Бәйтерек ауданының Көшім ауылдық округінде «Әке асқар тау» атты әкелер форумы өтті.
Үлкен Шаған мектеп-бөбекжай-балабақша кешені мен ауылдық клуб ұйымдастырған іс-шараға округтағы жиырма шақты әке қатысты.
Қоғамдағы, отбасындағы әкенің беделін көтеруді мақсат тұтқан форум «Қазынаның қадірін біл» атты бейне роликпен ашылды.
Кешті жүргізген аталмыш білім ұясының мұғалімі, аудандық маслихат депутаты Думан Шанов отбасының тірегі әкенің орнына ештеңе тең келмейтінін, ер баланың жеке тұлға болып қалыптасуында әкенің рөлі ерекеше екенін атап өтті.
Еркін микрофон форматында ұйымдастырылған шарада ұзақ жыл бойы Көшім ауылдық округі әкімдігінде қызмет атқарған Сағидолла Құмарұлы, ардагер ұстаз Оразғали Үмбетұлы сынды аға буын өкілдері жастарға тағылымды әңгімелер айтты.
Форумға арнайы келген аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр егемендік алғалы жеткен жетістігіміз бен қатар әттегенайларымыз да жоқ емес екенін айтты.
- Елімізде өте білімді жастар, түрлі салада тең құрбысының алды болып жүргендер бар. Солардың ішінде иін қандырып өз тілімізде әнгіме айта алмайтыныны ащы да болса да шындық. Ұлттың уызына жарымаса, ол өз еліміздің тілін, дінін, мәдениетін, салт-дәстүрін қайдан біледі? Бала қай тілде білім алса, сол елдің сойылын соғып, өз ұлтына жаны ашымауы мүмкін. Ұлттық тағамдарымыздың 500-ге жуық түрі бар екенін бірі білсе бірі білмейді. Қазіргі балалар соның онын атай ала ма, соның ең болмаса бесеуін жеп жүрме ол жағы тағы белгісіз. Ұлтқа жанашырлық деңгейінің қандай екенін осыдан-ақ ойлай беріңіз. Егер отағасының өзі бас болып жанұясында ұлттық құндылығымызға жіті мән берсе, ол жемісін береді, - деді Нұржан Тоғызбайұлы.
Көшімде үлгілі әкелер аз емес. Әке жолын қуып жүрген жандар да жеткілікті. Соның бірі - Аяла Төлеуғали. Кеш барысында ол әкесі Артур Мерғалиевпен «Аққу арман» әнін орындады.
Форум соңында Көшім ауылдық округінің әкімі Ауған Алмурзин мен Үлкен Шаған мектебінің директоры Дария Ғиылманова кеш қонақтарына ойларын ортаға салғандары үшін рахмет айтып, Алғыс хаттармен марапаттады.
Эльбрус Қарекенов,
Бәйтерек ауданы