20.10.2023, 23:19
Оқылды: 48

Абылайхан Алшынбаев: "Жол сапасына мән бермей, жұмыс алға баспайды"

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл жария еткен "Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары" атты Жолдауында аутокөлік жолдарының құрылысы мәселесі шешімін табуға тиістігін айтқаны мәлім. "Қазір оның сапасы сын көтермейді. Тиісті жұмыстар уақтылы және сапалы жасалмайды. Жемқорлық белең алып тұр, бәсеке де жоқтың қасы. Мұның бәрі – осы салада әбден тамыр жайған кемшіліктер. Сондықтан жыл соңына дейін нақты шаралар қабылдау қажет. Міндетін адал атқармаған барлық компания заң бойынша жауапқа тартылады. Бұл мәселеге мен баса назар аударамын. Бақылауды күшейтіп, жаңа нормативтік құжаттар қабылдау керек", деп атап көрсетті. Осыған орай тілшіміз "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" РМК Батыс Қазақстан филиалының директоры Абылайхан Алшынбаевпен сұхбаттасқан едік.

IMG-20231020-WA0078

- Абылайхан Ерболұлы, сіздің ойыңызша, аутокөлік жолдарының құрылысы неліктен ойдағыдай емес, не себепті жемқорлық белең алып отыр? Салада тамыр жайған кемшіліктерді жою бағытында не атқарылуы тиіс деп ойлайсыз?

– Иә, өкінішке қарай, ондай олқылықтар бар. Дегенмен, "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" республикалық мемлекеттік кәсіпорнында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Мәселен, сапа орталығы бұған дейін «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы басқару жүйесі» халықаралық стандарты бойынша сертификатын алды. Сонымен қатар кәсіпорынның 30 шақты қызметкері ISO 37001:2016 сәйкес «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент жүйесін әзірлеу» сертификаттарына ие болды. Жыл сайын осы келеңсіз құбылыстың себептері сараланып, жемқорлық тәуекелдеріне талдау жасалады. Сонымен қатар оны түпкілікті жою, қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін арттыру бойынша да іс-шаралар өтіп тұрады. Зертханалық сынақтар цифрлық жүйеге көшіріледі. Жемқорлық тәуекелдері жоғары нысандар бейнебақылаумен қамтылады. Бұл да сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған нақты қадамдардың бірі деп есептейміз.

– Ұзақ жыл бойы айтылып, жазылып, әбден жауыр тақырыпқа айналған Казталов – Жәнібек – РФ шекарасы және Өнеге – Бисен – Сайқын аутожолының құрылысы ұзаққа созылып кетті. Бұған байланысты Мемлекет басшысының арнайы тапсырма бергені мәлім. Биыл аталмыш жолдың астыңғы төсемін бітіріп, келесі жылы толық аяқтау көзделуде. Бұған байланысты не айтасыз?

– Иә, жиі сынға ұшырап жүрген Батыс Қазақстан өңіріндегі жол құрылысына, оның сапасына қатысты мәселе өзекті екені рас. Дегенмен, дәл қазіргі уақытта республикалық маңызға ие Өнеге – Бисен – Сайқын аутожолының құрылысы жүріп жатыр. Өзіңіз айтқандай, биыл төменгі төсемін толықтай аяқтау көзделген. Келесі жылы құрылыс жұмыстары аяқталады. Бұл бағытта 245 шақырымның көпшілік бөлігі жаңа асфальтпен қамтылды. 31,9 шақырымдай қалды.

– Бұл жұмыстарға жеткілікті қаражат бөлінді ме?

– «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ мәліметіне сүйенсек, екі жоба бойынша биыл 31,5 млрд теңге бөлінген. Су өткізгіш құбырлар мен көпірлердің құрылысы аяқтала келді. Мал айдау өткелдерін салу жұмыстары толығымен мәресіне жетті.

Сонымен қатар жаңа асфальт төселіп, қозғалыс қамтамасыз етілді. Оларды таратып нақты айтар болсақ, Өнегеден Бисенге, Сайқыннан Хан ордасына баратын жолға дейін, сондай-ақ Күйгенкөлден Жәнібекке, Казталовтан Ащысай өзені арқылы өтетін көпірге дейін, Ащысайдан әрі қарай тағы 15 шақырымға жол салынды. Жыл басынан бері 32 256 вагон келіп, 2,2 млн қиыршықтас тасымалданды. Қазіргі уақытта инертті материалды тасымалдауға 1 800-ге жуық вагон тартылды. Аймақтағы тағы бір іргелі жоба Подстепный – Теректі аутожолының құрылысы былтыр басталды. Екі шеткі лот бойынша жұмыс жүріп жатыр. Биыл 17 шақырым жол салынды. Аяқтау мерзімі – 2025 жыл.

– Батыс Қазақстан облысында республикалық жолдар құрылысының сапасын бақылау барысында қандай кемшіліктер анықталды, кінәлілерге қандай шара қолданылды?

– Біздің «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК БҚФ қызметкерлері жыл басынан бері жолдарды 300 рет тексеріп, мыңға жуық сынама алды, оның ішінде 370 сынама талапқа сай келмеді. Осы тексеру барысында 100-ден аса ақаулық анықталып, жауапты мекемелерге 250 ұсынымхат жолданды. Жалпы, кәсіпорнымыздың атауы айтып тұрғандай, біздің ең басты назар аударатын нәрсеміз, ол – сапа мәселесі. Егер мердігерлер өз міндеттемелеріне салдыр-салақ қарамай, барлық жұмысты жауапкершілікпен атқарса, өңір жолдары да сапалы салынар еді. Ол, сайып келгенде, аймақ тұрғындарының сапалы өмір сүруіне, әлеуметтік ахуалының арта түсуіне оң ықпал етер еді. Сондықтан біз де күні кешегі Президент Жолдауынан оң өзгерістер күтеміз. Жолдауда біздің салаға қатысты өте маңызды өзгерістер туралы айтылды. Соның бірі – ҚР Көлік министрлігінің өз алдына бөлек ведомство ретінде құрылуы.

Жолдауда осы министрліктің құрамындағы жол құрылысы саласына зор жауапкершілік жүктеліп отырғаны атап өтілді. Біз, яғни «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК қызметкерлері күнделікті қызметіміз де Жолдау жүктеген барлық тапсырмалардың дер кезінде әрі сапалы орындалуына барлық күш-жігерімізді саламыз. Оған барлық жағдай бар. Тек, әрқайсысымызда жақсы жолмен жарқын өмірге қадам бассақ деген ықылас-ниет пен жауапкершілік болуы тиіс деп есептеймін.

– Әңгімеңізге бек рақмет. Жол сапасын жақсарту жолындағы істеріңізге сәттілік тілеймін.

Сұхбаттасқан Ғайсағали Сейтақ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале