Осыған Үкімет отырысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесі қаралғандығын хабарлаған болатынбыз.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, алдын алу және отбасыларға кешенді көмек көрсету аясында өңірлерде 68 қолдау орталығы жұмыс істейді, оның 19-ы уақытша тұратын орын ұсынады.
Мұнымен қоса, психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмекпен қатар ондағы мамандар отбасы институтын нығайтуға жан-жақты қолдау көрсетеді. Жалпы жыл басынан бері 100 мыңнан астам консультация берілді. Бүгінгі таңда осы орталықтардың қызметін стандарттау және жанұяларды тұрмысы нашар отбасылар қатарынан шығару үшін ведомствоаралық өзара іс-қимылды жақсарту үшін бірыңғай тұжырымдама жобасы әзірленіп жатыр. 2024 жылдан бастап барлық орталықтың жұмысына бірыңғай тәсілдер енгізіледі.
Сонымен қатар министр қазіргі уақытта өңірлерде ҮЕҰ дағдарыс орталықтарының жұмысын қаржыландыру, жастар арасында отбасылық құндылықтарды насихаттау, халықтың репродуктивті денсаулығын сақтау және аз қамтылған отбасылармен профилактикалық жұмыс сияқты шараларды қамтитын 156 әлеуметтік жоба іске асырылып жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрлігі агрессорлармен психологиялық жұмыс жүргізу бойынша пилоттық жобаны іске қосты, оның мақсаты – отбасыларды сақтау және тұрмыстық қылмыстар санын азайту.
Одан бөлек 16 қазаннан бастап республикада отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша «111 – AMANAT» бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығы іске қосылды. Ол арқылы жедел режимде құқықтық, психологиялық және консультациялық көмек көрсетіледі.