12.10.2023, 13:00
Оқылды: 196

Бәйтерек ауданы: «Эко мектеп» жобасы сәтті жүзеге асып жатыр

Бәйтерек ауданындағы Киров мектебінде «Эко мектеп» экологиялық жобасы сәтті жүзеге асуда. Жобаның мақсаты – білім алушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, балаларды еңбекке баулу, экологиялық сауаттылығын арттыру.

 эко байтерек (1)

Мектеп 2016 жылы салынып, пайдалануға берілген сәттен бастап биология пәнінің мұғалімі Аманжол Сырымов «Гүлденген мектеп» жобасын қолға алған. Әуелде жобаның атауы сондай болса керек, «Эко мектеп» болып 2020 жылы өзгерген. Алғашқы 2017-2018 оқу жылында мектеп ауласындағы бақта 55 алма, 8 шие, 6 өрік ағашы отырғызылған. Бүгінгі күні олардың саны айтарлықтай артқан. Яғни алма - 60, өрік - 30, аққайың - 30, шие - 30 түпке дейін жеткен. Ал жұпаргүл (сирень) мен шырша, үйеңкіні қосқанда егілген ағаш 180-ге жуықтайды. Онымен қоса мектептің ішінде мұғалім, оқушылар бірігіп отырғызған 400-ден астам бөлме өсімдігі тағы бар.

эко байтерек (5)

-«Эко мектеп» – қазіргі заманға сай бағытталған жоба. Бұл жоба өте қызықты әрі пайдалы деп айта аламын. Балаларды қоршаған ортаны аялап, қорғауға үйретеді. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» дейді ғой. Жоба аясында мектепті гүлдендіруге барлық мұғалім мен оқушы бір кісідей атсалысты. Оларға алғысым зор. Тіпті ауылымыздың жеке кәсіпкерлері де демеушілік жасап тұрады. Мысалы биыл мектеп директоры Гүлназ Қалиеваның бастамасымен және жеке кәсіпкер Жұмабек Хайруллиннің қолдауымен мектеп ауласына 30 түп аққайың ағашы отырғызылды, - деген жоба жетекшісі Аманжол Азаматұлы көгалдандыру жұмысына үлесін қосып жүрген азаматтар деп «Өсімтал» шаруа қожалығының басшысы Сағынтай Жамансариев пен «Әлішер» қожалығының басшысы Аман Қуатовты атап өтті.

эко байтерек (6)

Бір қызығы мұнда жаңадан жұмысқа орналасқан әр қызметкер өз атынан бір тал егетін дәстүр бар. Алдағы уақытта бақша өнімдерін өсіріп, мектеп асханасын көкөніспен қамтамасыз ету жоспарда бар.

эко байтерек (4)

- Мектебіміз шағын, 22 мұғалім қызмет етіп, 50 оқушы білім алады. Үлкені болсын, кішісі болсын еңбектен қашпайды. Соның арқасында мектептің көркейуі, көгалдануы үшін көптеген ауқымды жұмыс жүзеге асуда. Мұғалімнің бірқатары күні кеше Алматыдан сингапурлық әдіспен оқыту жүйесін меңгеріп келді. Біз «Эко мектептен» бөлек «Шексіз шеберлік» жобасымен де жұмыс жасаймыз. Онда балалар сабақтан бос уақытында қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысады. Ұстаздың жетістігі шәкіртінің шыққан биігімен бағаланады ғой, біздің мектептен тәлім алған оқушылар болашақта білікті маман атанып, өздерін мойындатып жатса мұғалім үшін одан асқан бақыт жоқ, - деді мектеп директоры Гүлназ Қалиева.

эко байтерек (2)

 

Нұрсәуле Жәнібекқызы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале