XIX ғасырдың 30-40 жылдары Қазақстанда патша саясатының отаршылдық сипаты күшейді. Оған қазақ халқы өзінің ұлт-азаттық күресімен қарсылық танытты.
Азаттық, теңдік, еркіндік жолында халқын қорғаған, ұлтым деп ұрандаған халқымыздың ардақты ұлдары Исатай мен Махамбет осы кезде тарих сахнасына шықты.
Халық жадында, ұлт тарихында елімен бірге жасасып, бірге қастерленіп келе жатқан тарихи оқиғалардың бірі – осы Исатай-Махамбет көтерілісі.
Қандай қоғам болмасын, қандай саясат соқпасын Исатай-Махамбет күресінің халықшылдығы бұл көтерілістің басты ерекшелігі еді.
Исатай-Махамбет көтерілісі алдымен халық арасында кеңінен таралды. Кейіннен ақын-жыраулар толғауларында орын алды. Одан соң алты алашы ардақтаған, ұрпағына ұран болған қасиетті тарихқа айналды.
Исатай-Махамбет көтерілісін негізінен ел аузындағы аңыз-әңгіме немесе өлең-жыр, толғаулардан, орысша тарихи деректерден, жекелеген қазақ зиялыларының жазбаларынан, ғалымдар зерттеулерінен, энциклопедиялық оқулықтардан оқи аламыз.
Бұл дегенің Исатай-Махамбет қозғалысының халықтық және ұлттық тарих екенін көрсеткендей.
Зұлхожа Шарафутдинов,
zhaikpress.kz