26.09.2023, 17:45
Оқылды: 93

Бөрлі ауданында тоғыз әлеуметтік жоба бар

Бөрлі ауданында «Әлеуметтік жобалар: іске асыру және нәтиже» тақырыбында семинар өтті. Бұл шараны «Жайық таңы» қоғамдық бірлестігі мен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бірігіп ұйымдастырды. Семинарға облыстық, аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының басшылары мен ішкі саясат бөлімінің мамандары және үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты. 

Ауданға келген қонақтар алдымен қаладағы «Белсенді ұзақ өмір» және «Бақытты отбасы» орталықтарының жұмыс бабымен танысты. Белсенді ұзақ өмір - жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің тапсырысымен, «Интеграл» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен ауданның зейнеткерлеріне арналған орталық. Бұл жерде зейнеткерлер бимен шұғылданып, ағылшын тілін оқып, компьютерді қолдануды үйреніп, домбырадан сабақ алады. Қаладағы орталықтың басты мақсаты аудандағы зейнеткерлердің бос уақытын ұйымдастырып, спортпен шұғылдандырып, белсенді өмір сүруге ынталандыру.

5

Ал Бақытты отбасы - қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, құқықтық қызмет көрсету және қолдау орталығы. Сонымен қатар орталық әлеуметтік осал топтарға көмектесіп, оқимын дейтін жандарға түрлі курстар мен шеберлік сағаттарын ұйымдастырады. Тіпті 18 жасқа дейін мүгедектігі бар балаларды тәрбиелейтін отбасыларға және мүгедектігі бар тұлғаға қол ұшын созып, тұрақты жұмыс табуға көмектеседі.

Орталықтармен танысқаннан кейін қонақтар қаладағы «Тама» бизнес орталығындағы семинарға қатысты. Семинардың модераторы «Жайық таңы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлбаршын Мұштанова мен спикері аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ольга Басимова болды. Олар әлеуметтік жобаларды іске асыру, қоғамдық бірлестіктермен жұмыстану туралы ақпараттарды және осы уақытқа дейін жинаған өз тәжірибелерімен бөлісті.

3

- Бүгін біз «Жайық таңы» ҚБ-мен бірлесіп, әлеуметтік жобалармен жұмыстануды оқыту бойынша семинар өткіздік. Семинар кезінде әлеуметтік тапсырыстың қалай жүзеге асырылатыны, үш жылдық шарттың қажеттілігі, жобаларды дұрыс қаржыландыруды және қаржыландыру үшін дұрыс жоспарлаудың маңыздылығы туралы сұрақтар көтерілді. Сондай-ақ мемлекеттік тапсырысты басқа аймақтың қоғамдық бірлестігі ұтып алған жағдайда кездесуі мүмкін тәуекелдер мен қиындықтар қарастырылды. Сонымен қатар әлеуметтік жобаның техникалық сипаттамасы қалай жасалатыны, нені зерттеу керектігі, оны әрі қарай қалай дамыту керектігі туралы сұрақтарға жауаптар берілді. Бізде барлық жобалар ауданның емес, облыстың және басқа өңірлердің қоғамдық бірлестіктерімен орындалады. Ауданда әлеуметтік жобалармен жұмыс 2012 жылы инватакси қызметінен басталды. Басқа аудандарда бір әлеуметтік жоба немесе мүлдем жоқ. Қазіргі уақытта бізден басқа Оралда тоғыз және Ақжайық ауданында бір әлеуметтік жоба жұмыс жасауда, - дейді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік жобалар бөлімінің басшысы Ольга Махметқызы.

Ауданда тоғыз әлеуметтік жоба бар екен. Мысалы, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Жас қанат» ҚБ-мен 3 млн 900 мың, «Орал» ҚҚ-мен 13 млн 600 мыңға инватакси қызметі және «Малика» ҚБ-мен психоневрологиялық патологиясы бар балаларға арналған стационар жағдайындағы қызметтерге 7 млн 500 мың теңге бөлініп, жұмыс жасалып жатыр. Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік қызметтер үшін «Малика» ҚБ-мен 16 млн, Белсенді ұзақ өмір орталығымен 28 млн 200 мың, мүгедектерді қолдау және мүгедектігі бар адамдар үшін бос уақытты ұйымдастыруға 4 млн 500 мың, мүгедектігі бар балалардың аквареабилитация қызметтеріне 4 млн 760 мың теңгеге келісімшарт жасасқан.

Сондай-ақ ауданда «Бақытты отбасы» орталығына 15 миллион және бас бостандығынан айырудан босатылған немесе пробация кезегінде тұрған адамдардың қоғамдағы бейімделуіне көмектесуге 3 млн 800 мың теңгеге әлеуметтік жоба бар.

Семинардан кейін қатысушылар алдағы уақытта өз аудандарында қандай әлеуметтік жобалармен жұмыстанатындарын айтып, кеңес алды.

Айдана Абдрахманова,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале