Бүгін Жаңақала аудандық мәдени-демалыс орталығына қарасты Пятимар ауылдық мәдениет үйінде «Дала дарындары» облыстық жастар шығармашылығы фестивалінің аудандық кезеңі өткізілді.
Фестивальде «Эстрадалық вокал», «Әдеби шығарма», «Сәндік қолданбалы өнер» жанрлары бойынша барлығы 21 үміткер қатысып, бақтарын сынады.
Аталмыш өнер додасына «Эстрадалық вокал» аталымы бойынша Жаңақала аудандық мәдени-демалыс орталығының әншісі Қуанышбек Айдарбеков, «Әдеби шығарма» аталымы бойынша республикалық, облыстық айтыстардың жеңімпазы Данияр Нысанғалиев, «Сәндік-қолданбалы өнер» аталымы бойынша аудандық мектептен тыс жұмыс беру орталығының қосымша білім беру педагогы Жомарт Төлегенов төрелік етті.
Шара басталмас бұрын алғашқы сөз тізгінін алған аудандық мәдени-демалыс орталығының директоры Мұхит Сисенов фестивальдің маңызы мен мақсатын кеңінен түсіндіріп, барша қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байқау нәтижесінде «Эстрадалық вокал» жанры бойынша І орынды жаңақалалық Камила Жексенғалиева иемденді. «Әдеби шығарма» жанрынан І орынға мәстексайлық Ақеділ Ғұбашев ие болды. Ал «Сәндік қолданбалы өнер» жанры бойынша Жаңақала ауылының перзенттері Томирис Нағым мен Айнара Нәсипкалиева топ жарды.
Шара соңында Пятимар ауылдық округінің әкімі Бауржан Сакенұлы байқау жеңімпаздарын құттықтап, лебізін білдірді.
Аудандық фестивальге қатынасқан барлық үміткерлерге алғыс хаттар, дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ байқауда І орын алған жүлдегерлер облыстық кезеңге жолдама алды.
Айзада Ақбасова,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz