Көпшілдік қанымызда бар қасиет. Ас салып, қонақ күтуден шаршаған қазақты, шыны керек, әлі күнге дейін кездестірген жоқпын. Біздің отбасы да сондай. Біреу келсе әкем қуанып, анам қазанын құшақтап алақайлап әлек. Үйдің балалары да келген кісіге мәз-мейрам боламыз.
2000 жылдардың алғашқы онжылдығын біздің отбасы Ақсайдағы «вахта» деп аталатын бірнеше жатақхананың біразында өткізген. Вахта туралы бұған дейін де жазғанмын...
Шамамен 20-30 метрге созылған бір қабатты ғимараттың бірнешеуі қаланың оңтүстік аумағында салынған. Қандай мақсатта, қашан салынғаны белгісіз, бірақ бүгінгі күнге дейін кей «вахталар» сақталған. Ақсайдағы компаниялар сатып алған жатақханада қазір жұмысшылар тұрақтайды. Ал ол кезде біз секілді қалаға жаңадан қоныс аударған отбасыларға пана болған. Мен дүние есігін ашарда көшіп келген жас отбасы үшін бұл таптырмас тұрақ-жай еді. Ес білгелі ай сайын 7 мың теңгеден басталатын пәтерақы соңғы 2010 жылдары 15 мың теңгеге дейін жетті. Бір вахтада шамамен 20-25 отбасы бөлме жалдайтын-ды.
Шынтуайтында, осы бір вахта нағыз көпшілдердің жиналған ортасы болған секілді. Жұрт жаппай жер алып, үй салып жатқан кезде біраз адам осы вахтада тұруды жалғастырған. Соның ішінде біздің отбасы да құдай қосқан көршілерін қимай, жер үйге көше алмай жүрді. Міне, сол уақытта біраз қызықты күнді бастан кештік. Кіп-кішкентай бір бөлмеге жаздың күні бөлелерім көп келетін. Ол күндерді ұмыту мүмкін емес. Төргі жақтан бастап есікке дейінгі жерде қаз-қатар тізіліп ұйықтаймыз. Ең шетте анам мен есіктің дәл қасында әкем жатады. Себебі әкем таңмен жұмысқа барады, ал анам шайын береді. Қалай екені белгісіз, әйтеуір аядай жерде екеуі таңғы ас ішуге де орын табатын, біз де шырт ұйқыда жататынбыз.
Бөлелер келгендегі бар қызық – Ақсайды аралау. Бала кезден туған қаласын жақсы көретін мен қалада «қонақтарды» қыдыртқанды қызық көремін. Балалығыма қарамастан қаладағы әр нысанды ерекше шабытпен, кеудемді мақтаныш сезімі кернеп тұрып таныстырамын. Тіпті білместікпен қосып айтқан кезім де бар. Бірақ ол туралы кейінірек. Әзірге сол кездегі Ақсайдың көрнекі жерлері туралы...
Ең бірінші баратын жеріміз - мұражай. Кіру ақысы небәрі 20 теңге тұратын мұражайға күнде баруға дайын едім. Оның ішіндегі теміржол макеті, Қарашығанақ кен орнына арналған көрме біз үшін ерекше еді. Ал қасқырдың тұлыбының (чучело) жанында суретке түсуден ешқашан шаршамайтынбыз. Бұл күндіз баратын орнымыз.
Кешкілік, әкем жұмыстан келген уақытта Жәңгіров атындағы паркке барамыз. Сол кездегі дүркіреп тұрған саябақиһта бірнеше аттракцион болатын. Үлкендер жағы «магнит», «цепная карусель» секілді «қауіпті» әткеншектерге мінеді. 5-6 жастағы мені тек балаларға арналған, жай жылдамдықпен айналатын әткеншекке мінгізетін. Тіпті «Өскен соң магнитке мінемін» деп армандағаным да жасырын емес. Тәтті мақтаға тойып алып «ТИР» атуға барамыз сосын. 10 оғы 50 теңге тұратын тирда нағыз мергендер сайысы болады. Кейде балалармен жарысып әкем де мылтық ататын.
Барлығы болған соң «Салтанат» дүкенінен тәтті тортымызды алып, кешкі шайға анау-мынауымызды жиып, үйге қайтамыз. Ертеңгі күні тағы бір баратын жер бар. Қолымызға анамның сеніп тапсырған телефонын алып «Вестерн» деген мейрамхананың ауласына барамыз. Оның ауласында орналасқан «Бәйтерек», «Эйфель мұнарасы» мен «Алтын қақпа» мосты секілді әлемдегі алпауыт нысандардың макетімен суретке түсеміз. Міне, осы жерде бір қызық болды...
– Мынау Эйфель мұнарасы, – дейді менен үлкен бөлем.
– Иә, біздің Ақсайдағы мұнара ғой, – деймін Эйфельдің не екенін білмейтін мен.
– Қайдағы Ақсай, бұл Парижде, – дейді ол күліп.
Дәл осы кезде әлі әлем түгіл Қазақстанның географиясын оқымаған мен қызыл кеңірдек болып әлгі макет Ақсайдағы мұнара екенін дәлелдеп әлекпін. «Шын, біз оған барып көрдік. Айналасы темір қоршаумен қапталған. Біздің үйдегі теледидар сол арқылы істейді. Ауласында өсетін шиені ұрлап жеуге барғанбыз», – деген жерімнен тоқтадым.
Бізден әріректе орналасқан телемұнараға барғанымды білген ағам жақсылап «тәртіпке» салды. Ал мен болсам оның бірде-бір сөзіне мән берген жоқпын. Өйткені әлгі Эйфель мұнарасы біздің Ақсайда екенін дәлелдегім келіп әлек.
Кейін, мектепке барған соң білдік қой Париждің де, Эйфельдің де не екенін. Дегенмен сол кездегі бала менің өзімнің туған қалама деген махаббатым әлі күнге дейін өшкен емес. Менің Парижім атанып кеткен қаланың жыл сайын жаңашыл кейіпке еніп, дамығанын көріп қуанамын. Бала кезде үлкен қаладан келгендер «Мегадағы» ойын-сауық алаңын, «BabyLand-пен» мұз айдынын , айтса, мен сол жылдардағы «Рахат» базарында орналасқан «Ролик» орталығымен мақтанатынмын. Ал Ақсайда кинотеатр ашылған жылдары іштей «Енді не дер екенсіңдер?!» деген мақтаныш сезімі кернегені жасырын емес. Қазірдің өзінде біреу Ақсайды «ауыл» десе атып тұрып, қала екенін дәлелдеп, «Менің Парижімнің» келбеті мен көркін тізбектеу әдетке айналған. Ұтылып бара жатырсам мұнаймен «мат» қоятыным тағы бар. Қайтейін?!. Бұл менің туған қалам, менің Парижім ғой...
Аслан Нұразғалиев,
Фотоға түсірген: Бауыржан Өтепов
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz