21.09.2023, 20:05
Оқылды: 121

Одақ филиалында – жаңа директор

Бүгін Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкеновтің бұйрығымен жазушы, «Орал өңірі» газетінің бас редакторы, Ұлттық құрылтайдың мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Бауыржан Ғұбайдуллин Қазақстан Жазушылар Одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры болып тағайындалды.

b9bd66b6-3819-44e9-bc3d-997254d743d6

Бұл туралы Мереке Әбдешұлы Қазақстан Жазушылар Одағының жергілікті мүшелерімен «Атамекен» өнер ордасында өткен кездесуде мәлімдеді.

– Бауыржан Файзоллаұлын жазушы ретінде өздеріңіз жақсы танисыздар. Мен оның филиал жұмысын дөңгелентіп әкететініне сенемін. Алдағы уақытта атқаратын жоба-жоспарларына сәттілік тілеймін! Осы өңірдегі филиалдың төрағасы ретінде 2020 жылдан бері Бауыржан Халиолла жүйелі жұмыс істеді. Түрлі деңгейде іс-шаралар өткізіп, нақты нәтижеге қол жеткізе білді, - деген Мереке Әбдешұлы филиалдың бұрынғы басшысына рахмет айтып, алғысхат табыстап, иығына шапан жапты. Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов Бауыржан Ергенұлына аймақ басшысы Нариман Төреғалиевтің алғысын жеткізді. Бауыржан Халиолла өзі басшылық еткен уақытта атқарылған жұмыстарға тоқталып, филиал мөрін жаңа басшыға тапсырды.

3231c0c6-d224-490d-abac-70bbc432391b

– Қазақ халқы үшін Қазақстан Жазушылар Одағының орны бөлек. Одақ басшылығына түскен жүктің бір бұрышына иығымды тосуға әзірмін. Сенім білдіргендеріңізге рахмет! Бауыржан Ергенұлы жемісті, нәтижелі еңбек етті. Қос Бауыржан қосылып, талай игі бастаманы жүзеге асырдық. Оны көпшілік біледі. Қабілет-қарымым жеткенше, сенім үдесінен шығуға тырысамын. Бұл – қоғамдық ұйым. Қаламгерлердің төбесінен төмен қарай алтын құямын, жан-жақты жағдай жасаймын деп айта алмаймын. Бірақ, әдебиетті насихаттауға, кітаптарыңызды таратуға, сатуға ықпал ететінім анық. Ел ішінде, халық арасында оқу мәдениетін кеңінен насихаттауға, оқу мәдениеті арқылы қалың бұқараның интеллектуалдық деңгейін көтеруге, парасатты халық арқылы парасатты қоғам қалыптастыруға белсенді атсалысамын. Өз басым аз сөйлеп, көп тыңдырғанды, арық айтып, семіз шыққанды жақсы көретін адаммын. Алдағы 3-4 аптаның шамасында өздеріңізбен бірге жоба-жоспарларды нақтылайтын боламыз, – деді Бауыржан Файзоллаұлы.

ec96b2cf-6a02-46ba-8933-3bd062566ef0

Іс-шара соңында Бақытжан Хаберұлы филиалдың жаңа директорына сәттілік тілесе, Алпамыс Бектұрғанов, Дариға Мұштанова, Сағынтай Бисенғалиев сынды қаламгерлер сөз алып, әдебиет төңірегіндегі ой-пікірлерін ортаға салды.

IMG-20230921-WA0009

Бауыржан Файзоллаұлы 1965 жылғы қыркүйек айының бірінші жаңасында Батыс Қазақстан облысына қарасты сол кездегі Чапаев, қазіргі Ақжайық ауданының Шағатай ауылдық кеңесіне қарасты Қызылжар ауылында жарық дүниеге көрінген. Бұл ауыл-аймақ бүгіндері Теректі ауданына қарайды. 1982 жылы Шағатай ауылындағы Ы. Алтынсарин атындағы орта мектепті тәмамдаған. Еңбек жолын Орал «Метталист» зауытында үйренуші токарь болып бастаған. 1983-85 жылдары КСРО Қарулы күштерінің қатарында азаматтық әскери борышын өтеген. Әскерден оралғасын Орал «Металлист» зауытында фрезерші, «Уральскпромстрой» құрылыс тресінде арматурашы болып жұмыс істеген. 1988-93 жылдары Алматы қаласындағы Әбу Насыр әл-Фараби атындағы Қазақтың ұлттық университетінің студенті. Б. Ғұбайдуллин Әбу Насыр әл-Фараби атындағы Қазақтың ұлттық университетінің 1993 жылғы түлегі. Мамандығы – журналист.

Бауыржан Файзоллаұлы 2022 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен сайланған Ұлттық құрылтайдың мүшесі. Сонымен қатар ол Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Журналистика және әдебиет саласындағы жылдар бойғы жемісті еңбегі әрі белсенді қоғамдық-саяси қызметі үшін «ҚР Ақпарат саласының үздігі» құрметті атағы беріліп, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл», «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек даңқы» және басқа да медальдармен, 2012 жылы ҚР Президентінің Алғыс хатымен марапатталған, Теректі ауданының құрметті азаматы. Журналистика саласы бойынша республикалық конкурстардың екі дүркін жеңімпазы. Әр жылдары «Ақ желкен», «Зерде», «Қазақ әдебиеті», «Алтын Орда», «Қазақстан-Заман», «Айқын», «ҚазТАГ» сықылды республикалық және халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет істеген танымал журналист. Біраз жылдан бері Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы.

Файзолланың Бауыржанының «Күн-бала», «Жиһанкез» Ақкербез», «Жаныма жақын жағалау», «Биленбеген вальс» атты кітаптары шыққан. Сонымен қатар Б. Ғұбайдуллиннің көптеген шығармасы «Бәсіре», «Жыл – он екі ай», «Балбөбекке бәсіре», «Кәусар бұлақ», «Ақ желкен», «Қолтаңба» сықылды ұжымдық жинақтарға енген. Сонымен қатар Б. Ғұбайдуллиннің балаларға арнаған кейбір шығармалары танымал ақын Байбота Қошым-Ноғай ұйымдастырған Қазақ балалар әдебиетінің антологиясына енді. Бауыржан Файзоллаұлының біраз шығармасы ағылшын, араб, француз, қытай, бенгал, парсы, орыс, қырғыз, беларус, татар және ұйғыр тілдеріне аударылған. Ал Б. Ғұбайдуллиннің өзі орыстың белгілі балалар жазушылары Николай Носовтың «Живая шляпа», «Фантазеры» және Михаил Пришвиннің әңгімелерін, сондай-ақ «Синдбад-мореход» атты араб ертегісін орысшадан қазақ тіліне тәржімалаған.

Бауыржан Ғұбайдуллиннің шығармалары аударылған тілдер:

Парсы тіліне «Кие» деген әңгімесін аударған – Гауһар Омарханова. Ол Иран астанасы Теһран шаһарында тұратын аудармашы. Әлемде 130 миллион адам парсыша сөйлейді.

Француз тіліне «Кие» әңгімесін аударған – Талғат Әбдірахманов. Ол Францияның Бордо қаласында тұратын аудармашы. Әлемде 350 миллион адам французша сөйлейді.

Балаларға арналған әңгімелерін бенгал тіліне аударған – үндістандық ақын, жазушы, аудармашы Мулинат Госвами. Ол Үндістанның Батыс Бенгал штатындағы Асансол қаласында тұрады. Әлемде 350 миллион адам бенгалша сөйлейді.

Балаларға арналған әңгімелерін араб тіліне аударған – мысырлық жазушы, аудармашы Ахмет әл-Мәһди. Ол Мысыр астанасы Каирде тұрады. Әлемде 630 миллион адам арабша сөйлейді.

Балаларға арналған әңгімелерін ағылшын тіліне аударған – Алпамыс Файзолла. Әлемде 1,5 миллиардқа жуық адам ағылшынша сөйлейді.

Балаларға арналған әңгімелерін беларусь тіліне аударған – Елена Стельмах. Ол Минскте тұрады. Жазушы, аудармашы, Беларусь Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары.

Балаларға арналған әңгімелерін қытай тіліне аударған – ақын, жазушы, аудармашы Пейинг Кристин Чен. Ол Жаңа Зеландияның ең үлкен шаһары Окленд қаласында тұрады. Әлемде 1 миллиард 350 миллион адам қытайша сөйлейді.

Балаларға арналған әңгімелерін орыс тіліне аударған – Борис Мырзағалиев. Ол – Ақжайық аудандық «Жайық таңы» газетінің тілшісі. Әлемде 250 миллионнан астам адам орысша сөйлейді.

«Ұялшақ махаббаттың ғұмыры ұзақ» әңгімесін қырғыз тіліне аударған қырғыз қаламгері Олжобай Бубатаев.

«Ортақ ерлік» әңгімесін ұйғыр тіліне аударған журналист Мінәмжан Әсімов.

Марлен Ғилымхан,

zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале