16.10.2023, 20:33
Оқылды: 83

Қаратөбеде сайлауға дайындық барысы пысықталды

Бүгін Қаратөбе аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавхат Өтемісовтің, Батыс Қазақстан облысы сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақовтың қатысуымен алдағы 5 қарашада ауданда өтетін аудан әкімі сайлауына дайындық барысы пысықталды.

Сайлауға дайындық 12

Атаулы жиынға аудандық, аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы, төраға орынбасары, хатшысы, учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелері, аудандық құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.

Сайлауға дайындық 1

Жиында сөз алған Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавхат Өтемісов алдағы аудан әкімі сайлауын үлкен жауапкершілікпен, әділ және заң шеңберінде өткізу қажеттігіне тоқталып, сайлау комиссияларының маңызды саяси науқанды үлкен жауапкершілікпен атқаратындықтарына зор сенім артып, жұмыстарына сәттілік тіледі.

- Елімізде саяси реформалар қарқынды жүргізіліп жатыр. Халықтың қолдауымен Референдумда көптеген заңдарға, соның ішінде конституцияға өзгерістер енгізілді. Оның бірқатарының сайлау жүйесіне де қатысы бар.

Ең маңызды саяси оқиға аудан және облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау пилоттық жобасы іске қосылды. 5 қарашада пилоттық жобада 45 аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдері сайлауы өтеді. Оның 42-сі аудандар, үшеуі қалалар әкімінің сайлауы. Пилоттық жоба болғандықтан оның нәтижесі маңызды болады.

Басты мақсат учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері заңды жіті білуі қажет. Сайлауды үлкен жауапкершілікпен, заң аясында әділ жүргізуге атсалысуымыз керек. Сайлауға дайындық барысын білу мақсатында елді-мекендерді аралап келеміз,- деді Шавхат Әнесұлы.

Аталмыш жиында аудан әкімінің міндетін атқарушы Жасұлан Сұлтан, аудан прокуроры Алмас Таспихов, аудандық полиция бөлімінің басшысы Алмаз Елбаев, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басышыс Бекболат Бердіғалиев, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Бақытжан Жүсіпқали қарашаның 5-і күні өтетін аудан әкімінің сайлауына дайындық барысы, сайлауды заң шеңберінде өткізуді қамту, мүмкіндігі шектеулі адамдардың сайлауға қатысуына жағдай жасау, олардың сайлауға қатысуын жан-жақты қамту жұмыстары туралы баяндады.

Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Б.Жүсіпқалидың айтуынша ауданда 19 сайлау учаскесі жұмыс жасайды. Сайлау учаскелері мектеп ғимараттарында орналасқан. Дауыс беру орындарында сайлаушыларға өз деңгейінде жағдай жасалған.

Сайлауға дайындық 8

Жиын барысында сөз алған облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Хамидоллаұлы пилоттық жобада бірінші рет өтетін сайлаудың өзіндік ерекшелігіне тоқталып, негізгі талап: сайлауды қатесіз, таза, ашық өткізу екендігін алға тартты.

Сайлауға дайындық 9

№277 сайлау комиссиясының төрағасы Б.Ғарапшиев пен Қаратөбе ауылдық округінің әкімі Б.Муса сайлау барысындағы байқаушылардың жұмысы мен комиссия мүшелерінің санына байланысты сауалдарын қойды. Сауалдарға Ш. Әнесұлы тиісті жауаптарын берді. Жиналыстан соң Ш.Әнесұлы мен Ғ.Хамидоллаұлы «Қажым Жұмалиев» атындағы Қаратөбе мектеп-гимназиясында орналасқан №277 сайлау уаскесінің алдағы сайлауға дайындық барысымен танысты.

                                       Ерболат Мырзағұлұлы,

Қаратөбе ауданы 

zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале