Бәйтерек аудандық аумақтық сайлау комиссиясының отырысы өтіп, онда Мичурин ауылдық округі әкімін сайлауын тағайындау жайы кеңінен сөз болды.
Оған аталмыш сайлау комиссиясы мүшелерінен басқа «АМАNAT» партиясының аудандық филиалының, «Ауыл тынысы» газеті редакциясының өкілдері қатысты.
Жиында мәлім болғандай, аталмыш сайлау комиссиясының №38 шешімімен Мичурин сайлау округі құрылса, №39 шешімімен 2023 жылдың 10 желтоқсанына сайлау тағайындалды. Осынау шешімге сәйкес бекітілген күнтізбелік жоспарға бойынша сайлауға қатысты жұмыстар жүргізілмекші. Мичурин ауылдық округінің әкімі болуға үміткерлер 2-14 қараша аралығында құжаттарын ұсына алады. Үміткерге қойылатын біліктілік талаптары мен қажет құжаттар тізімі аудандық «Ауыл тынысы» газеті мен аудан әкімдігінің сайтында жарияланды.
Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Радик Ихласов атап өткендей, Мичурин – аудандағы үлкен округтің бірі. Мұнда 6 сайлау учаскесі жұмыс істейтін болады. Айта кету керек, аудан көлемінде ең көп сайлаушы осында, яғни округ аумағында шамамен 6,5 мыңнан аса сайлаушы бар.
Серік Маратұлы,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz