12.10.2023, 17:15
Оқылды: 83

Балалар музыка мектебінің оқытушысы қандай болуы керек?

Қазіргі уақытта ел руханиятына белсенді атсалысатын, халқымыздың салт-дәстүрімен, өнерімен жіті сусындаған зерделі ұрпақ тәрбиелеу өзекті мәселеге айналды. Бұл бағытта жас ұрпақты ұлттық саз өнеріне баулудың алар орны зор.

IMG_20231012_155005

Қазақ халқының ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық музыкалық мұрасы өте бай. Бабаларымыз баланы ерте жастан домбырамен ән-күй орындауға баулығаны бекер емес.

«Музыка әрбір адамға өзін-өзі терең түсінуіне көмектеседі, ол адамның сезімі мен ойын байытады», - деп Р.Роллан айтқандай, өскелең ұрпақтың дүниетанымын кеңейтуге, талғамы мен эмоциялық сезімталдығын қалыптастыруға әсер ететін тәрбие құралы - музыка өнері.

Ол балалардың бойына рухани азық беріп қана қоймай, байсалды көркем мінез қалыптастыру арқылы терең ойлауға тәрбиелейді.

Ұлттық өнер мен мәдениетті бойларына сіңіре отырып, олардың патриоттық, азаматтық белсенділігін оятады.

Нәтижесінде кез келген ортада адамдармен тіл табысатын, қоғамда үйлесімді өмір сүре алатын тұлға қалыптасады.

IMG-20231002-WA0177

Ұлттық музыка құндылығын сақтау, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, балаларды ұлттық игіліктер мен адамзат мәдени мұрасының сабақтастығын сақтай отырып оқыту мен тәрбиелеу - балалар музыка мектебінің негізгі мақсаты.
Бәйтерек ауданы білім беру бөлімінің «Балалар музыка мектебі» МКҚК ұжымы балаларды он екі мамандық бойынша білім нәрімен сусындатып келеді.

Қазіргі таңда мұнда 28 оқытушы, соның ішінде 5 мектеп түлегі жұмыс жасайды. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген кәсіби 2 маман, 3 магистр дәріс береді.

Оқытушылардан құралған «Бәйтерек сазы» фольклорлық ансамблі, «Жайық толқындары» сырнайшылар ансамблі, шағын хор ұжымы, балалардан құралған «Елмұра» кіші қазақ ұлт аспаптар оркестрі, «Елмұрат» балалар хоры, «Гүлдер» би ансамблі өнерлерімен көпке танылып жүр.

Жас пианистер С.Крачева, А.Энгель бірнеше мәрте «Жас музыкант» байқауының, осы аталған орындаушылар және Р.Мусакулова, Л.Долбленовалар Н.Меңдіғалиев атындағы облыстық жас пианистер байқауының лауреаттары, примашы-домрашылар А.Серікова, М.Тойлыбай «Жас музыкант» байқауының және А.Хайруллина, Н.Иманқұл осы аталған өнерпаздар халықаралық, республикалық, облыстық байқаулардан жүлделі орындар иеленді.

Бұл күндері Құрманғазы атындағы саз колледжінде оқуларын жалғастырып жатқан Н.Шүйншқалиева, Д.Астраханкина, Д.Сапышева, Ж.Серікова сынды шәкірттерімізбен мақтанамыз.

А.Жұбанов атындағы саз колледжін қызыл дипломмен бітірген түлегіміз А.Кабдығалиева Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында еңбек жолын бастады.

Қоғамда өзгерістер болған сайын мәдени сұраныстар мен талаптар көбейе береді. Осы орайда «музыкант-педагог, яғни балалар музыка мектебінің оқытушысы несімен ерекшеленеді?» деген сұрақ туындайды.

Музыка тілі өнердің басқа салаларымен салыстырғанда күрделі. Бұл өнерінің ерекшелігі - адамның жан-дүниесіндегі сөз бен тіл жеткізе алмайтын құбылыстарды, сезімді дыбыс арқылы жүрекке жеткізеді. Музыка айтылатын ой мен оқиғаны сазды дыбыстар арқылы береді. Осыған байланысты музыканы қабылдауды оқушылардың бойында қалыптастыру елеулі қиындықтар тудырып, жан-жақты ойластыруды қажет етеді. Музыкалық қабылдауда нақты мақсатқа жету үшін педагог-музыкант кәсіби деңгейімен ерекшеленеді. Яғни, болашақ музыкант бірінші рет естіген музыкалық шығарманы партитура ретінде елестетуі керек. Өйткені, әр баланың есту сезімі әртүрлі деңгейде дамиды. Мысалы, болашақ композитордың музыканы қабылдауы ерекше түрге жатады. Музыкалық қабылдаудың даму жолындағы әдіс-тәсілдерінің негізі - өзінің музыка жазуы. Музыканың алғаш шығуы - ол интонация, дәлірек айтқанда – интонациялық әуенді есту қабілеті деп есептеледі. Ал әуен - құрастырылған дыбыстардың бірізділігі мен музыкалық ойын бейнелейді. Жалпы интонация - әуенді есту қабілеті орындаушылық әрекетте қалыптасады, дами түседі. Негізгі мәнерлеушілік құралдарының бірі - интонация болғандықтан, музыканттан оны қалай сезінемін, қалай жеткіземін деген бағытта ізденісті талап етеді. Осы орайда орындаушылық әрекетіндегі шеберлік әуенді есту қабілетінің интервалдарды жақсы қабылдауына байланысты. Оның сапасы - оқушылардың музыкалық-есту әрекетінің және музыкамен шұғылдану белсенділігімен айқындалады. Нақтырақ айтқанда балалар музыка мектебінің оқытушысының бойында музыкалық қабілеттілік болуы тиіс.

Музыкалық қабілет адамның өзіндік тұлғалық-психологиялық қасиеттеріне байланысты, яғни музыка саласында оқуы, музыканы қабылдауы, орындауы, музыка жазуымен (шығаруы) ерекшеленеді.

Музыканың психологиялық байланысын таниды. Жалпы алғанда оқытушы таланттылық 1%, ал еңбектенудің 99% болатынын түсініп, осы бағытта тер төккенде кәсіби музыка маманы болатыны анық. Қорыта айтқанда, музыкалық қабілет, әуесқойлық, қабылдау сапасы және музыканы шебер орындауы таза еңбекпен келеді. Мұны мектебіміздің оқытыушылары жіті түсініп, соған сәйкес еңбектеніп келеді.

Ләззат Қажығалиева,
Бәйтерек аудандық балалар музыка мектебінің директоры,
педагог-зерттеуші, магистр, әуесқой композитор

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале