Мейрамбек Омарғалиев биыл Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында гір спортынан өткен Азия чемпионатында көк туымызды желбіретіп, чемпион атанды.
Бар ғұмырын Бөкей ордасы спортының дамуына арнаған алып күш иесі, аудан орталығындағы №53 сайлау учаскесіне келіп, таңдауын жасады.
Жиырма жылдан астам уақыт гір спортын жанына серік еткен Мейрамбек ағамыз талай мәрте облыс, бірнеше мәрте ел чемпионы атағына қол жеткізді.
50-54 жастағы ардагер гір көтерушілер арасында бақ сынайтын Мейрамбек Омарғалиев аудан тұрғындарының қолдауына ие болған жаңа әкім жұмысына ерекше жауапкершілікпен қарайтынына сенімді.
- Спортшы болған соң ел сенімі, көптің қолдауының қаншалықты күш беретінін білемін. Ал білдей аудан халқының қолдауына ие болу адамды тіптен жігерлендіре түсері сөзсіз. Биыл алғаш рет пилоттық режимде қолға алынған аудан әкімдерінің сайлауы азаматтық қоғам дамуына ерекше серпін береді, - дейді спортшы М. Омарғалиев.
Одан бөлек сайлауда қол күресінен Азия чемпионатының қола жүлдегері Алманияз Қаналиев те таңдауын жасады.
Түгелбай Бисен,
Фотоға түсірген Замир Габдрахманов
zhaikpress.kz