27.10.2023, 9:30
Оқылды: 61

Буллинг – әлеуметтік дерт

Жақында Орал қаласындағы  №20 орта мектепте «AMANAT» партиясы «Жастар рухы» жастар қанатының бастамасымен «Буллинг   және  оның алдын алу» тақырыбында психологтер, тәртіп сақшылары  мен жоғары сынып оқушылары арасында кездесу өтті.

woman-1006100_1280

Фото: pixabay.com

Бүгінде жасөспірімдер әлеуметтік желілерге тіркеліп, әртүрлі форумдарда түрлі тақырыптарды белсенді түрде талқылайды. Оқушылардың бірқатары YouTube-те өз арналарын жүргізеді және Instagram-да парақшалары бар. Бұл – шексіз  ақпарат әлемі. Мұнда бала өзін дамыту үшін көптеген қызықты, пайдалы мағлұмат таба алады. Виртуалды әлемде пайдалы ақпараттардан бөлек, зиянды, теріс бағытқа итермелейтін ақпараттар легі де жетерлік. Мәселен, есірткі мен алкогольді насихаттау, интернет-алаяқтық, экстремизм, құмар ойындарға тәуелділік, қорқыту, троллинг, моббинг, фишинг және тағы басқасы.

«AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының БҚОФ төрағасы Архат Исламғали осы тақырыптағы кездесулер топтамасының бірінші жоспарлы кездесуі екенін атап өтті.

– Дүние жүзінде әрбір үшінші оқушы құрбылары мен  сыныптастары тарапынан қорқыту мен зорлық-зомбылықты  бастан кешіреді. Олардың көпшілігі бұл қорқынышты ұмытып кетпейді. Уақыт өте келе, үрей, қорқыныш сезімдері психологиялық жарақатқа айналуы мүмкін. Сонымен бірге әлеуметтік желілерде кибербуллинг қарқын алуда. Бұл мәселені үнсіз қалдыруға болмайды. Балалар өзін келеке қылып, эмоционалды жолмен   зорлық-зомбылық көрсеткен жағдайда қалай әрекет ету, кімнен көмек сұрау керектігін білгені жөн,  – дейді Архат Исламғали.

Биылдан бастап балалар мен жасөспірімдер қорқытуға байланысты өз проблемалары туралы QR код арқылы белгі бере алатын «Буллингке жол жоқ»  жобасы іске қосылды. Бұл жобаның мақсаты – зорлық-зомбылықпен күресу және балалар мен жасөспірімдердің эмоционалдық  және психологиялық саулығын қолдау. Егер қорқыту орын алса,  оқушы смартфон камерасын QR кодқа бағыттау немесе сілтемені пайдалану  арқылы белгі бере алады.

– Бұл жоба психологтармен және басқа мамандармен қарым-қатынас жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ата-аналар мен мұғалімдердің сыныпта немесе мектепте қорқыту проблемасы туралы хабардар болуына ықпал етеді. Мектепте орнатылған  QR кодтар оқушылар мен олардың ата-аналарына қорқыту  орын алғанда прокурорлармен тікелей байланысуға мүмкіндік береді. Хабарламалар анонимді  түрде толық құпиялылықты қамтамасыз ете отырып, Орал қаласы прокуратурасының Telegram арнасының сенім телефонына жіберіледі. Жоба іске қосылғаннан бері 5 хабарлама келіп түсті. Біз оны тексердік, бірақ қорлау дерегі  расталмады. Бір оқиғада  мектеп оқушыларының полицияға қорқыту туралы арыз жолдап, бір-бірімен әзілдескені белгілі болды. Балаларға бұл  жай ғана ойын сияқты көрінгенімен, қорлау дерегін тексеруге полиция қызметкерлері, прокурорлар, мұғалімдер, психологтер және басқа да адамдар тартылды. Оқушылардың ата-аналарына балалардың жалған хабар бергені үшін ҚР ӘҚБтК-ның 438-бабы бойынша айыппұл салынды, – дейді Орал қаласы полиция басқармасы  Зашаған полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Ақтоты Кушкинова.

Оқушылармен кездесуде БҚО әкімдігі қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім»  КММ татуласу орталығының психологі Әйгерім Малахова, «IT Group Kazakhstan»  ЖШС-ның  директоры Айжан Сабурова балаларға қорлаудың  түрлері және мұндай жағдайда қалай әрекет ету керектігіне тоқталып, буллинг, кибербуллинг  жөнінде   мәліметтер берді.

Зорлық-зомбылықсыз білім беру құндылықтарын насихаттау,  мектептегі буллингтің  алдын алу және жоюдың тиімді жолдарын үйрену, мектепте балаға қауіпсіз орта құруды мақсат еткен
кездесуде оқушылар мамандарға сұрақ қойып, кеңес алды.

 

Гүлжамал  Жолдығали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале