27.10.2023, 14:45
Оқылды: 36

Егіншіліктің еңбекторысы

Сырым ауданында ел ырыздығын еселеу бағытында тер төккен азаматтар қатары баршылық. Ауыл шаруашылығы саласында қажырлы еңбек еткен агроном, бүгінде зейнеткерлік демалыстағы Асан Семғалиев – сондай азаматтардың бірі.

73f6f6b6-9e28-403c-9dea-c7cd1fb3c3d4

Асан Бәйтімұлы – Қаратөбе ауданына қарасты Қалдығайты ауылының тумасы. Орта мектепті аяқтаған соң, Қалдығайты кеңшарының №3 бөлімшесінде еңбекке араласты. Кеңес әскері қатарындағы азаматтық борышын абыроймен өтеп келді. Ауылдағы жасы үлкен жанашыр ағалардың жол нұсқауымен  Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтына оқуға түседі. Агроном мамандығын алып шығады. Жас маман қолына дипломын алысымен, жолдамамен ауылға тартады. Оның  агрономдық еңбек жолы бұрынғы Жымпиты ауданы (қазіргі Сырым) ХХІІ партсъезд кеңшарындағы егістік бри­гадасында басталды. Одан әрі бөлімше және тұқым шар­уашылығы жөніндегі агроном, Абай кеңшарында, «Көктөбе» ЖШС-ның бас агрономы қызметтерін атқарды.

Заман ағымына сай Асан Семғалиев «Бәйтім» шаруа қожалығын құрып, тары, арпа, бидай дақылын өсірді. Егіншілікпен айналыса жүріп, өнімдерді қамбаға тасымалдау, техникаға қажетті жанар-жағармай, қосалқы бөлшектер сатумен айналысты.

Асан Бәйтімұлы 2005 жылдан бастап аудандық аумақтық инспекциясында тұқым шаруашылығы жөніндегі мемлекеттік инспектор қызме­тін атқарды. 2015 жылы зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін  кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінде бас маман, статист мамандығы бойынша қызмет атқарып, жастарға ақылшы аға бола білді.

Дала төсіндегі диқандармен бірге маңдай терін төгіп, еңбек еткен Асан Семғалиевтің еске алатын шуақты сәттері баршы­лық. Айталық, кеңшарды басқарған директорлар Жамбыл Есенғалиев, Есмадияр Жұмабаев, егіс бригадасының бригадирі Ынтазар Қайырбаев, бас агроном Яков Гаас, тағы басқа да еңбек жампоздарымен қызметтес болған жылдары әсте ұмытылмақ емес. «Егістік алқаптарынан мол өнім алу үшін жерді жырту қажет. Қыста қар тоқтату, ауыспалы егістік танаптарын қолдана білу мол өнім алуға басты кепіл болмақ. Мысалы, марқұм Жамбыл Есенғалиев кеңшар директоры болған жылдары Талдыбұлақ өңірінде 20 мың гектар егістік алқап (бөлімшелерде 12 000 га) болды. Өзім осы өңірде сегіз жылдай агроном болдым. Осы кеңшарда алты табын ірі қара мал бағылды. Малдың сүттілігін, қоңдылығын арттыру мақсатында 400 гектар алқапқа жүгері дақылы егілетін. Сол кездері егілген жүгерінің әр гектарынан 100 центнерден, күздік бидайдың гектарынан 40 центнерден өнім алынушы еді. Бұл – үлкен жетістік. Ол жылдары жүгері сүрлемі тек қана «Правда» газеті атындағы және «Талдыбұлақ» кеңшарында дайындалатын. Ал  жүгері сүрлемін қолданған малдың сүтті, етті болатыны айтпасақ та белгілі жағдай.

«Басты айтарым, сол кездері зор еңбекпен жиналған дәнді дақылды шашау шығармай, жауын-шашынға ұрындырмай жинап алуға күш салатынбыз. Атқарылған жұмыс, төгілген маңдай тердің өтеуі де болды. Түрлі деңгейде марапат та алдық. Еңбек озаттарының сапында Германияға саяхаттауға тегін жолдамаға ие болғаным жадымда», – деді Асан Бәйтім­ұлы.

Еңбек ардагері Асан Семғалиев 40 жыл бойғы тынымсыз еңбегіне орай Құрмет грамотасымен, алғысхаттармен марапатталды, бағалы сыйлықтарға ие болды. Сондай-ақ ол – «ҚР Ауыл шаруашылығы ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің «Құрметті ардагер» төсбелгісінің иегері.

Мүсірбек Айташев,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале