шыны керек, ауылда малшы, бақташы табу қиын. Округ орталығында 738 үй бар. Ақжайық тұрғындары 1 мыңдай ірі қара өсіруде. Қатты тұрмыстық қалдық, кәріз суын тасымалдау мәселесі өте өзекті. Он жыл бұрын ауылға таза ауыз су құбыры желісі тартылды. Содан бері тұрғындар әжетхананы үй ішіне бейімдеп, кәріз құбырын тартып, ауласына септик қазып алды. Одан бөлек мектеп, балабақша, аурухана және басқа нысандардан шығатын сарқынды су қоқыс алаңы-на тасымалданады. Ауыл маңындағы шұңқырды неше мәрте қоршасақ та, одан нақты нәтиже болмай тұрғанын білеміз. Бұл мәселе жөнінде аудан әкімі де, оның орынбасары да хабардар. Еліміздегі экология заңнамасы бойынша сарқынды су қала аумағындағы арнайы орынға тасымалдануы керек. Егер ауыл маңындағы қоқыс алаңын жауып тастайтын болсақ, кәріз суын тасымалдау құны күрт өседі. Бұған бұқара қарсы шығары анық. Тұрғындар қазіргі уақытта ауласындағы сарқынды суды сыртқа төгу үшін анестезиаторға 3-3,5 мың  теңгеден  төлейді.

Қоқыс алаңының жалпы аумағы – 9 гектар. Қазіргі уақытта 7,5 миллион теңгеге полигонды түгел қоршауға жобалық-сметалық құжатта-ма жасақтадық. Егер аудан бюджетінен қаржы бөлінсе, мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізіп, мердігерді анықтаймыз. Жыл соңына дейін күл-қоқыс аумағын қоршауды көздеп отырмыз. Не-гізінен, сарқынды суға бөлек сүзгі алаң (фильтрационное дренажное поле) салынуы керек. Оның құрылысы қымбатқа шығады. Арнайы алаң салуға жергілікті бюджеттің қауқары жете бермейді. Сарқынды су мәселесін шешу басты назарда  тұр.

Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале