11.10.2023, 14:45
Оқылды: 46

«Теректі маңдай терім тамған жер»

Теректі ауданына 90 жыл

Газет тек ақпарат жеткізуші ғана емес, ол тарих, ел жылнамасын сақтайтын құрал.

Төл газетіміздің тігінділерін парақтап отырсақ, Теректі ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Мүфтахим Шынбаев ауданның мерейтойлық жылдары өз естелігімен бөліскен екен.

Бүгінде жасы тоқсанға таяп қалған Мүфтахим Қажыбайұлымен хабарласып, биыл да сол үрдісті қайталауды өтіндік. Байыппен отырып біраз әңгімені қозғаған ақсақал «Кіндік қаным тамбаса да, маңдай терім тамған жер ғой Теректі. Жүрегіме жақын, көңіліме ыстық. Халқы да кең, бауырмал» деп пейілін білдірді.

IMG-20231010-WA0104

«Менің естеліктерім газетте бірнеше рет шықты ғой. Сол айтқандарымды «Борыштармын, әке, өзіңе» кітабымда толық баяндадым. Кітаптан ал.  Естелік деген бұрмалап, жаңартып айта беретін ертегі емес» деген Мүфтахим ақсақалдың сөзін жөн көрдік.

Ендеше, Мүфтахим Қажыбайұлының ақ қағазға түскен, «Борыштармын, әке, өзіңе» кітабында жазылған естелігін бастайық.

Ауданның қайта құрылуы

«Қазақ ССР Жоғары Кеңесі Президиумының 1966 жылдың 3 қазан айындағы жарлығына сәйкес 1962 жылдың 19 қазан айындағы жарлығына байланысты Приурал ауданына қосылған Теректі одан бөлініп, өз алдына аудан мәртебесін алды. Осыған байланысты Орал облыстық атқару комитеті мен Орал облыстық партия комитетінің бірлескен қаулысына сәйкес Теректі ауданында ұйымдастыру бюросы жасақталды. Осы бюро құрамына мен де кірдім.

cf4256e8-1b81-418d-82ce-32793e8dddb7

1966 жылдың желтоқсан айында И.Арынжанов бастаған ұйымдастыру бюросының мүшелері аудан орталығы Федоровка селосында аудандық мекемелерді орналастыру, олардың жөнделуі сияқты кезек күттірмейтін мәселелерді сараптап, талқыға салдық» деп басталады Теректі ауданы туралы естелік.

«Теректі ауданы қайтадан құрылып, Федоровка аудан орталығы болуын аудан жұртшы үлкен қуанышпен қабыл алып, бұл бағытта қолдарынан келер көмектерін аяған жоқ. Осы орайда «Красный октябрь» колхозының басқармасы С.Кенжебаевтың, Калинин атындағы колхоздың басқармасы С.Курлаповтың, «Родина» колхозының басқармасы Н.Абельцевтің, Чапаев атындағы колхоздың басқармасы В.Малярдың, «Шаған» совхозының директоры Г.Дедовтың, «Долин» совхозының директоры А.Евдокимовтың, «Трудовик» совхозының директоры И.Ильиннің, «Уральский» совхозының директоры Л.Идаровтың, аудандық «Казсельхозтехника» бірлестігінің директоры В.Бойконың, аудандық «Быткомбинаттың» директоры А.Мурашкинцевтың, №469 жол жөндеу бөлімшесінің бастығы Х.Тілесбаевтың және тағы басқа көрсеткен көмектерін үлкен ризашылықпен еске аламын. Көлемдері шағын болғанымен, Д.Антоненко басқарған Федоровкадағы электросеттің, Александр Усольцев басқарған Федоровкадағы байланыс торабының, Иван Власов басқарған Федоровкадағы коммуналдық шаруашылық ұжымдарының аудан орталығын жедел іске қосылуына үлкен көмектері болды. Жылу жүйелері орасан көп мөлшерде бүлінген Федоровка мектебінің және орталық аурухананың жылу орталықтарын қайтадан қалпына келтіру жұмысына жеткілікті мөлшерде құрылыс материалдарын және сантехникалық жабдықтармен көмектескен Орал облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы С.Писман жолдасқа және облыстық білім беру басқармасының бастығы Ізтілеу Сапаровқа айтар алғысымыз шексіз болды. Осы аталған облыстық басқармалар қаржылай да қомақты көмектерін аяған жоқ» деп көрсеткен Мүфтахим Қажыбайұлы.

Басшылық құрам

Қай істің де нәтижелі болуы басшылыққа байланысты.

Қайтадан құрылған аудан басшылығы сол кездегі кеңес үкіметін қолдайтын, арнайы оқуда дайындықтан өткен коммунистік партияның белді мүшелері болатын. Жоғары білімді, Алматы ауылшаруашылығы институтының электрофикация факультетін тәмамдаған инженер, қоғамдық белсенді, 1962 жылы компартия қатарына қабылданған Мүфтахим Қажыбайұлы да сондай партиялық курстан өткен. 1964 жылдың қыркүйегінде Алматыдағы Жоғары партия мектебінің тыңдаушысы болып қабылданған ол екі жыл оқып, 1966 жылы жоғары дәрежелі білім алғанын растайтын диплом иеленді. Жас маманның лауазымдық сатымен көтеріліп, Теректі ауданына басқару қызметіне келуіне сол партиялық мектеп зор мүмкіндік берді. Бұл жөнінде Мүфтахим Қажыбайұлы төмендегі жолдарда жазған:

«1967 жылдың 14 қаңтар күні Федоровка селосында Теректі ауданының еңбекшілер кеңесі депутаттарының І ұйымдастыру сессиясы өтті. Ұйымдастыру сессиясында ауданның басшы органдары жасақталып, сайланды. Ұйымдастыру сессиясының қарары бойынша Теректі аудандық кеңесінің төрағасы болып Фома Парфенов, төрағаның бірінші орынбасары болып Мүфтахим Шынбаев, орынбасары болып Николай Солодовников сайланды. Аудандық кеңестің атқару комитетінің мүшелері болып И.Арынжанов, В.Маляр, Ф.Солодовников, хатшысы болып Г.Хулапа сайланды».

Әлеуеті – ауыл шаруашылығында

Жалпы көлемі 8,4 мың шаршы шақырым жерге орналасқан Теректі ауданы Батыс Қазақстан облысы аумағының 5,6 пайызын алып жатыр. Экономикасы ауыл шаруашылығына негізделген ауданда бүгінде егістік алаңы - 146,6 мың гектар. Соның 67522 гектарына дәнді дақылдар, 24311,1 гектарға майлы дақылдар, 448,4 гектар жерге картоп, 519 гектар жерге көкөніс, 162 гектар жерге бақша дақылдары егілген. Осы салада 447 агроөнеркәсіптік инфрақұрылым жұмыс жасап тұр. Жыл басынан бері олар өндірген ауылшаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 13,5 млрд.теңгеден асқан.

Теректінің ауыл шаруашылығында әлеуеті жайлы М.Шынбаев: «Аудан қайтадан құрылған 1967 жылдың басында Теректіде жалпы жер көлемі 331 мың гектар, оның 195 мыңы, негізінен, дәнді дақылдар егілетін алқаптар болды. Ауданда қоғамдық шаруашылықтарда (колхоз, совхоздарда) 35-38 мың ірі қара мал,31 мың бас қой-ешкі, 2000-ға жуық жылқы, 17400 шошқа болды.Ал жеке шаруашылықтарда 35-40 мыңдай ірі қара, 40-50 мыңдай қой-ешкі, 105-2 мыңдай жылқы, 1,5-2 мыңдай шошқа өсірілді. Осы көрсетілген мал саны ауданның ет өнімдерін өндіретін үлкен әлеуетін көрсетеді, ал егістік алқаптарынан мемлекетке 1968 жылы 4,4 млн.пұт астық тапсырылды» деген мәлімет берген.

Ендеше, қазір облыс бойынша ауыл шаруашылығының қос саласы – мал және өсімдік шаруашылықтарын қатар жүргізіп отырған Теректінің бүгінгі әлеуеті сонау жылдары қалыптасқаны айқын.

1970-1980 жылдар Теректі ауданы үлкен құрылыс алаңына айналды. Аудан орталығында кітапхана, қонақүй (қазіргі емхана), мемлекеттік банк, аудандық байланыс торабы, №2 мектеп (қазіргі қазақ мектебі), стадион, су жеткізу желісі, балабақша ғимараттары салынды.

Колхоз-совхоздарда мәдениет үйлері, балабақша, денсаулық сақтау мекемесіне арналған ғимараттар тұрғызылды. Мыңдаған шаршы метр бір үлгідегі тұрғын үйлер тізіліле салынып, ауылдардың сәнін келтірді. Содан беріде жарты ғасыр уақыт өтсе де, сапалы салынған сол құрылыстардың кейбірі әлі де халық игілігіне жарап тұр.

Жауапты қызметке – жауапкершілікпен

1967 жылы партия жұмсап, дәм-тұз айдап Теректіге келген Мүфтахим Қажыбайұлы ауданда табан тіреп, тұрақтанып қалды. 1970 жылы ол аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы лауазымына тағайындалған көрінеді. Ол кезде халықтық бақылау комитеті конституциялық орган болып саналған және шаруашылық жұмысына белсенді араласып отырған. Сондай жауапты қызметті бақандай 9 жыл атқарған М.Шынбаев облыс басшысы Мұстахим Ықсановтың мақұлдауымен, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінде бекітіліп, жаңадан құрылған «Теректі» астық совхозының директоры лауазымына тағайындалды. Бұл 1979 жыл болатын.

Кітабында: «1979 жылдың қысы өте қарлы болды. Соған байланысты көктемде егіс даласындағы ылғал жылдағыдан молырақ болып, көктемгі егістің көктеуі біркелкі қанағаттандырарлық жағдайда еді. Бірақ маусым-шілде айларында екі ай бойы жауын жаумай, ал шілдеде екі жұмадай ыстық болып, аңызақ соғып, егіндерімізге қатты әсерін тигізіп кетті. Бұл жағдай облыс көлемінде басқа шаруашылықтарға да кері әсерін тигізді» деген бүркемеленбеген шындық естелігімен бөліскен Мүфтахим Қажыбайұлы 1997 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін атқарған қызметтері жайлы да айтты.

Ауданда Жайық астық қабылдау кәсіпорны директоры, «Красный октябрь» колхозы төрағасының орынбасары болып еңбек еткен М.Шынбаев ел тәуелсіздік алған 1990-1992 жылдары аудандық статистика бөлімі бастығы болған. Яғни, тәуелсіз Қазақстанның алғашқы статистикасын жүргізген азамат.

Белсенді ардагер

1997 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін бірқатар басшылық қызмет атқарған Мүфтихим Қажыбайұлы одан соң да тыным тапқан емес. Федоровка ауылдық округінің Қоғамдық кеңесінде ауыл тіршілігіне қатысты мәселелерді шешуге қатысты. Сайлау науқандарына, аудандағы қоғамдық-әлеуметтік шараларға белсенді атсалысқан ол әсіресе, ардагерлердің мұқтажын өтеуге барын салатын.

c19306ff-0bdd-4643-bacf-f77dfcadc06a

2006 жылы Мүфтахим Қажыбайұлы отбасылық жағдайына байланысты Орал қаласына қоныс аударды. Облыс орталығында теректілік ардагерлердің басын біріктіріп, «Теректіліктер» жерлестігі» қоғамдық ұйымын құрды. Ауданмен байланысты үзбей, зейнетке шыққан еңбек ардагерлерінің толыққанды және қоғамдық белсенді өмір сүруін ұйымдастырды.

Ердің еңбегін ескерген елі 2009 жылы оған «Теректі ауданының құрметті азаматы» деген құрметті атақ берді.

Ұл-қызына саналы тәрбие беріп, аяқтандырған ақсақал бүгінде жайлы үйде, жылы жағдайда Орал қаласында тұрады. Жады бұзылмаған ақсақал көзтаныстарын түгендеп, аудандағы жаңалықтарды сұрады.

-Теректіліктерді ауданның 90 жылдығымен құттықтаймын. Еңбекқор, тату, кеңпейілдігімен танылған жерлестеріме алдағы уақытта мықты денсаулық, әр бастамасына сәттілік тілеймін. Елге дұғай сәлем менен, - деген тілегін жолдады.

Камелия Қарекесова,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале