«Міржақып. Оян, қазақ!» фильмі прокаттан алынды. Фильмнің режиссері Мұрат Есжан прокатқа қатысты пікірін facebook-тағы парақшасында жазды.
- «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмі кестеде неге жоқ деген сұрақтар таң атқалы көптеп келіп жатыр. Шығармашылық топ, яғни, біз прокатпен айналысқан жоқпыз, десе де, мына нәрсені айтқым келеді. Фильм 21 қыркүйектен бастап тура екі апта бойы кинотеатрларда көрсетілді. Негізі прокат мерізімі өткен жексенбі аяқталған болатын, алайда көпшіліктің сұранысына байланысты 4 қазанға дейін ұзартылды.
Жалпы, 6 сериялы телехикаядан көркем фильм жасау, оны үлкен экран арқылы көпшілікке ұсыну «Қазақстан» телерадиокорпорациясының тікелей идеясы мен ұсынысы болатын. Ол үшін алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Сондықтан прокат мерізімінің аяқталуынан қандай да бір астар іздеп, тараптарды кінәлаудың орны жоқ деп санаймын.
Уақыты мен қаржысын қиып, келген, көрген, таратқан барша көрерменге алғысымыз шексіз! Көріп үлгермеген ағайын үшін фильм жақын арада «Qazaqstan» арнасының эфиріне және онлайн-платформаларға шықпақ, - делінген жазбада.