26.09.2023, 16:30
Оқылды: 78

«Ауыл аманаты» жобасы бойынша 44 жоба мақұлданды

Бүгін Жаңақала ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаевтың қатысуымен аппарат кеңесі өтті. Жиында қысқы маусымға мал азығын дайындау, «Ауыл аманаты» жобасы, әр ауылдық округтің алдағы 5 жылға даму жоспары мәселелері қарастырылды.

жп дала (5)

Көрнекі фото

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Жаңақала ауылдық округінің әкімі Ақан Қапанов мал азығының шығымы былтырғымен салыстырғанда биыл айтарлықтай жақсы емес екендігін, қазіргі уақытта мал азығын дайындау ауылдағы басты мәселелердің бірі екендігін айтты. Осы мәселе бойынша келесі сөз тізгінін алған Жаңақазан ауылдық округінің әкімі Сатыбалды Ғұбашев ауылдағы 61 шаруа қожалығының 52-сі қысқы маусымға даяр екенін, қазан айының ортасында толық дайын болатынын хабарлады. Сонымен қатар ауыл тұрғындарына шөпті тек ауылдық округке қарасты шаруа қоржалықтары ғана емес, Тасқала ауданы мен көршілес Сарыкөл елді мекенінен де тасымалданып жатқандығын жеткізді.

«Ауыл аманаты» жобасы бойынша Жаңақала аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Иса Мұратов аталмыш жоба аясында қаражат алынған жобалар бағытымен таныстырып, қазіргі уақытта 53 жоба қатысып, оның 44-і қабылданғанын, қалған 9-ы қаралымда тұрғанын айтып, келесі жылға 20 жоба жоспарда тұрғанын айтты.

Аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ақылбек Семенов үшінші мәселе бойынша сөз алып, аудан бойынша 2024-2028 жылға жасақталған даму жоспарының бірнеше бағытын көрсетті. Атап кетер болсақ, ауылдық экономиканы дамытуға барлығы 16 жоба, өңдеу өнеркәсібін дамытуға 6 жоба, кіші және орта бизнесті дамытуға 20 жоба, білім беру саласына 17 жоба, денсаулық сақтау саласы бойынша 14 жоба, мәдениет саласында 9 жоба, спорт және туризм саласында 8 жоба, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарды дамытуға арналған 33 жоба, сондай-ақ ауылдық өңірлердің экологиялық қауіпсіздігін қамтамсыз етуге 16 жоба қарастырылғанын баяндады.

Аудан әкімі Алпамыс Көшкінбев ауылдық округ әкімдеріне 10 қазанға дейін ауыл халқымен кездесіп, олардың көкейіндегі мәселені анықтауға тапсырма берді. Сондай-ақ сүт өнімдерінен тек қаймақ, айран ғана емес, ірімшік секілді өзге де өнімдерді шығарумен айналысу керектігін айтып, денсаулық сақтау саласы бойынша ауылдық округтерге қарасты елді мекендердегі медициналық нысандарды модульдік-конструкция әдісімен салуды ұсынды.

Айзада Ақбасова,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале