Мұндай шешім Душанбеде өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Достастық армиялары Қорғаныс министрлері кеңесі жанындағы Спорт комитеттері басшыларының отырысы барысында қабылданды.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі хабарлады.
– Ұйым құрылған 24 жыл ішінде алғаш рет Алматыда 2024 жылғы тамыз айында қазақтың ұлттық күресінен ТМД-ның алғашқы чемпионатын өткізу туралы келісімге қол жеткізіліп отыр. Бұл бастамаға Мемлекет басшысы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ күресін қазақстандық қоғамда насихаттау және ілгерілету туралы тапсырмасын орындау негіз болды, – деп хабарлады Тәжікстанда өткен отырысқа қатысқан Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы – Орталық спорт клубының бастығы подполковник Арман Әбеуов.
Келіссөздер барысында келесі отырыстың күн тәртібіне Достастықтың қорғаныс министрлері кеңесі жанындағы әскери-қолданбалы спорт түрлерінің, сондай-ақ мәдени спорт түрлерінің тізбесін өзгерту және оған қазақтың ұлттық күресін қосу туралы мәселе енгізілді.
Бұдан бөлек алдағы қараша айында Астанада Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің кубогі үшін армиялық қоян-қолтық ұрыстан ТМД чемпионатын өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.