18.10.2023, 14:45
Оқылды: 63

Дүниежүзілік көшпенділер ойынына дайындықтың лебі де сезілмейді

Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтетін спорт инфрақұрылымдарын реттеуге еш қаражат бөлінбеген. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдаған мәжілісмен Жанарбек Әшімжан айтты, деп хабарлайды Kazinform.

DSC_0006

Фото: zhaikpress.kz

«2024 жылы V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны Астана қаласында өтеді. Бұл – әлемдік этномәдени және этноспортты, ұлттық ойындарды жаңғыртуға арналған аса маңызды аламан. Ең алғаш 2014 жылғы Қырғыз елінде өткен додада 19 елден 583 спортшы ғана бақ сынаған. Кейін бұған дүниежүзінің назары ауды. Аралықтағы ІІ, ІІІ ойындардың статистикасын тізбелеп жатпайын. Өткен жылы Түркияның Изник қаласында өткен IV Дүниежүзілік көшпенділер ойынына Латын Америка елдерінен бастап Жапонияға дейінгі аралықта әлемнің 102 елінен 3500 спортшы бақ сынады.

Көшпенділер ойындарын өткізуге берген Қазақстанның өтінімі сол V Дүниежүзілік аламанда Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясы жиынында қолдау тапқан.

«Қолдау тапты» деп айтуға ғана оңай. Әр ел өзіне қарай тартады. Көзге көрінбейтін интригалық күрестерді, таласқан тараптарды көзбен көріп, жүрекпен сезінгенбіз. Сонда Дүниежүзілік көшпенділер ойынының Қазақстанда өтуіне Мемлекет басшысының саяси беделі мен ерік-жігері тікелей көпір болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде өтетін ауқымды шараны сапалы әрі жоғары деңгейде ұйымдастыру жөнінде нақты тапсырма берді», – деді Мәжіліс депутаты.

Атап өтуінше, содан бері бір жыл уақыт өтті. Алайда, дүниежүзілік доданы ұйымдастыру жұмыстарының лебі сезілмейді.

«Мәлімет бойынша, Үкіметтік деңгейде комиссия құрылған. Басты сайыстар өтетін нысан ретінде Астана қаласындағы «Астана-Арена», «Қазанат» ипподромы, «Жекпе-жек» сарайы және «Алау» мұз сарайы бекітілген. 8 млрд теңге қарастырылған, бірақ бұл инфрақұрылымдарға емес, ұйымдастыру жұмыстарына.

Жалпы, спорт пен туризм саласында тұралап тұрған мәселе көп. Сол үшін де Мемлекет басшысы салаға қатысты проблемаларды шешу үшін Туризм және спорт министрлігін құрды. Енді сол жаңа ведомствоның сыналатын шағы. Бұған дейін өткізуге жауапты мемлекеттік орган тиісті процедураларды өз деңгейінде ұйымдастыра алмай жатыр. Тиісті мемлекеттік органның салғырттығы салдарынан қалалық әкімшілікке инфрақұрылымды реттеуге бір тиын қаржы бөлінбеген. Ал Астана қаласы әкімдігі Үкімет жаққа жалтақтаумен дәрменсіздің күйін кешуде», – деді Жанарбек Әшімжан.

Депутат дүниежүзілік дода 2024 жылдың қыркүйегінде өтетіндігін еске салды.

«Тура 11 ай қалды. Алда қылышын сүйретіп қыс келеді. Ақтүтек боран, саршұнақ аязбен алысып тағы 6 ай өтеді. Негізгі шаралар өтетін «Қазанат» ипподромында 10 мың адамға қызмет ететін нысан құрылысы жүріп жату керек еді. Өзге де спорттық нысандардың күрделі жөндеу жұмыстары, реконструкция, басқа да жұмыстары тоқтап тұр. Және атшабарға жапсарлас этноауыл жоспарланған. Күні кеше аяқтай барып көрдік. Өлі тыныштық. Қазірдің өзінде Көшпенділер ойынына қатысуға 20 спорт түрі бойынша 73 ел өтініш берген. Демек, 100-ден аса елден 3000 аса спортшы қатысады деп жоспарлануда», – деді ол.

Жанарбек Әшімжан спорттық жарыстарды тарататын транслиция тақырыбы әлі жабық күйінде екендігін де баса айтты.

«Өткен жылғы Дүниежүзілік көшпенділер ойынын әлемнің 70-ке жуық мемлекеті тамашалаған. Ақпарат таратуға шетелдік БАҚ-тың 800-ден аса өкілі келген. Олардың арасында 57 телеарна, 16 радиостанция, 87 ақпараттық агенттік пен 48 басылым өкілі және 70-тен аса танымал блогер болған. Қысқасы, шаруа шаш-етектен. Ұлттық спортты дамытуда «Аманат» партиясы бірнеше бағытта жүйелі жұмыстар істеуде. «Ұлы дала жорығы» – осының айқын дәлелі!», – деді Мәжіліс депутаты.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале