19.10.2023, 17:15
Оқылды: 44

Тақтайдай тегіс жолдармен...

Журналист болғасын жерде көбірек сапарлайтынымыз рас. Әсіресе, өзге аудандарға шығып тұру әдетке айналды. Ондағы ой – көршілес аудандар мен өзің ауасын жұтып, суын ішіп отырған ауылдың тыныс-тіршілігін іштей салыстыру. Қай жерінен алда, қай бағытта кем қалып келе жатқанымыз сонда байқалады. Әсіресе, тас жол мәселесі. Көп ауданға арман болған ауылішілік жолдардың салынуыТасқала ауданында ойдағыдай іске асырылуда. Соның бірі Мерей ауылдық округі екенін естіп-білдік. Осыны көзбен көрмекке деп, жұмыс қағаздарын жиып тастап, Мерейге жол тарттық. Көше бойынан жолыққан округ әкімі Орынбек Насимуллин әуелі ауылды аралап көрсетті. Жалпы бұл ауылдың кіреберісінен бастап жаңа үйлер салынып, келбеті жаңарып-ақ келеді екен.

мерей 2

 - Жалпы, жол құрылысы бес шақырымға жоспарланған еді. Ауылішілік жеті көшеге жол салынып жатыр. Қазіргі уақытта тас жол төсеу жұмысы қарқын алды. Оны «ТОБИ» ЖШС компаниясы екі жыл мерзімдік жоспармен жүзеге асыруда. Ауыл ішіндегі басқа да ғимараттар күрделі жөндеуден өтіп, халыққа қуаныш сыйлады. Соның бірі – мектеп. Ауыл мектебінің жаңаруы жастарымызбен қазіргі уақытта білім алып жатқан оқушыларымызға әбден керек-ақ. Ішіне жиһаздар алынып, күннен-күнге сәні кіріп келеді. Жылыту қазандықтары да дайын. Ауыл ішіндегі «Айгөлек» бөбекжай-балабақша кешеніне жаңадан модульді жылыту қазандығы сатып алынды. Сонымен қатар Тоғайлы мен Айнабұлақ елді мекендеріне балаларға арналған заманауи жаңа ойын алаңы салынды. Сондай-ақ биыл Мерей ауылында жаңа ойын алаңы бой көтерді.

мерей 3

Ол ауылдың орталық көшесінің бірінде орналастырылды. Айнабұлақ елді мекенінде жаңадан фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Өркен елді мекенінде модульді су тазартқыш блогы мен тегін интернет таратқыш спутниктік тарелкалар қойылды. Мәдени-спорт орталығы бой көтеруде. Бұрын ескі, әбден тозығы жеткен ғимаратта мәдени іс-шараларды өткізе беретінбіз. Жаңадан еңсесін көтеріп келе жатқан аталмыш ғимарат мерейліктерге алдағы уақытта көп жыл қызмет көрсетеді деген сенімдеміз. Қазіргі ауыл әкімі аппаратының отырған ғимараты да ескі заманғы нысан. Шынына келсек, тозығы жетіп тұр. Бұл ғимаратта балабақша, «Қазпошта», полиция учаскесі, жатақхана мен ауыл әкімі аппараты орналасқан. Кезінде, 2018 жылдары жобалықсметалық құжаты жасақталған. Бірақ ережеге сәйкес оның уақыты өтіп кетті. Енді ол жұмысты қайтадан қолға алу керек. Алдағы уақытта аталған ғимаратты да жаңартып алу ойымызда бар. Айнабұлақ елді мекеніне биыл қазақстандық телекоммуникациялық «КарТел» ЖШС-ның көмегімен «Билайн» ұялы байланысы орнатылады. Мектептегі бала санынан ешқандай қорқыныш жоқ. Мектеп жанынан жатақханамызда бар. Жатақхана 25 оқушыға дейін қабылдай алады. Оқушылар Айнабұлақ, Тоғайлы және Өркен елді мекендерінен келіп, жатақханаға орналасады. Жалпы айтқанда, Мерей ауылының болашағы жарқын. Қысқы дайындығымыз да жақсы деп айтуға болады. Биыл шөптің шығымы шамалы болды дегенді жеке шаруалар атап өткен болатын. Дегенмен мал ұстап отырғандар қорасын малдың қысқы азығымен толтырып үлгерді. Ол жағынан ешкім шағым айтып келмеді. Ал егістікке келсек, шығымы ойдағыдай болды. «Ауыл аманаты» бойынша бұл жобаны пилоттық бағытта ерте бастап кеткен ауылдың бірі екенімізді мақтанышпен айта аламын. Осы кезге дейін 25 өтініш түссе, оның 16-сы қанағаттандырылды. Олар қаржысын алып, ісін әрі қарай ойластыруда. Оның ішінде сүтті бағыттағы ірі қараны ауылға әкелу жөнінде Ақтөбе және көкшетаулық шаруалармен келісім жүргізіп жатырмыз. Алдағы жылы бау-бақша кәсібін дамытамын дегендер болса, құба-құп. Қуанар едік. Негізінен ауылымыз әртүрлі бағытта дамыса екен деген тілегім бар. Тек мал шаруашылығы емес,құс, балық, сүт, бау-бақша, егін, салондар немесе тағы басқа салалар дамыса, алдағы уақытта алыстан ештеңе іздемейтін болар едік. Осы оймен жыл басында Тараз қаласына барып, тәжірибе алмасып келдік. Мысалы, бізде тек 16 адам «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға құлық танытса, тараздықтар 100- 150-ге дейін өтініш білдірген. Ол дегеніміз – халықтың ауылды бірігіп дамытуға септігі мол деген сөз. Барлығы бір кооперативке бірігіп, шаруасын дөңгелетіп отыр. Бізде осындай дәрежеге жетіп, ауылды одан әрі түлетсек, нұр үстіне нұр, – дейді Мерей ауылдық округінің әкімі Орынбек Жамбылұлы.

мерей 1

 «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген атам қазақ. Ауыл әкімінің сөзіне қарасақ, жоспары көп екен. Тек оны орындау уақыт еншісінде. Мерейліктердің мерейі үстем болып, жоғарыда аталған шаруалар біртіндеп өз кезегімен іске асса, Мерей ауылының жайнап сала берері сөзсіз. Ауылішілік жолдардың төселуі мерейліктер үшін аса маңызды еді. Ол да қазіргі таңда қолға алынып, игі іс басталып кетті. Бұйырса, келесі келгенде тақтайдай тегіс жолдармен ауыл ішін аралаймыз деген сеніммен Тасқалаға жол тарттық.

 Темірболат Әнуарұлы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале